Жаңалықтар

ҚР Министрлер кабинеті жаңа құрамда алғашқы отырысын өткізді

ашық дереккөзі

ҚР Министрлер кабинеті жаңа құрамда алғашқы отырысын өткізді

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Министрлер кабинеті жаңа құрамда алғашқы отырысын өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жиын барысында Премьер-Министр Асқар Мамин ҚР Президентінің Жарлығымен тағайындалған министрлерді таныстырды. Сонымен қатар Үкімет басшысы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында екенін айта келе, оның келесі Үкімет отырысына қатысатынын жеткізді. Үкімет басшысы Елбасы Жарлығымен кейбір мемлекеттік органдар қайта құрылғанын еске салды. «Мемлекет басшысы бізге үлкен сенім артып отыр, бұл зор жауапкершілік. Сондықтан сол сенімді ақтауымыз керек. Үкіметтің жаңа құрамы айқын нәтижелерге бағдар алған нақты істер Үкіметіне айналуы тиіс. Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуын жаңа сапалы деңгейге шығару, халықтың табысы мен тұрмыс деңгейін арттыру, тиімді жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша бірінші кезектегі міндеттерді қойып отыр. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде халықтың әл-ауқатын арттыра аламыз», - деді А. Мамин. Сонымен қатар Премьер-Министр осы аптада «Нұр Отан» партиясының съезінде халықты әлеуметтік қолдауды күшейту және жұртшылықтың тұрмыс сапасын арттыру бойынша бірқатар жаңа іс-шаралар жарияланатынын атап өтті. «Осы орайда келесі Үкімет отырысында Елбасының тапсырмаларын орындауға бағытталған нақты іс-шараларды талқылайтын боламыз», - деді Асқар Мамин.