Құман Тастанбеков, ҚР Халық әртісі: "Қыз Жібек" фильміне 45 жыл толғанын көпшілік біле бермейді

Құман Тастанбеков, ҚР Халық әртісі: "Қыз Жібек" фильміне 45 жыл толғанын көпшілік біле бермейді

Құман Тастанбеков, ҚР Халық әртісі: "Қыз Жібек" фильміне 45 жыл толғанын көпшілік біле бермейді
ашық дереккөзі

Арман қуып, Екіашадан Алматыға келген балаң жігіт ұлттық экранның төрінен бір-ақ шығамын деп ойламаған еді. Ол «Төлеген бейнесінен кейін биіктеу мүмкін емес» деген қасаң көзқарастың быт-шытын шығарды. Сахнаға шыққан сайын тынысы кеңіп, камерамен қауышқан сайын мүмкіндігі ашыла түсті. Ұлттық кинематографияға Ғани («Біздің Ғани»), Бақыт («Ерекше күн»), Семетей («Аққулар ұшып келеді»), Нұрбек («Махаббат жаңғырығы»), Сәкен («Ағама арналған қалыңдық»), Мұрат («Қараша қаздар қайтқанда») сынды айтулы образдар сыйлады. Қазақ театр өнерін Жан («Құлыным менің»), Тәңірберген («Қан мен тер»), Ақан («Ақан сері-Ақтоқты»), Қасым («Ана-Жер-ана»), Шоқан («Шоқан Уәлиханов») сияқты жарқын бейнелермен толықтырды. Актер әлі де қазақ өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов театрының сахнасында жарқырап жүр. 70 жас мерейтойы қарсаңында ҚР халық әртісі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Құман Тастанбековпен әңгімелесудің сәті түсті.

– Құман аға, биыл өмірдегі, өнердегі үш бірдей қуанышыңыз қатар келген екен. Өзіңіз жетпіске аяқ басқан жылы «Қыз Жібектің» жарыққа шыққанына 45 жыл толып отыр. Меруерт апай екеуіңіздің шаңырақ көтергендеріңізге де тұп-тура 45 жыл. Өткен жылдар жайлы айтылар әңгіме аз емес шығар... – Рахмет, айналайын. Жетпіс жас атаусыз қалмас, Меруерт екеуміздің отбасылық ғұмырымыздың мерейлі кезеңі де елеп-ескерілер. Бірақ «Қыз Жібек» фильмінің экранға шыққанына 45 жыл толатынын көпшілік біле бермейді. Атқамінерлер білсе де, елегісі келмейтін сияқты. Сіздің аузыңыздан естіп, қуанып қалдым. Бұқаралық ақпарат құралдары ғана арагідік халықтың, биліктің есіне салып қояды. Өзіміз айтпасақ, кім айтады? Сұраушысы жоқ, іздеушісі қалмады демесін. Кеше Кеңес Одағын мойындатқан «Қыз Жібек» бүгін де көрерменнен кенде емес. Ертең де іздеушісі көп болатынына кәміл сенемін. 90-жылдары ұлттық экрандардан көрсетілген «Қыз Жібек» тозығы жеткен кино болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономикалық қиындықтардан көз ашпай тұрған кез. Киноны кім керек қылсын? Меруерт екеуміз шапқылап жүріп, көнерген фильмді жаңарту жұмыстарын қолға алдық. «Қазақфильмге» барсақ, киноның пленкалары жан-жаққа шашылып кеткен. Мәскеудің іргесінде Белые столбцы деген қалада үлкен киностудия бар. Ол кезде одақ көлемінде түсірілген барлық фильмдердің негативті пленкалары сол жерде сақталатын. Демеуші та­уып, сол жақтан киноны жаңартып алып келдік. Бірақ ол «Қыз Жібектің» орысша нұсқасы еді, бізге қазақшасы керек. «Қазақфильмнен» қазақша нұсқасының магнитті пленкасын таба алмай