Жаңалықтар

«Айтыс алаңы» жобасы ақтық мәреге жетті

ашық дереккөзі

«Айтыс алаңы» жобасы ақтық мәреге жетті

Үш айға созылған «Айтыс алаңы» жобасы өзінің ақтық мәресіне жақындады. 7-ші қараша күні 31 арна эфирінде жартылай финалдың көрсетілімі басталады. Бағдарламаға қатысқан 12 айтыскердің ішінен суырылып шығып, әділқазылардың жоғары бағасын алған алты қатысушы ширек финалда кездесті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген суырып салма ақындардың арасында, семейлік Рүстем Қайыртайұлы, қызылордалық Мұхтар Ниязов, алматылық Болатбек Оразбаев, ақтөбелік Ершат Қайболдин жартылай финалға жолдама алды.

Жобаның кеңесшісі, бас төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерманның айтуынша «Қазір Қазақстанда 150-тен астам айтыскер ақындар есепте тұрған. Солардың кез келгені суырып салу өнерін меңгерген, қабілеті бар талантты дарындар. Соларды осылайша аяқ астынан сөз табуға жетелеп, бір қызық, халықты ұйытатын, ой салатын, тебірентетін, рухын көтеретін жаңа жоба болса екен деп үміттеніп келіп отырмыз.»

Ақтық сынға өту үшін айтыскерлер «қазақ отбасындағы ажырасулар», «отандық арналардағы сансыз сериалдар» тақырыбын қозғап, жыр толғады.

Естеріңізге сала кетсек, бағдарлама екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім - «Тақырыптық айтыс». Ақындарға «Информбюрода» көрсетілген ең өзекті деген сюжеттен үзінді беріледі. Сайыскерлер сол тақырып бойынша сынға түседі. Екінші бөлім – «Пародиялық айтыс».  Ақындар белгілі бір адамдардың атынан жекпе-жекке шығады. Экраннан 9 ұяшық беріледі. Бас төреші ұяшықтарды таңдап, қай ақынның кімнің атынан айтысатынын айтады. Сондай-ақ, ақындардың өнеріне баға беріп, сынға алған әділ-қазылар қатарында композитор, әнші Алтынбек Қоразбаев та болды.

Алтынбек Қоразбаев: «Айтыс өнері деген- мынау қазағымыздың төл өнері. Бұл қазақтың қазақтығын ұмыттырмайтын жақсылық деп ойлаймын. Ал енді мынау 31-арнаның айтыс алаңы деген жобаны ел сүйіп тыңдайды. Бұл арна бұрыннан өзінің әділдігімен, демократиялық принциптерімен халықтың ықыласынан шығып жүр ғой. Арнаның дәл осы жобаны қолға алуы - төл өнерімізге деген үлкен жанашырлығы деп ойлаймын. Бұл халық сүйіп көретін, асыға күтетін бағдарлама болады деп сенемін. Тіпті, арна басшылығы айтысты қолға алған екен жалғасын табыды деп сенемін.»

Айтыс сахнасында әлеуметтік, қоғамдық, саяси мәселелер айтылды. Ақындарға шектеу қойылмай, керісінше осы айтыстың аясында халыққа кеңінен танылған ақындар Ринат, Балғынбек, Айнұр, Саралардан басқа Ершат Қойболдин, Мейірбек Сұлтанхан секілді жаңа таланттарды аштық.

«Айтыс алаңы» бағдарламасы 12-ші қыркүйек күні көрерменге жол тартты. Қазақстанның Шығысы мен Батысынан, Солтүстігі мен оңтүстігінен елге танымал, аузы дуалы 12 ақын қатысты. Олардың қатарында Ринат Заитов, Болатбек Оразбаев, Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Рүстем Қайыртай, Ершат Қайболдин және т.б. қазір бабында жүрген ақындар бар. Аталмыш жоба ережесіз жекпе-жек тәртібіне ұқсас болғандықтан көптеген спорттық шараларда жүргізушілік етіп жүрген танымал актер Болат Әбділманов осы шоудың тізгінін ұстады.

Сонымен қазіргі таңда іріктеу кезеңі аяқталып, қарсыластарын сөзбен сұлатып салған төрт ақын жартылай финалда айтысады. Бұған дейін елге өзекті бірнеше мәселелерді сөз еткен ақындар жартылай финалда «Келін мен ене», «Қазіргі сериалдар» тақырыбын қозғаса, айтыстың екінші бөлімі, яғни пародиялық айтыста Кәрім Мәсімов пен Иманғали Тасмағамбетов, Мейрамбек Беспаев пен МС Сайлаубектің атынан жыр толғайды. Ал осы екі айтыстан үздік шыққан қос айтыскер бірден финалға шығады. Ақтық сында «Қазақ хандығының 550 жылдығын» сөз етсе, пародияда Әбілқайыр хан мен Кенесары боп айтысады.

Айта кетейік, «Айтыс алаңы» жобасы үздік шыққан ақындарға жалпы қоры 2 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі.