Зейнолла Алшымбаев: Барлық бағдарлама – халықтың игілігі үшін

Зейнолла Алшымбаев: Барлық бағдарлама – халықтың игілігі үшін

Зейнолла Алшымбаев: Барлық бағдарлама – халықтың игілігі үшін
ашық дереккөзі
Қоғамдық өмірдің бел ортасында жүріп, белсенді еңбегімен, өнегелі өмірімен, білім-білігімен, ақыл-парасатымен, бүкіл адамгершілік асыл қасиеттерімен ел азаматы ретінде аты халықтың аузында жүретін тұлғасы бөлек азаматтар болады. Соның бірі халқына қалтқысыз еңбегі сіңген қоғам қайраткері Зейнолла Алшымбаев. Парламент мінберіне жұрттың мұң-мұқтажын жеткізіп, шешімін табуына атсалысқан депутат ретінде жұртқа белгілі.   – Парламенттің  3-ші және 4-шақырылымдарының  депутаты кезінде аймақтың және еліміздің өзекті мәселелері төңірегінде үкіметке, оның құрылымдары басшыларының атына өз бастамаңызбен 79, әріптестермен бірлесіп 100-ден астам депутаттық сауал мен ұсыныс жолдаған екенсіз. Сол кезге сәл шегініс жасаңызшы, мәселе дер кезінде шешімін табушы ма еді? – Иә, белсенді депутат болдым десем, артық айтпағаным болар. Әсіресе, экономика мәселесі назардан тыс қалған жоқ. Өзім Маңғыстау облысынан сайланғандықтан да, өңірдің жайын  бір сәт естен шығарған жоқпын. Нәтижесінде Жаңаөзендегі «Рахат» шағын ауданы мен Теңге, Маңғыстау кенттерінде, Атамекен селосында жаңа мектептер, Жетібайда аурухана мен емхана ғимараттары бой көтерді. Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің бас ғимаратын салу туралы бастама көтеріп, республикалық бюджеттен қаржы бөлдіруге септігім тиді. Маңғышлақ стансасында дербес әкімшілігі бар «Маңғыстау тасымалдау бөлімшесін» құру, Астана-Маңғыстау тікелей пойызын жүргізу, «Астана-Ақтау» бағытына ұшақ ұшқызу, Ақтау халықаралық әуежайының инфрақұрылымдарын күрделі жөндеу және реконструкциясы мен «Өзен – Түркіменстан – Иран» теміржол және «Қызылсай – Шопан Ата – Оғыланды» автокөлік жолына, «Қошқар ата» улы көлін рекультивация жасауға, Ақтау қаласында кемтар балаларға мектеп-интернат салдыруға қаржы бөлдіру және тағы басқа ұсыныстарды Үкіметке жолдап, оңды шешім тапқанын айта кеткім келеді. Мәжіліс депутаты болып жүрген жылдарда облыстың барлық түкпірінен көмек сұраған, ұсыныс-пікір айтқан хаттар толассыз келіп жататын. Олардың бірде-біреуін ескерусіз қалдырмайтын едім. Әсіресе, заңсыздыққа жол беріліп, орынсыз жәбір көрген адамдардың есесін түгендеп, заңдылықты қалпына келтіруге аянбай кіріскен кезім аз емес. – Елбасы жыл сайын жариялайтын Жолдауы мен бағдарламаларында еліміздің әл-ауқатын көтеруге байланысты барынша жұмыла әрекет етуге шақырады. Сіздіңше, қазір халықтың өмір сүру сапасы жақсарды ма, әлде... – Президент Н.Назарбаевтың әр жылғы жолдауы – ел күтетін жылдың ірі саяси оқиғасы. Елбасы өзінің бір кезекті жолдауында «мен әрбір жолдауымда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін» деген болатын. Осы ретте «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары мен «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» және т.б. ұлттық деңгейдегі жобалардың басты мақсаты – халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға, рухани дамуына арналғаны белгілі. Қазір көріп отырғанымыздай ел экономикасы қарқынды дамып келеді. Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде  тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл өз кезегінде көптеген өндіріс орындарын ашуға, халықты жаңа жұмыс орындарымен қамтуға мүмкіндік берді. Импорт және экспорт операцияларының көлемі өсуде. Әзірге, елімізден шикізат қоры көбірек шетелге шығарылады. Келешекте, тек шикізат емес, өзге де бәсекеге қабілетті қазақстандық тауарларды көптеп шығару басты мақсат болуы тиіс. Жақында Маңғыстау облысы әкімі Е.Тоғжановтың  жұртшылық алдындағы жылдық есебінде өңірдің экономикалық дамуының барлық көрсеткіштерінің оң динамикасы атап өтілді. Атап айтсақ, облыста 2,9 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, оның нақты көлемі республикада өндірілген өнімнің 11 пайызын  құрады. Бұл өңірлер арасындағы екінші көрсеткіш. Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиістігі жолдауда баса айтылған болатын. Сондықтан өнеркәсіп саласындағы өңдеу секторының дамуына екпін берілуде. Өңдеуші секторы бойынша өндірістің өсуі 12 пайызға өсті. Елбасы шешімімен бұл салаға алдағы үш жылда  қосымша 500 млрд теңге бөлінгелі отыр. Бұл экспорттық серпінді жобаларды іске асыруға зор мүмкіндік береді деген сөз. Жолдауда айтылған келесі бір маңызды мәселе – еңбек нарығында орта және шағын бизнесті дамыту болса, бұл сала 108,7 пайыз құрады. 