Жоғарыға жалтақтамай жұмыс істеуге болмай ма?

Жоғарыға жалтақтамай жұмыс істеуге болмай ма?

Жоғарыға жалтақтамай жұмыс істеуге болмай ма?
ашық дереккөзі
Қазір көпбалалы аналарға қамқорлық жасау – өзекті мәселенің бірі. Қалада болсын, ауылда болсын, аналардың жанайқайы дүркін-дүркін естіле бастады. Біріне үй-жай керек, енді бірі бала-шағасының нан-суына ақша жеткізе алмай, шыр-пыр болып жүр. Балаларға берілетін жәрдемақы жұмырға жұқ болмайтынын айтып жатқандар да жетерлік. Мұның бәрі жоғары жаққа жетті. Жаңа Үкімет жасақталып, халықты әдеуметтік қорғау министрлігінің тізгіні осы саланың жай-жапсарын бес саусақтай білетін Бердібек Сапарбаевтың қолына тиді. Оның үстіне Мемлекет басшысы әлеуметтік мәселелерді су жаңа Премьер-министрге халық қалаулылары мен елдің алдында мықтап тапсырды. Енді нақты нәтиже, қимыл-қозғалыс болатын шығар. Халық осындай үмітте. Көпбалалы аналардың жағдайын жақсартуға байланысты кейбір мәселелерді жоғары жаққа жалтақтамай-ақ жергілікті жерде шешуге болмай ма? Болады, әрине. Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Б.Әбдірайым былай дейді: «Рас, көпбалалы аналарға байланысты бірқатар мәселелерді оңды шешу үшін тиісті заңдарға өзгерістер енгізу қажет екені түсінікті. Оны тез арада, бір-екі күнде шешу мүмкін емес. Уақыт керек. Оны халық жақсы түсініп отыр. Бірақ Үкіметке, Парламентке қарамай-ақ жергілікті кәсіпорын басшыларының деңгейінде шешілетін мәселелер де бар ғой. Мәселен, көпбалалы аналар үшін жұмыс күнін бір сағатқа қысқарту басшылардың құзырындағы жұмыс. Бұл заңға ешқандай қайшы емес». Рас-ау. Бұл да болса аналарға үлкен көмек. Бала-шағасының тәлім-тәрбиесімен айналысуға көбірек уақыты болады. Мұны кәсіпорын шеңберінде шешуге болатынын, ешқандай заңға өзгеріс енгізудің қажет еместігін айтып отыр Бақытжан Әбдірайым. Ойластыра білсе, жоғарыға жалтақтамай-ақ жергілікті жерде ың-шыңсыз-ақ шешуге болатын осындай мәселелер аз емес. Мәселен, азық-түлік өндірумен айналысатын компаниялар қай өңірде болсын жетерлік. Бірі шұжық шығарады, бірі ұн өндіреді, нан заводтары бар. Сол жерде жұмыс істейтін көпбалалы аналарға тұрақты түрде болмаса да мереке кездерінде өз өнімдері арқылы әлеуметтік көмек жасауға болады емес пе?! Осылай жасаса, табысы ортайып қалмасы анық. Тегін бермегеннің өзінде базардағы нарықтан төмен болса, оның өзі аналарға демеу. Аналар сәбилі болғанда да осындай көмек жасалып жатса, бала туу көрсеткіші жоғарылайтыны анық. Жасыратыны жоқ, қазір көп аналар бала табудан бұрын жұмысынан айырылып қалмауды, күнкөрісін ойлайды.Тауып отырған азын-аулақ еңбек­ақысын ойлайды. Бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шықса, табысы ортайып қалатынын ойлайды. Егер еңбек ұжымы әлеуметтік қолдау көрсетіп отырса, мұндай алаңдаушылық болмас еді. Қызылорда облысының Жаңақорған шипажайында 218 қызметкер еңбек етеді. Ұжымда көпбалалы 50 ана бар болса, оның ішінде 9-ы жалғызбасты ана. Енді осы ұжымда көпбалалы және жалғызбасты аналарға жыл сайын Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күніне орай жалақының ең төменгі мөлшерінің екі еселенген, яғни 85 000 теңге көлемінде көмек берілетін болды. Сонымен қатар шипажай қызметкерлері әр туған балаға жалақының ең төменгі мөлшерінде – 42 500 теңге көмек алады. Шипажай ұжымы бұл хабарды қуанышпен қабылдады. Шипажай мейірбикесі, көпбалалы ана Ұлбике Өмірзақова былай дейді: «Менің осында жұмыс істегеніме 37 жыл болды. Қиын-қыстау күндерінен бастап, қазіргі өркендеу кезеңіне дейін жақсы білемін. Бүгінде ұжымда жастар қатары артып келеді. Олар елімізге танымал, ахуалы тұрақты шипажайда еңбек ететінін мақтан тұтады. Шипажай басшылығына, кәсіподаққа көпбалалы аналарға қолдау жасағаны үшін алғысымызды білдіреміз». Осындай көмек жасауға көптеген өндіріс орындары мен компаниялардың мүмкіндігі бар. Тек ынта-ықылас керек.

Ғалым ОМАРХАН,

Астана