27 Ақпан 2019, 17:35 1338 0 Ішкі саясат Назым Тойлыбаева

Әр балаға - 21 мың теңге: Көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы қалай есептеледі

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов көпбалалы отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңгеден төлеу жүйесін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, алдымен көпбалалы отбасының табысы есептеледі. Ал жаңа жәрдемақы табысы төмен отбасыларға ғана төленеді.

«Бұл - әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған көмек. Жағдайы жақсы отбасылар ондай көмекке зәру емес деп ойлаймын. Ал кедейшілік деңгейінен төмен отбасыларға көмектесу керек. Президент айтқандай, кедейшіліктің деңгейі күнкөріс минимумының 50 процентінен 70 процентке дейін көтеріледі. Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда осы межеден төмен тұрғандарға атаулы көмектің жаңа түрі беріледі. Сосын ондай отбасылардың жалпы табысын есептегенде басқа әлеуметтік төлемдер ескерілмейді. Бұдан бөлек, әлеуметтік көмекті алу шаралары жеңілдейді. Демек, әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларда әрбір балаға 21 мың теңгеге жуық жәрдемақы төленеді. Нақты айтсақ, 20 789 мың теңге. Ондай көмекті төрт және одан көп баласы бар отбасылар алады», - деді Ә.Смайылов журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, соңғы екі жылдың ішінде әлеуметтік салаға республикалық бюджеттен бөлінген қаржының көлемі 34 проценттен 45 процентке дейін артты. Алдағы үш жылда аталған көрсеткішті 49 процентке дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

«Бүгін Мемлекет басшысы қосымша тапсырмалар берді. Соның аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар, соның ішінде көпабалалы отбасыларды қолдау шаралары күшейеді. Президент атаулы көмекті арттыруды жүктеді. Баспанамен қамту бар. Жергілікті жерде инфрақұрылымдық нысандарды салу қажет. Соның барлығына алдағы екі-үш жылда қосымша 2 триллион теңге бөлінеді. Шамамен 1 триллион теңге Ұлттық қордан құйылады», - деп атап көрсетті Ә.Смайылов.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды.

«Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар