Сапарбаев үндістандық елшіні ұялтты

Сапарбаев үндістандық елшіні ұялтты

Сапарбаев үндістандық елшіні ұялтты
ашық дереккөзі

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Делиде Абай ескерткішін орнатамыз деп сөз беріп, уәделерінде тұрмаған үндістандық елшілерді ұялтты. Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Үндістанның Қазақстандағы елшісі Харш Кумар Джайн облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесті. Бұл – елшінің Ақтөбеге бірінші рет келуі. Кездесуде әкім бұрынғы елшінің Делиде Абайға ескерткіш қойылады деп өткен жылы айтқан уәдесінің әлі күнге орындалмай отырғанын еске салды. Өскеменде үнділік ақын Рабиндранат Тагор ескерткіші бар екені белгілі. Қазіргі елші Харш Кумар Джайн Абай ескерткішін орнату мәселесін қолға алам деп уәде беріп кетті. Ол сөзінде тұрса, Дели қаласында Абай ескерткіші бой көтермек. Экономикалық ынтымақтастықты жолға қойған Ақтөбе облысы мен Үндістан арасындағы сыртқы сауда айналымы қаңтар-тамыз айында 2,8 миллион АҚШ долларын құраған. «Қазақстанда бизнесті дамыту, шетелдік инвесторларды тарту, оның ішінде Үндістанның да, үшін барлық жағдайлар жасалған», – деді өңір басшысы. «Мен сіздерге біздің облыспен әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты ұйымдастыру жолдарын қарастыруды ұсынамын. Әсіресе ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында нақты байланыстар керек. Бізде жерасты және жерүсті су ресурстары бола тұра, суармалы жерлерді пайдалану нашар жүргізілуде», – деді Сапарбаев. Облыс әкімі әріптестікті арттыра түсу үшін Үндістанның елшілері мен кәсіпкерлерін осы айдың 27-ші жұлдызында өтетін бизнес-форумға шақырды.