әуреге түстік. Ол кезде киностудия бейберекет болатын. Қазіргідей тәртіп, тазалық болған жоқ. Суреттер бір жақта, қағаздар бір бұрышта үйіліп жататын. Қожайын жоқ, ие жоқ. Іздегенімізді бірнеше күн сандалып, әрең таптық. Бір-екі табағы жоғалып қалған екен. Не істейміз? Актерлардың дауысын қалайда табу керек. Қыз Жібектің ескі нұсқасын таптық та, дыбыс жолағынан қажетті дауыстарды кесіп алдық. Жиған-тергеніміздің басын құрау үшін Меруерт қайтадан Мәскеуге барып қайтты. Қазір экранға шығып жүрген «Қыз Жібек» осындай машақаттың арқасында бүтінделді. Меруерт екеуміздің фильмге сіңірген еңбегіміз де – сол. Сіздер көрген «Қыз Жібек» – қысқартылған фильм. Ал оның толық нұсқасы менің қолымда болды. Режиссер Сұлтан Қожықов фильмнің ең алғашқы нұсқасын өзі ауырып жатқанда маған тапсырды. «Саған сеніп отырмын, өзің ие бол! Кейін жарыққа шығарасың», – деген еді. Қаншама жыл тұрып, көнере бастаған соң фильмге енбей қалған тұстарын кесіп алып, киностудияға тапсырдым. Екі көш, Таңбалы тас, жоңғарлардың келетін тұсы, шайқас кадр­лары, фильмнің соңы – бірнеше көрініс әу баста қиылған болатын. Киностудиядағылар сол тұстарды фильмге қосып, алғашқы нұсқасын жаңғыртқылары келген. Бірақ құнттамаған соң қалып қойды. Кейін таппай қалдық. Толық нұсқасы жарық көреді дегенді естігендер «Қашан көреміз?» деп күтіп жүр. Мен киностудияға сеніп қалдым, артынан өкіндім. Аяғына дейін өзім жүгіруім керек еді. Фильмге түскен өзіміз, ыстық-суығына төзген де – өзіміз. Актерлардан Асанәлі аға, Меруерт үшеумізден басқа ешкім қалған жоқ. Шығармашылық топтан дыбыс режиссері Қадыр ағамыздың ғана көзі тірі. – Сіздің ойыңызша «Қыз Жібек» өміршеңдігінің сыры неде? Шығармашылық һәм актерлік құрамның мықтылығында ма, әлде махаббат хикаясының тартымдылығында ма? – «Қыз Жібек» – тек қана мәңгілік махабатты емес, патриоттық сезімді ұлықтап, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен қамтыған кино. Содан болар, ол басқа картиналармен салыстырғанда өміршең болды. Оған деген халықтың сүйіспеншілігі жылдар өте келе артпаса, кеміген жоқ. Өйткені бұл кино тек қана бір тақырыптың аясымен шектелмеген. «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры ойдан шығарылған оқиға емес, шынайы өмірде болғандығымен де қызықты шығар. Бұл махаббат хикаясының осыдан шамамен 500 жыл бұрын Ақтөбе облысының аумағында болғаны туралы нақты тарихи деректер бар. Демек халық аңыз-әфсанадан гөрі тарихи оқиғаны жоғары бағалайды. Оның үстіне, сценарийін Ғабит Мүсірепов жазып, Сұлтан Қожықов режиссерлік еткен, Нұрғиса Тілендиев пен Қадыр Мырза Әли, Гулфайруз Исмайылова сияқты өзі ісінің мамандары атсалысқан картинаның осал болуы мүмкін емес еді. Актерлер де кіл мықтылар. Қай образға қарасаң да хас шеберді көресің. Сырлыбай, Бекежан, Шеге, Қаршыға, Базарбай, Қамқа, Айкөз, Кербез бейнелеріндегі әртістерді режиссердің дәл тапқанына қайранмын.

