Жаңалықтар

Атырауда жаңа кәріздік тазарту қондырғысы іске қосылып, «Сасықсай» жабылады

ашық дереккөзі

Атырауда жаңа кәріздік тазарту қондырғысы іске қосылып, «Сасықсай» жабылады

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыс орталығының сол жақ бөлігінде салынып жатқан кәріз суын тазарту кешенінің құрылысын тексерді, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. Кешенде бас кәріз стансасы алаңы, кәріз тазарту ғимараты алаңы, биологиялық тоған алаңы мен булану алаңы бар. Аймақ басшысы мамандармен жолығып, жобаның технологиялық мәніне назар аударды. Жаңа КТҚ іске қосылғаннан кейін қаланың сол жақ бөлігіндегі кәріз суларын тазарту проблемасы шешім табады.   Жобаның бас мердігері «Павлодар өзен порты» АҚ. Нысан құрылысы 2017 жылдың қараша айында басталды, биыл жыл соңына қарай іске қосылады. Қазір мердігер құрылылыс-монтаждау жұмыстарын жоспарлы кестеден алда жүргізіп жатыр. «Бұл маңызды нысан. Көп жұмыс істелді. Асығыстықтың керегі жоқ, жұмыс жоспар бойынша жүруі тиіс. Ерекше маңызды нысан сапалы салынуы керек», - деді Нұрлан Ноғаев. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, тамыз-қазан айлары аралығында іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіледі. Жасалатын жұмыс көп. Бірақ мердігер өзіне жүктелген міндетті толық орындауы шарт. «Жобаны жүзеге асыру көптеген өзекті мәселелердің шешімін тауып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартады. Қала әкіміне алға қарай жеке секторды осы жүйеге қосу мәселесін шешу туралы тапсырма беріледі» - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев. Айта кету керек, жаңа КТҚ іске қосылғаннан кейін көп жылдар бойы тұрғындардың шағымын тудырып келген «Сасықсай» жабылады. Қаланың сол жақ бөлігінде тазарту қондырғысының болмауы қоршаған ортаға кері әсерін тигізеді. «Сасықсайдағы» тазартылмаған кәріз суы жерасты суы мен топырақты, атмосфералық ауаны ластайды.