Жаңалықтар

ҰЛЫ ДАЛА – МӘДЕНИЕТТЕР ТОҒЫСҚАН ЖЕР

ашық дереккөзі

ҰЛЫ ДАЛА – МӘДЕНИЕТТЕР ТОҒЫСҚАН ЖЕР

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жалғасы ретінде жарық көрген «Ұлы Даланың Жеті қыры» мақаласы қазақ тарихын өркениеттік тұрғыдан саралаудың жолын айқындап берді. Мақалаға өзек болған ғылыми ұстаным  ұлт тарихын жаңаша бағамдау мен оны насихаттауда «ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға» шақырады. Бұл мақалада қойылған міндеттерді шешу ұлттың рухани-ағартушылық және мәдени интеллектуалдық деңгейін көтеруге, өскелең ұрпақты туған халқымыздың салт-дәстүрлері мен жалпы адамзаттық құндылықтар идеясында тәрбиелеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Себебі қоғамның рухани тірегі саналатын тарихи-мәдени мұралардың халықтың өз болмысын жоғалтып алмауы мен қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы маңызы зор. Қазақстан – мыңжылдықтарды қамтитын жасампаз тарих пен әлемдік өркениет қазынасына енетін бай мәдени игіліктің иесі. Ұлы даланың сан қырлы тарихынан сыр шертетін аса мол археологиялық ескерткіштер біздің жеріміздің көшпелі және отырықшы мәдениеттің тоғысқан ерекше аумағы ретінде аса жоғары мәдениет пен өз заманындағы озық технологиялар орталығы болғандығын дәлелдеп отыр. Сәулеті мен даңқы артқан сақтар заманында-ақ «Дала жолы» деген атпен белгілі болған Ұлы Жібек жолының бойымен тек сауда байланыстары ғана жүзеге асып қана қоймай, әртүрлі мәдениеттердің үлгілері де кең тарады. Қазақстан аумағы түрлі мәдениеттердің тоғысқан жеріне айналды. Дүниежүзілік тарихқа көз салсақ, ортағасырлардағы халықтар мен елдердің даму деңгейі біркелкі болмағанын көреміз. Мәселен, бұл кезең Еуропа тарихы үшін халықаралық байланыстардың үзілуімен, сауданың құлдырауымен, қоғамның мәдени кеңістігінің тарылуымен ерекшеленеді. Ал отандық тарихымызда аталған кезеңдегі даму басқаша сипат алды. Сақ-ғұн-үйсін патшалықтарынан бастау алған, біртұтас Түркі қағанатының қол астына біріккен, ұлан-байтақ аумақты алып жатқан аймақта ата бабаларымыз көрші мемлекеттермен тығыз саяси-экономикалық, сондай-ақ мәдени байланыстар орнатып үлгерді. Аталған кезеңде саяси-экономикалық қана емес, мәдени дамудың жаңа кезеңі басталды. Ата-бабалармыз құрған мемлекеттердің аты өзгеріп отырғанмен негізгі мазмұны, яғни саяси, экономикалық, әскери құрылымы, әсіресе, этникалық құрамы мен мәдени дәстүрлік құндылықтары сабақтастықпен дамып отырды. Тарихшылар мен археолог ғалымдарымыз «Дала өркениеті» («Көшпелілер өркениеті») деп атаған өркениеттік даму үрдісі өзінің мәдени дәстүрлерінің тарихи тамырларын сақтай отырып, көрші халықтардың мәдени жетістіктерін де шығармашылықпен игерді. Осылайша, өзінше қайталанбас дала өркениетінің сипатты белгілері қалыптасты. Ал мәселенің зерттелу тарихында мұндай пікір бірден қалыптаса қойған жоқ. Жалпы ұлттық тарихымыз, мәдениетіміз бен оның тарихи тамырлары туралы объективті көзқарас бүгінгі таңда да барлық ғалымдар мойындаған шындық деп айта алмаймыз. Сондықтан бүгінгі таңда тарих, мәдениет, мемлекеттілігіміз бен ұлт болып қалыптасуымыздың өркниеттік негіздерін қайта бағамдау маңызды. Бұрынғы зерттеу дәстүрінде қалыптасқан еуропацентристік, атап айтқанда, «дамуы жағынан төмен тұрған халықтар жоғарғы мәдени жетістіктерді қабылдай алмайды», осы тұрғыдан көшпелі халықтар «дамуы жағынан артта қалған, кембағал мәдениет иелері» деген пікірлерден арылуымыз қажет. Бүгінгі таңда, әрине, «көшпелілер табиғат заңдарына бағынышты, ешқандай материалдық құндылықтар өндіруге құлықсыздар қоғамы» (А.