muhqpgucgu 1– Өткен ғасырдың 60-жылдарына шегініс жасап, фильмге алғаш қабылданған сәтіңізді еске түсіріп көріңізші. – Тым алысқа апарып тастадың ғой (күліп). Онда әңгімені ауылдан бастауға тура келеді. Мен Алматы облысы Сарқант ауданы, Екіаша ауылында туып-өскенмін. Соғыстан кейінгі кезеңнің қиындықтарын бір кісідей көрдік. Елбасының кітаптарында айтылған оқиғалардың бәрі біздің де басымыздан өтті. Біздің ауылда бірнеше ұлттың өкілі тұрды. Украины бар, орысы мен татары, өзбегі де бар – бәріміз тату-тәтті өмір сүрдік. Тойымыз да, қайғы-мұңымыз да ортақ болды. Көрші-қолаң асарлатып, айналасы төрт-бес күннің ішінде бір үй тұрғызатын. Қазіргілер асардың не екенін білмейтін де шығар. Көмектеспек түгілі, көршісін танымайтындар бар. Ал аядай ауылда ашықса да, тарықса да, адамгершіліктен аспаған, көтеріңкі көңіл-күймен жүрген адамдарды көрдім. Ауылымыздан ән мен күй үзілмейтін. Өнерге жақын болуымның сыры – сол. Әкем колхоздың жылқысын бағатын. Бір күні колхоз әкеме гармонь сыйлапты. Бұл сыйдың сырын түсінбесек те, бұрын-соңды қолымызға ұстап көрмеген аспапқа қатты қызықтым. Ағаларым аса керек қылмаған соң, әлгі гармонь менің меншігіме айналды. Арқалап жүріп үйреніп алдым. Кейін мәдениет үйі салынған соң ауылымызда фортепиано пайда болды. Оны да тез үйрендім. Мектебімізде музыкалық аспаптың түр-түрі болатын. Ауылымыз өнерден кенде болған жоқ. Менің актер болу арманым сол аядай ауылдан, балалық бал дәуреннен басталды. Мектеп бітіріп, ата-анама өнер жолына түскім келетінін айттым. Екеуі де қарсы болды, көнбеді. «Басқа оқу құрып қалды ма? Қайдағы бір жын-шайтанның оқуын қайтпексің?», – деп шешем қатты наразы болды. Қалаға жібергілері келмейтінін түсіндім. Жастары келіп қалған. Үлкендердің бәрі жан-жаққа кеткен, ата-анама қарайтын, үйдің шаруасын қолға алатын ешкім болған жоқ. Есіктің алдында бақшамыз, қорада мал болды. Амал жоқ, арманымнан бас тартуға тура келді. Ауылда қалып, Мәдениет үйінде баяншы болып жұмыс істедім. Бір жылдан соң Алматыға барам деп тағы қиғылық салдым, тағы көнбеді. Екінші рет жолым болмаған соң, мектепке музыка пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. 20 жасқа келгенде ауылда жүре берсем қараңғы болып қалатынымды түсіндім. Ешкімнің қарсылығына қарамаймын деп шештім. Әке-шешем одан әрі ауылда ұстап отыра алмайтындарын түсінді-ау деймін, көнді. Батасын беріп, Алматыға шығарып салды. Алматы мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) актерлік факультетіне түсіп, Кеңес Одағының халық әртісі Хадиша Бөкееваның сыныбына қабылдандым. Әшірбек Сығай, Рахилям Машурова, Ерсайын Дүйсенбиев, Ғайникамал Байқошқаровамен бірге оқыдым. 1967 жылы «Лениншіл жасқа» жаңа кино түсірілетіні, сол фильмде ойнайтын актерлерге байқау жарияланғаны туралы ақпарат жарық көрді. Ол кезде Абай көшесіндегі 56-үйде, консерваторияның жатақханасында тұратынбыз. Әлгі газет қолдан-қолға өтіп, бақ сынап көргісі келетіндердің қатары күн санап артты. Көппен бірге мен де кастингке қатыстым. Бәрімізді суретке түсіріп алды. Студенттер, театр актерлері де бақ сынады. Қыз Жібек рөліне үміткерлер тіпті көп болды. Кастингке 400-ден астам қыз қатысқан екен. Кіл сұлулар, сән-салтанаты бір-бірінен асып түседі. Сырт келбет маңызды болғанымен, ішкі сұлулықсыз, Алла берген дарынсыз тағы болмайды. Режиссерлердің талаптарын орындай алмаған жүздеген қыз бір