Жаңалықтар

 «T2T Networking» жобасының мақсаты қандай?

ашық дереккөзі

 «T2T Networking» жобасының мақсаты қандай?

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымдарының бастамасымен қолға алынған «T2T Networking» жобасы Қызылорда облысындағы мектептерге таныстырылды. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады. Қыздар университетінің базасында құрылған Қазақстанның жас педагог-ғалымдары қауымдастығының ұйытқы болуымен қолға алынған бастама орта білім беру саласында басшылық қызмет атқаратын университет түлектері мен еліміздің педагогикалық жоғары оқу орнындағы жас ғалымдардың ортақ диалог алаңын құрып, ауылдық мектептердің ғылыми-педагогикалық әлеуетін көтеруді мақсат тұтады. – Жастар жылы мен Қыздар университетінің 75 жылдығы аясында қолға алынған жобаның көздеген мақсаты мол. Бұл бастама – оқу орны түлектерінің бәсекеге қабілеттігін арттырып, олардың жұмыспен қамтамасыз етуіне ықпал жасайды. Сонымен қатар педагогтардың кәсіби әлеуетін жетілдіреді және білім беруде жаңа технологияларды қолдануды дамытады. Біздің оқу орны студенттерінің басым бөлігі ауылдық мектептердің түлегі екендігін ескеретін болсақ, аталған білім ұялары жаңа білім беру бағдарламаларын толыққанды меңгеріп, жете танысқаны өте маңызды, – дейді жоба авторлары. Өңірге жасаған сапар аясында жас ғалым-педагогтар Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде ұйымдастырылған «Заманауи ғылымның болашағы – жастардың қолында» тақырыбындағы республикалық жиынға қатысты. Алқалы кеңеске Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің, «Болашақ» университетінің де жас ізденушілері қатысып, саладағы түйіткілді мәселелерді талқылады. Басқосу барысында Қыздар университетінің PhD докторы Жұлдыз Базаева «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйретудің инновациялық әдістері», аға оқытушы Гүлмира Маханова «Қолданбалы қолөнер», ғылым магистрі Қайырден Баетов «Математиканы ағылшын тілінде оқыту», оқытушы Шынар Асылбекова «Білім беру жүйесінде электронды ресурстарды пайдаланудың тиімділігі» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді. Жиын соңында Қазақстанның жас педагог-ғалымдары қауымдастығы мен «Болашақ» университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатта бірлескен білім беру бағдарламаларын, оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу, студенттердің бірлескен ғылыми зерттеулері мен жобаларын жүзеге асыру, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ықпал ету сынды мәселелер қарастырылған. Айта кетейік, өткен жылдың сәуір айында Қазақстанның жас педагог-ғалымдарының бірінші республикалық Слеті қарсаңында отандық жас педагог-ғалымдардың қауымдастығы құрылған болатын. Құрылтайшысы Қыздар университеті болып табылатын ұйымды құрудағы басты мақсат – мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын жас педагог-ғалымдарды біріктіру, олардың диалог алаңын құру. Сонымен қатар білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер бойынша жас педагогтардың жүйеленген пікірлерін мүдделі тараптарға жеткізу, оқыту мен тәрбиелеудің тиімді технологияларымен алмасу да қарастырылған. Қауымдастыққа 35 жасқа дейінгі жоғары білім беру жүйесінде қызмет ететін, педагогика саласында ғылыми-зерттеу тәжірибесі бар оқытушылар мүше бола алады.