35328 жаңа жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде, жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ке дейін, жастар жұмыссыздығы 3,1%-ке дейін төмендеді. Тұрғын үй құрылысына серпін беріп отырған «Нұрлы жол» бағдарламасы Маңғыстау облысында табысты іске асуда. Өткен жылы  1,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл республика бойынша үшінші көрсеткіш екенін айта кеткен жөн. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясының қамқорлығымен көп балалы аз қамтылған отбасыларды, мүгедектер мен жетім балаларды қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» жобасын іске асыру бағытында нақты шешімдер қабылданды. Бүгінгі таңда өңірде 28 млрд теңге сомасында халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік қолдау көрсету көзделуде. Бұл салада атқарылар істер ауқымы аз емес. Ел экономикасын одан әрі дамыту, халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайын көтеру, қабылданған бағдарламалардың жүзеге асырылуын талдау мәселелері «Нұр Отан» партиясының съезінде де кеңінен қаралды. Мұның бәрі халық игілігі үшін. – Әлбетте, сізге Маңғыстау өңірінің тыныс-тіршілігі етене таныс. Мұндағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдени, шағын және орта кәсіпкерлік саласының даму қарқыны қалай?  – Білім беру саласы бойынша өткен жылы 3 241 орынды 36 балабақша пайдалануға берілді. Нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ету көрсеткіші 97,2% құрады. Сонымен қатар, өткен жылы 6300 орындық 9 мектеп пайдалануға берілді. Студенттер үшін 210 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына қарай 460 орындық тағы екі жатақхана салынады. Білім беру саласында «балаларды балабақшаларға автоматты түрде кезекке қою» ақпараттық жүйесі, электрондық журналдар мен күнделіктер жүйесі енгізілді. Денсаулық сақтау саласы бойынша өткен жылы облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығы, сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Жаңаөзендегі 250 орындық гемодиализ орталығы пайдалануға берілді. Денсаулық саласында тіркелген халықтың 94% – электрондық денсаулық паспорты бар, медициналық ұйымдардың 89% қағазсыз құжат айналымына өтті. Былтыр облыста 7 спорт нысаны салынды. Биыл жеке инвестициялар есебінен тағы 11 спорт нысаны пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 225 мың адам үнемі спортпен шұғылданатын болады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Мәселен, республикалық деңгейде «Амал» мерекесі, «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұрасын» зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Қысқа мерзім ішінде жаңа жағалауда амфитеатр салынды. Тәуелсіздік күні қарсаңында «Миф алаңы» ашылды. Қазақтың көрнекті ақыны Абай Құнанбаевқа және Қазақ КСР Халық әртісі Нұрмұхан Жантөринге ескерткіш орнатылды. Биыл да айтулы мәдени іс-шаралар жоспарланып отыр. Ең алдымен, бұл атақты қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығын атап өту. Биыл Ақтауда Ә.Кекілбаевтың мұражайы ашылады. Өткен жылы Маңғыстау облысында шағын және орта бизнестің дамуы оң динамиканы көрсетті. Шағын бизнесте жұмыс істейтіндердің саны 126 288 адамға жетті, олар жалпы сомасы 792 млрд теңгеге өнім шығарды. Осылайша, кәсіпкерлер 2,2 миллиард теңгеге шағын несие алды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 210 жоба 1,5 млрд теңгеге субсидия алды. «Нұр Капитал» аймақтық бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктер 3,6 млрд теңге 200 жобаны қарады. Оның ішінде 60 жоба жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге қаржыландырылды. Бұдан басқа, 9 жолдың торабында орналасқан Маңғыстау орталық көліктік-логистикалық торапқа айналады. Шетпе – Бейнеу, Қияқты – Тұщықұдық жолдарын қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Бұдан басқа, биылғы жылы 2 жаңа жоба (50 км) іске асырылатын болады: «Ата Жолы» жолы және Басқұдық елді мекенінен Халыққа қызмет көрсету орталығына дейінгі жол. Құрық портының бірінші кезегі іске қосылды. 