мезетте-ақ байқаудан ысырылып қалды. Сұлтан Қожықов көпке дейін басты рөлге лайық қыз таба алмай дал болды. Бір күні киностудияға Меруерт келді. Шашы ұзын, түр-тұлғасы жинақы, киген киімі мен жүрген жүрісі келісті. Бірақ түрі аздап суықтау екен. Дәлізде көріп қалып, көзімді ала алсамшы. Ол да маған көзінің қиығын тастады. Сол сәт дәл кеше болғандай әлі есімде. Ішімнен: «Мынау нағыз Жібек қой» дедім. Айтқаным айдай келді. Басты рөлге Меруерт екеуміз бекітілдік. Режиссердің таңдауына қарсы шыққандар көп болды. «Жастар ойнайтын рөл емес, ысылған актерлер ойнауы тиіс», – деп шу көтерді. Қызу пікірталастар жүрді. Сол кезде біздің сөзімізді сөйлеген Олжас пен Асқар Сүлейменовтерге рахмет. Олар «Қазақфильмде» редактор болып істейтін. Талқылау кезінде Олжас ешкімнің аузын аштырмапты. Өзім ол жиынға қатысқан жоқпын, шудың ортасында болғандар айтып берді. «О чем вы говорите? Какой будет рассвет если мы будем снимать Тулегена в 30 лет, Бекежана в 50 лет?», – деп Олжас қарсы уәж айтқандарға дүрсе қоя беріпті. Бұл дау Дінмұхамед Қонаевтың алдына дейін барды. «Кино маманы емеспін. Бірақ жастар түскен киноның тартымды болатынына көзім жетеді», – депті Димекең. Сол кісі айтқандай кино әлі де тартымды, көрерменін жоғалтқан жоқ. Фильмнің сәтті шығуына сол кездегі министр Ілияс Омаровтың қосқан үлесі өлшеусіз. Ол кісі өнердің нағыз жанашыры еді. Сондай тұлғалардың арқасында «Қыз Жібектің» тұғыры берік, мәртебесі биік болды. «Қыз Жібектен» кейін Меруерт екеуміз Абдолла Қарсақбаевтың «Біздің Ғани» фильміне түстік. Онда мен Ғани Мұратбаевты сомдасам, Меруерт оның жары Раушанның рөлінде ойнады. 1970 жылдың күзінде, «Біздің Ғанидың» түсірілімі жүріп жатқанда екеуміз шаңырақ көтердік. Содан бері өмірде, өнерде де жұбымыз жазылған жоқ. Отау құрғанымызға биыл 45 жыл толады екен. – Иә, «Қыз Жібектен» бастау алған махаббаттарыңыз ел арасына аңыз боп тарап кеткен. Десе де, бастапқыда ауыл жігітіне қала қызының тілін табу қиынға соққан жоқ па? Куман-Меруерт-0011-620x330– Меруерттің Алматыда өскені рас, бірақ мен оны қаланың қызы деп айта алмаймын. Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келген. Оның Қыз Жібектің ауы­лынан шыққанын біреу білсе, біреу білмес. Сұлтан ағамыз да фильм шыққан соң бір-ақ естіп, қатты таңғалған. Ол кезде туған жеріңді, руыңды ешкім сұрай бермейтін. Қазақпыз дедік те, жүре бердік. Бүгінгідей рушылдық, жершілдік деген болған жоқ. Қазір жақындап кетсең, елдің бәрі: «Аға, қай рудансыз?», – деп сұрайды. «Қазақпын, басқасын біліп қайтесің?», – деймін. Сонда да қазбалағыш. Шыққан жерімді, жеті атамды білемін. Бірақ оны өзгенің біліп керегі не? Белгілі адамдардың ата тегін, руын біліп алып, өзіне бұра тартқанға мәз. «Руға бөлінгеннің рухы сынсын, жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» демей ме қазақ? Рушылдық түбімізге жете ме деп қорқамын. Қазаққа көз алартқандар осы мінімізді өзімізге қарсы пайдаланбасына кім кепіл? Бірді айтып, екіге кетті деп сөкпеңіз. Ащы шындық – осы. Сауалыңызға ойысайын. Меруерт қалада өскенімен, бойына далаға тән кеңдікті, қарапайымдылықты сіңірген. «Шешесіне қарап, қызын ал» дейді ғой қазақ. Келбеті мен жан дүниесіндегі сұлулық анасынан дарыған деп ойлаймын. Кәмила анамыздың жасы жуырда 90-ға келді. Қазына қарт ортамызда қарайып отыра берсе екен деп тілейміз. Ал Меруерттің турашылдығы мен батылдығы