Тойнби) деген сынды сыңаржақ пікірлердің негізсіздігі дәлелденген. Дегенмен әлі де болса Ұлы дала тарихының өшпес мұрасын насихаттау ісі кенжелеп келе жатқандығы шындық. Осы орайда, Елбасы атап өткен тарихи сананы жаңғыру міндеттерін жүзеге асырудың өзектілігі артып отыр. Мақалада айтылған «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» атты бағыттары бойынша атқарылатын шаралар тек  үгіт-насихат шеңберінде ғана қалып қоймауы тиіс. Аталған әр бағыт бойынша тыңғылықты, жан-жақты зерттеу жұмыстары мен заманауи форматтағы түрлі өнімдер дайындалуы шарт. Отандық тарих ғылымының бүгінгі даму бағытын саралай отырып, Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасында Отандық тарихымыздың іргелі мәселелерін жаңаша тұрғыдан зерделеу бойынша келелі жұмыстар жүргізіліп келе жатқандығын жоққа шығара алмаймыз. Оған «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында»  мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылуы негіз болды. Дегенмен жинақталған бай материалдар мен ғылыми жетістіктер негізінде Ұлы дала көшпелілері өркениетінің тарихи-мәдени негізін әлемдік ғылыми жетістіктерді ескере отырып, қазіргі әдістемелік тұрғылар бойынша зерттеу жұмыстарын жалғастырудың маңызы артып отыр. Осы орайда, Елбасы мақаласында қойылған іргелі проблемалардың бірқатарларын жаңаша тұрғыдан зерттеу бойынша ғылыми жұмыстарды ҚР БжҒМ Ғылым комитетінің «Ұлы тарихы мен мәдениеті» мақсатты қаржыландыру жобасы шеңберінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанынан құрылған республикалық «Орталық Азияның дәстүрлі өркниеттерін» зерделеу орталығының ғылыми ұжымы профессор Т. Омарбековтің жетекшілігімен табысты жүзеге асырып келе жатқандығын атап өтуге болады. Елбасы «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс» дей келе, біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отырғандығын, екіншіден, зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралғаны, үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайтындығын» атап өткен еді. Сонымен қатар  «қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ» деген тұжырым жасады. Ұлттық тарихымыздың күрделі беттерін жаңаша тұрғыдан саралап, оны зерттеудің теориялық-методологиялық негіздерін айшықтаған бұл тұжырым орталық ғалымдарының соңғы жылдардағы пәнаралық синтез негізінде жүгізіп келе жатқан зерттеулерінің негізгі қорытындыларымен үндес. Атап айтқанда, этнонимдер, тарихи этнотопонимика, өзінің шығу тегін ежелгі және ортағасырлық Алтай тарихынан бастайтын Қазақстанның этногенезі мен этникалық тарихын зерттеу контекстіндегі  көшпелілердің этно-мәдени құндылықтарының тарихи белгілері, көшпелілер қоғамы институтының саяси және этноәлеуметтік іргетасы, түркі, моңғол және постмоңғолдық кезеңдердегі Қазақстан территориясындағы тайпалық құрылымдарда (протоқазақтық) дәстүрлі мәдениет пен биліктің саяси жүйесінің қалыптасу мәселелері, көшпелілердің отырықшы-егіншілер өркениеті халықтарымен өзара байланысының тарихи-мәдени сипатын қалпына келтіру, көшпелілердің рухани өміріндегі тарихи білімнің рөлін анықтау бойынша зерттеу бағыттары Ұлы дала тарихын жаңаша бағамдауға мүмкіндік беріп отыр.  

Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Тарих, археология және этнология факультетінің деканы, 

тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор