Жаңалықтар

1 НАУРЫЗ – АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ

ашық дереккөзі

1 НАУРЫЗ – АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ

АҚ ТІЛЕКТЕН ТӨГІЛГЕН НҰР

Адамның адамшылығы – бір-біріне жақсылық жасауында. Ал жақсылықтың шегі жоқ және ол адам таңдамайды. Жақсылық жасаған ақ жүректі адам оның өтеуіне ештеңе сұрамайды, дәметпейді де. Тек оған алғыс айту – құрметтің шыңы! Қазақ халқының жомарттығы мен мәрттігі, қамқорлығы мен сыпайылығы, қонақжайлылығы мен  әділетшілдігі жөнінде Ұлы далаға табаны тиген талай елдің саяхатшылары ерекше сүйсініспен жазып қалдырған. Демек қиналғанға демеу, тарыққанға жебеу болу халқымыздың қанында әу бастан бар қасиет. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» дегенді жадынан шығармаған қазақ халқы қай кезде де тағдыр тәлкегімен ел ауып келгенге құшақ жайып, алдына ас қойып, үйінен дәм татқызған. Тарихқа көз жүгіртсек, өзге ұлт өкілдерінің қазақ жеріне ауып келіп, қоныстануы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталған. Алғашқы келгендер ұйғырлар мен дүнгендер еді. 1877 жылдың желтоқсан айында Қытай жазалаушыларынан құтылу үшін елінен босқан 4 мыңға жуық дүнген Жетісу жеріне жетіп жығылды. Қоныс аударушы дүнгендердің алғашқы толқынын Бый Янь Ху басқарды. Екінші толқын 1884 жылы өтті. Ал ұйғырлардың Жетісу жеріне қоныс аударуы 1881 жылғы күзде басталып, 1884 жылға дейін жалғасты. Сол кезде екі халықтың жалпы саны жетпіс мыңдай ғана еді. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Еділ бойындағы немістер, Солтүстік Кавказ, Қырым жағалауын мекендеуші шешен, ингуш, түрік, болгар, Қырым татарлары және басқа халықтар мен этникалық топтар өкілдері Қазақстанға күштеп көшірілді. Одан сәл кейін Қиыр Шығыстан корейлер көшірілген еді. Нақты деректерге жүгінсек, елімізге жер аударылып келгендердің  саны 1946 жылы 1 млн 200 мың, 1947 жылы 894 687, 1948 жылы 781 170 адам болған. Бұл бүкіл КСРО бойынша жер аударылғандардың 36 пайызын қамтиды. Міне, осыншама халық қазақ жеріне келіп, өсіп-өнді. Кейін 1957 жылы олардың туған жеріне қайтуына рұқсат берілгенімен, олардың көбі Қазақстанда қалып, өмір сүріп жатыр. Олардың барлығы да қазақ халқының кеңпейілдігі мен адамгершілігіне дән риза. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы атты ұйым еліміздегі түрлі ұлт пен ұлыстардың мәдениетін дамытуға атсалысып, еліміздің теңқұқықты азаматы ретінде өсіп жетілуіне көмегін тигізіп отыр. 2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді... Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, өзге ұлт өкілдерін өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын. Міне, осыдан бастап жыл сайын наурыз айының алғашқы күнін Қазақстан халқы «Алғыс айту» күні ретінде белгілеп келеді. Заманның қиын кезеңінде қазақ жерінен пана тапқан, Ұлы даланың байырғы жұрты қазақтардан мейірім-шапағат көріп, өсіп-өніп жатқан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бүгінде өз өмірлеріне дән риза және олардың қазақ халқына деген ризашылығы мол. Ақ тілектен төгілген асыл нұрдай Алғыс айту күні құтты болсын, ағайын!