әкесіне тартқан. Ол кісі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Польша мен Германия қалаларында коммендант болған адам. Меруерт екеуміздің мінезіміз тез жарасып кетті. Жарастығымызға «Қыз Жібектің» ғана емес, киноның басы-қасында жүрген ағалардың да септігі тигенін айта кету керек. Менің Меруертті ұнатқанымды байқаған болуы керек, Әлекең (Әнуар Молдабеков – ред.) менің сөзімді сөйлеп: «Меруертжан, осы жігітке қосылсаң, қор болмайсың» деп үгіттейтіні есімде. – Әлгінде «Ауылда қалып кетсем, қараңғы болып қалар едім» деп жоғары білімсіз өсіп-өнудің мүмкін еместігін меңзеген боларсыз. Әйтпесе, білімнің темірқазығы қалада емес, далада қағылды емес пе? – Әрине. Мен бала күнімнен кітапқа жақын болдым. Мектебіміздің кітапханасы бай болатын. Сондағы әдебиеттерді таласып оқитынбыз. Кезек күтіп, кітапты тауысқанша бір-бірімізді асықтырушы едік. Қызық кітапты өзгелерден бұрын оқып алған оқушы басқамызды еліктіретін. «Соңы немен аяқталатынын айтпа, өзім оқып аламын», – деп оқыған кітабының әсерімен бөліскісі келетін достардың аузын аштырмай қоятынбыз. Кітапты кино көріп отырғандай құмартып оқыдық. Қазір кітапханаға бара жатқан баланы көрмейсің, мектеп міндеттейтін пәндердің оқулығынан басқа кітап алмайды қолдарына. Өткен жылдың соңында журналистермен кездесуінде осы мәселені Елбасымыз да қозғады. «Айфон, айпадтармен кітап оқығандарды түбінде қағаз кітап оқығандар басқарады» деген жоқ па еді? Кітап оқығысы келмесе, тым болмаса, театрға келсін. Қазір театрлардың репертуары бай. Қазақтың классиктері, әлем классикасының үздіктері сахналануда. Жаңашыл шығармалар да қалыс қалып жатқан жоқ. Театрға келсе, Сәбит Мұқановтың, Шекспирдің кім екенін білер еді. Өзінің тамырын танып, тарихынан тағылым алар еді. Театр сахнасынан өзге халықтардың болмысы мен мәдениетін де тануға болады. Қазір танымымды кеңейтем деген балаға барлық мүмкіндік жасалған. Біз спектакльге де, киноға да сусап өстік. Ауылымыздың клубы ескі шіркеудің орнында болатын. Аудан орталығынан екі-үш айда бір рет арбамен кино әкеп қоятын. Сол арбаның жолын күтіп жүреміз. Орталық ауылдан 25 километр қашықтықта. Аудан орталығын алғашқы рет үшінші сыныпта көрдім. Ауылдан ұзап көрмеген балаға ол үлкен шаһар сияқты көрінді. «Мынадай да жер бар екен ғой» деп таңғалғам. Одан кейін пионер слеттеріне жиі барып тұрдым. Жан-жақтағы ауылдардан топ-топ бала жиылады. Қазақ-орысы, украины мен татары аралас. Бір-бірін бөтенсіну деген жоқ. Таныса салып: «Будем дружить?» деп бауырына тартатын. Қазір үлкендер тұрмақ, балалар да бір-біріне суық. Өзі құралпы баланы іш тартып, маңына жуыта қоюы қиын. Бұрын біз бір топ болып, таңнан қара кешке дейін далада жүретінбіз. Ойынға жақын үйден жүрек жалғап аласың да, ары қарай ойнап кете бересің. Жазда асығыңды арқалап, қыста шанаңды сүйретесің. Күннің ыстық-суығы міз бақпайтынбыз. Қазіргі балалардың тәрбиесі басқа. Ата-анасы секемшіл болған соң, бала да жан-жағына күдікпен қарайды. Қайырымдылық, мейірім деген құндылықтар жоғалып барады. – М.Әуезов театрына қабылдану бұрын да оңай болмаған деп естиміз. Қазір де бұл сахна тек таңдаулыларға бұйырады. Меруерт апай екеуіңіз театрға оқуды бітірісімен қабылданған екенсіздер. «Қыз Жібектен» соң басшылықтың сіздерді жұмысқа алмауға қақысы болмаған шығар? – «Қыз Жібектің» атағы дүркіреп тұрған кезде келдік қой театрға. Шығармашылық топтың да, актерлердің де танымалдығы күрт артқан шақ. Театрдың бас режиссері Әзірбайжан Мәмбетов болатын. Ол кісі «Казахстанская правдаға» көлемді мақала жазып, «Қыз Жібекке» алғашқылардың бірі болып жоғары баға берген адам. Бізді жұмысқа қуана қабылдады. Бірақ «жұлдыз ауруымен» ауыруға мұрсат берген жоқ. Келе салып, жаңа рөлдерге кірісіп кеттім. Театрдағы ең алғашқы рөлім – Оралхан Бөкейдің «Құлыным менің» шығармасындағы Жан. Пьесаны Қадыр Жетпісбаев сахналаған болатын. Анарды марқұм Фарида Шәріпова ойнады, Бозтайлақты сахнаға Әнуар Молдабеков алып шықты. Оралхан екеуміз сол қойылымнан кейін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атандық. Режиссерлер маған Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» Ақанды, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» Шоқанды, Т.Ахтановтың «Антында» Сауранды, М.Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» Әлібек, Н.Хикметтің «Фархад-Шырынындағы» Фархад сынды рөлдерді сеніп тапсырды. Төлеген маған театрда демеу болмайтынын, арқаны кеңге салуға қақым жоқ екенін түсіндім. Өзіме артылған сенімді ақтау үшін үздіксіз еңбектендім. Жаңа рөл алған сайын тынысым ашылып, шеберлігім шыңдала берді. 1973 жылы консерваторияны тәмамдап, Меруерт те театрға қабылданды. Әкемтеатрдың сахнасында қол ұстасып, талай рөлдерді бірге ойнадық. Мұхтар Әуезовтің «Қаракөзінде» мен – Арша, ол – Қаракөз, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер Анасында» мен – Қасым, ол – Әлиман болып шықты. Киелі сахнада ойнап жүргеніме биыл 47 жыл болады екен. 1969 жылы театрдың кадрлар бөліміне өткізген еңбек кітапшам орнынан қозғалған жоқ. «Жұмысқа қабылданды» деген бір ғана мөр басылған. Меруерт те, мен де М.Әуезов театрынан табан аудармай еңбек етіп келеміз. – Кино сыншылары соңғы 40 жылда «Қыз Жібек» сияқты ғасыр картинасы түсірілген жоқ дегенді алға тартады. Бүгінгі режиссерлер неге өміршең туынды бере алмай жүр? – Отандық киноиндустрияда өлмес туындылар пайда болуы үшін Айманов пен Қожықовтар қайта тууы керек шығар. Кеңестер тұсында үлкен кино мектебі болды. Сол мектептен өткен режиссерлер қазақ киносына өлмейтін дүниелер берді. Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Шәріп Бейсенбаев сияқты режиссерлер қазір жоқ. «Қазақфильм» түсіріп жатқан кинолар көңіл көншітпейді. Төл туындылардың бәріне бірдей күйе жағудан аулақпын, сапалылары да бар. Бірақ оларды халыққа жеткізу тетіктері жолға қойылмаған. Кинотеатрлардың бәрі жеке қолда. Олар қалтаның қамы үшін отандық кинодан гөрі шетелдің атышулы фильмдерін көрсеткенді құп көреді. Кино туралы жеке заң қабылдануы керек шығар, бәлкім. Төл өнімдерге қойылатын талаптар, кинотеатрлардың құқықтары мен міндеттері, кинопрокаттың тәртібі жүйеленген құжат болса, сала қалыпқа түсер еді деп ойлаймын. – Сапалы деп кімнің жұмысын меңзедіңіз? Соңғы жылдары түсірілген фильмдердің қайсысы төл тарихты, ұлттық мінез бен бүгінгі күннің шындығын жоғары деңгейде көрсете алды деп ойлайсыз? – Қазір кинорежиссер өте көп. Өнер академиясын бітіре салып, жастардың бәрі кино түсіруге асығады. Дайындық – шала, ұсынатындары – шикі. Білімнің аздығы, дүниетанымның тарлығы менмұндалап тұрады. Режиссер өз объектісін мұқият зерттеуі керек. Ұсынған дүниесі тұщымды болу үшін ол үстелінің үстінде жатқан сценариймен шектеліп қалмауы керек. Әдебиет пен тарихты, өнерді, психология мен философияны терең меңгерген адамның жұмысы ғана жұмыр болады. Кітап оқымаған соң ойдың ұшқырлығы мен қиялдың еркіндігі кемшін. Тынысы кең режиссер деп «Көшбасшы жолы» киноэпопеясын түсірген Рүстем Әбдірашовты атар едім. Елбасының өзі жазған кітаптарға негізделіп түсірілгендіктен, фильмнің барлық көріністері шынайы шыққан. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілетін 10 сериялы телехикаяның да Рүстемге тапсырылғаны құптарлық. Ұлттық мінезді жоғары деңгейде көрсетіп жүрген мықты режиссерлер баршылық. Мәселен, отандық киноға соны леп әкелген «Жаужүрек мың бала» фильмінің режиссері Ақан Сатаевты айтуға болады. Оның «Ликвидатор», «Рэкетир», «Адасқан» фильмдері көрерменнің көңілінен шықты. Қайсыбір жылы Қазақстанның оскарлық комитеті «Адасқанды» отандық фильмдердің ішінен таңдап алып, «Оскардың» «Шетел тілінде қойылған ең үздік фильм» аталымына ұсынғаны кездейсоқтық емес. – «Оскардың» жаңа иегерлерінің есімі жуырда ғана мәлім болды. Жүлде 24 аталым бойынша табысталды, бірақ қазақ киносы ешбіріне үміткер болған жоқ. Отандық фильмдер неге бәсекеге қабілетсіз? Қазақ киносының әлемге құлаш жая алмауы нарық талабына икемсіздігінен емес пе? – Нарықтың талабы біреу-ақ: сатып алу – сату. Ұлттық мәдениет коммерцияны көпке дейін жатырқап келді. Бірақ қазір өнер де, әдебиет те нарық заңдылығына бейімделе бас­тады. Өйтпеске амалы бар ма? Киноның екі түрі бар: коммерциялық және авторлық. Авторлық кино түсіріп жүрген режиссерлердің ішінен Жәнібек Жетіруовты ерекше атар едім. Оның «Аққыз» фильмі Эстонияда, Үндістанда, Түркия мен АҚШ-та өткен бірнеше халықаралық кинофестивальдерге қатысты. Бірақ прокатқа шыққан жоқ. Бұл киноға мен де түскен едім. Жұмысымыздың нәтижесін отбасыммен бірге отырып көрейін десек, интернеттен табылмады. Ғаламторда жалт еткен жарнамасы ғана бар екен. Өзінен сұрап едім, бермеді. Қолдан қолға өтіп, тарап кеткенін қаламады-ау деймін. Ал коммерциялық кинолардың саны өте көп, бірақ сапасына келгенде ауыз толтырып айтарлық дүние аз. «Келинка Сабинка» деген «керемет» фильм шықты деп естідім. Жастар жаппай кинотеатрға ағылып, киноның кассалық түсімі жоғары болған көрінеді. Келіннің рөлін еркек ойнайды дей ме? Өз басым көрген жоқпын, көргім де келмейді. Жас режиссерлердің бәрі комедияшыл болып алды. Көрерменді арзан, арсыз күлкімен алдаусыратып жүр. Отандық коммерциялық фильмдердің үздігі деп Ермек Тұрсыновтың «Келін», «Шал» картиналарын атауға болады. Сыншылардың оң бағасын алды, көрерменді де жинады. Бұл – есте қалатын фильмдер. Ермекте потенциал бар. Алдағы уақытта үлкен жобаны қолға алып, әлемді мойындататынына сенемін. Тек төл өнерді сыртқа насихаттаймын деп жүрген мамандарға үкімет тарапынан қолдау болса болғаны. Тұғырлы фильмдер түсіруге қазақтың тарихы да, әдебиеті де сұранып тұр. Тек халықаралық талаптарға сай болу үшін мықты база құрылуы керек. Мәселен, қазақ тарихындағы ірі шайқастарды 5-6 аттың, 3-4 арбаның көмегімен түсіре алмайсың. Америкалық фильмдерге қарасаң, аттары мен иттеріне дейін «өнерлі». Оларда кино түсіруге арналған база бар, құрал-сайман мен қару-жарағы сақадай сай. Біз «Қыз Жібекті» түсірерде қатты қиналдық. Үйретілмеген аттар камерадан үркіп, әбден әбігерге түсірді. Отандық фильмдердің кеңге қанат жая алмауының тағы бір себебі – өз мамандарымызға сенімсіздік. Ұлттық нақыштағы фильм түсірілер