2018 жылы жүк тасымалдаудың жалпы көлемі 1,8 млн тоннаны құрады. Облыс дамуының тағы бір маңызды саласы – туризм. Өткен жылы Қазақстан мен шет елден 191 мыңнан астам туристер өңірге барды. 2018 жылы жалпы сомасы 1 млрд теңгеге 1,7 шақырым жағалауды жайластыру бойынша үлкен жоба іске асырылды. Сонымен қатар, осы жылы наурызда «Туризмді дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасын қабылдау жоспарлануда. Бағдарлама аясында жалпы сомасы 27 млрд теңгеге ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылмақ. Биыл туризм бағытында 4 жаңа нысанды іске қосу жоспарлануда. – Сiз АҚШ-та он жылдан астам уақыт бойы тұрып келдiңiз. «Қазақстанға бiраз инвесторларды алып келдiм» деп айтқан едіңіз. – 1990 жылдың тамызында ел басшылығының ұсынысы бойынша Маңғыстау облыстық партия комитетінің экономиканы реформалау, сыртқы экономикалық байланыстарды дамыту, мұнай өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселелеріне басшылық жасайтын екінші хатшысы болып сайландым. Маңғыстау облысындағы еркін экономикалық аймақ құруға ықпал ету жөніндегі қордың президенті қызметін атқардым. 1991-1992 жылдары облыс әкімінің орынбасары бола жүріп, шаруашылықты қайта құру, реформалау жұмыстарына басшылық жасағаным бар. Осы кезде Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен басшы кадрларды шетелдерге оқуға жіберу басталды. Мен де ТМД елдерінен арнайы іріктелген басшы қызметкерлер қатарында АҚШ-қа жол тарттым. Американың Бостон қаласындағы Массачусетс университетінде оқып, ағылшын тілін үйреніп, қаржы, банк жүйесі, менеджмент, маркетинг және еркін рынок ұйымдастырудың қыр-сырын меңгердім. Елге инвестиция тартып, еліміздің оң имиджін қалыптастыру жолында сол жақта біраз жыл қызмет ету қажеттілігі туындады. Сол арада АҚШ-тағы Техас штатының Хьюстон қаласындағы «Anglo-Dutch Petroleum International» компаниясы шетел инвестициялары жөніндегі директорлық қызметке шақырды. Жаңа жағдай, жаңа жұмысқа бір-екі жылдың ішінде-ақ төселіп алдым. 2000 жылы қызметім жоғарылап, осы компанияның вице-президенті болдым. Осы компанияда қызмет жасай жүріп шетелдік мамандармен бірге Қазақстан мен ТМД елдеріндегі мұнай кен орындарын игерудің жобалық құжаттарын жасақтауға араласып және осы кеніштерді игеруге инвестиция тарту жөніндегі Тайвань, Израиль, Ресей, Румыния, Ұлыбритания, Алжир, Грекияның, сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз», «ОПИК», «Халлибуртон», «Петролеум», «Шелл», «Бейкер Хъюз», «ЛукОЙЛ», «Депеки» және т.б. компаниялармен келіссөз жүргізу процестеріне және АҚШ-тың Луизиана штатындағы «Ронек» кен орнының маркетингілеу жұмыстарына тікелей қатыстым. Өңірге инвестиция тарту – Елбасымыздың алға қойған басты міндеттердің бірі. Егер өткен жылы жалпы сомасы 16 млрд теңге болатын 24 жоба іске қосылған болса, үстіміздегі жылы 66 млрд теңгеге тағы  23 жоба жоспарланған. Облыста бір жылдың ішінде 15 жылыжай іске қосылып, жалпы саны 42-ге жетті. Маңғыстау өңірі ауыл шаруашылығын дамытуға қолайсыз екені белгілі. Дегенмен бұл саланы дамытуға мүмкіндіктер де аз емес. Мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдіктер ұсыну арқылы бұл салаға нақты қолдау көрсетілуде. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласына инвестициялық құны 2 млрд теңгеге 4 ірі жоба жоспарланған. Олардың іске асуы Маңғыстау өңірін көкөніспен 25 пайызға, құс етімен 50 пайызға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. – Кеше «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезі өтті. Бұған дейін жүктелген тапсырма мен межелі міндет тағы да сарапқа салынды. Сіздің пікіріңізді білсек... – «Нұр Отан» партиясы межелі кезеңіне үлкен табыстармен келіп отыр. Жалпы, халық партия съезінен үлкен үміт күтті және ол ақталды. Партияны тірі организм деп алуға болады. Партия да қоғамдағы өзгерістермен бірге дамып отырады. Съезд шешімдерінің қоғамға да үлкен әсер ететіні даусыз. Сондықтан осы съездің шешімдерін бүкіл қоғам болып іске асырамыз деп айтсақ, қателеспейміз. Елдің дамуы, ішкі және сыртқы жағдайына қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Әсіресе, соңғы кезде жиі талқыға салынған көпбалалы отбасының жағдайы, баспана мәселесіне қолжетімділік күн тәртібіне алынды. – Әңгімеңізге рахмет!

 Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы