Кейкі батыр кесенесінің жанынан пантеон салына ма
Кейкі батыр кесенесінің жанынан пантеон салына ма
Қостанай облысы Амангелді ауданының әкімдігі Кейкі батыр кесенесі жанынан салынатын арнайы кешенге қатысты пікір білдірді, деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Бұл бастама бойынша нақты шешімдер қабылданған жоқ. Арнайы кешен салу үшін облыс басшылығы ресми түрде рұқсат береді. Кешен салу - жеке инвестордың бастамасы. Ал пантеон салу туралы сөз қозғауға әлі ертерек», - деп түсіндірді Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Сүндет Ғаниев.
Айта кетейік, Арқалық қаласында белгілі жиһанкез, меценат Сапар Ысқақов, заң ғылымдарының кандидаты Серік Ақылбай, сәулетші Сағындық Смайылұлы, ҚР Ұлттық мұражайының қызметкері, археолог Ақан Оңғарұлы жиын өткізіп, Кейкі батыр кесенесінің қасынан кешен салу жобасын таныстырған еді. Жиынға Арқалық қаласының әкімі Елдар Күзенбаев та қатысты. Қала әкімі айтып өткендей, аталған кешен тұрғызылса, өңіріміздегі айтулы тарихи- мәдени орталыққа айналады.
«Қазірдің өзінде «Арқалық - Торғай» тас жолымен жүрген жолаушылардың дені Кейкі батыр кесенесіне аялдап, құран бағыштайды. Енді ол жерде мұражай, көрме, кинозал сынды орындар болса, жастарға патриоттық тәрбие беру жолында шешімін тапқан айтарлықтай іс болмақ», - деді Елдар Күзенбаев жиын барысында.
Ал идея авторы Сапар Ысқақовтың сөзінше, облыс басшылығы мақұлдаса, құрылыс жұмыстары мамыр айында басталады. Жалпы, Кейкі батыр кесенесінің жанынан мұражай, көрме, кинозал, тұрғын үй салу жоспарланған. Сонымен қатар, батыр кесенесі жанынан 9 орындық пантеон салынуы мүмкін.