болса, шетелден актер, қала берді режиссер шақыратын әдет пайда болды. Тілі, ділі басқа маман ұлттық киноға жан бітіре алады дегенге өз басым сенбеймін. Голливудтың, француздар мен итальяндар­дың киносы неге әйгілі, әлемдік экранда біз неге жоқпыз деген сауалға жауап іздей­тін болсақ, бәрі қаржыға, мамандардың әлеуметтік жағдайына келіп тіреледі. Олар сапалы дүниеге ақша салуға сараңдық танытпайды, өйткені құйылған капиталдың еселеніп ақталатынын біледі. Голливудтың актерлары біздің әртістер сияқты күнкөріс қамы үшін той-томалақ жағалап жүрген жоқ. Жеткілікті ақша төленген соң, әр істің басын бір шалмай, назарының бәрін бір ғана жобаға аударады. Ал біздің актерлар ше? Бір түсірілімнен шығып, екіншісіне асығады. Одан қалса, той-томалақ пен жарнамаға жүгіреді. Қазір әртістерге бір ғана жұмыспен отбасын асырау қиын. Жан-жақты болғаны дұрыс, телевидение­ден көрінгендерін де құптаймын. Бірақ әр жерге басын сұға берген соң, қадір-қасиеті қашады. Ақшадан қатты қысылғанда мән-мағынасы жоқ жобаларға түсуге мәжбүр болады. Бір нәрсе анық: қалта қамы басым түскен жерде шығармашылық өрлеу болмайды. – Бексұлтан Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» драмасындағы сіз сомдайтын қария бүгінгі қарттардың жиынтық бейнесі іспеттес. Үкімет жариялаған соңғы деректер бойынша елімізде егде тартқан 35 мыңнан астам адам қарттар үйі мен әлеуметтік мекемелерде күнелтуде. Сіздіңше, отбасы құндылықтарын әлсіреткен не? Мейірімсіз қыз, қатыгез ұл неге көбейді? – Өз көзімізбен көрмеген соң сенбеуші едік. Расында да, қоғам қатыгезденіп барады. Теледидарды қоссаң да, радионың құлағын бұрасаң да, газет-журналды парақтасаң да – ата-анасынан жеріген балалар. Әке-шешесінің үйіне таласып, қырық пышақ болып жатқандарға да таңғалмайтын болдық. Бұл – рухани азғындаған қоғамның көрінісі. Бір кездері құлаққа түрпідей тиетін жеңіл жүрісті қыздардың жайы да қазір ешкімді мазаламайды. Қалыпты құбылыс сияқты қабылданатын болған. Етіміз үйреніп кеткен-ау шамасы. Қазақтың ардақты ұлдарының атын иемденген көшелерден арсыз қыздар әлі де аласталған жоқ. Қазақ қызы ұяттан неге безінді? Біреу-міреу себебіне үңіліп көрді ме? Ұстап алып, айыппұл салғаннан, темір торға тоғытқаннан сол қыздардың тәртібі түзеліп кететін болса, осы уақытқа дейін бір нәтиже шығар еді ғой. Меніңше, мұндай әрекетке оқымағандар барады. Алматыға арман арқалап келген жастардың көбі оқуға түсе алмай жүр. Мемлекеттік грант санау­лы, ал ақылы бөлімде оқу үшін қалтаң қалың болуы керек. Бағаның бәрі шарықтап кеткен. Алматыдағы жоғарғы оқу орындарындағы ең төменгі баға – 600-700 мың теңге. «Крутой» университеттерде бір миллионға жетіп жығылады. Ауылдан келген бала 500 мыңды қайдан тапсын? Әке-шешесі қорадағы бес-алты қойына қарап отыр. Есік алдындағы бау-бақшасына көктемде 5 картоп егіп, күзде 10 картоп алады. Қолынан келетіні – бала-шағасының қарынын тойғызып, киімін түгендеу. Кім баласының білім алғанын қаламайды? Оқытайын десе, қолы қысқа. «Бір жыл жұмыс істеп, ақша жина. Келесі жылы оқуға түсесің», – деп қалаға қоя береді. Бұл жаққа келеді де, пәтер жалдайды. Даяшы немесе сатушы боп тапқаны баспана мен ішіп-жемнен артылмаған соң, көп ақша табатын жұмыс іздейді. Ақыры неге ұрындырарын кім білсін? Базарға жиі барып тұрамын. Арба сүйреген, жүк тасығанның бәрі – қазақтың баласы. Жерге таласып, баспанасын даулап жүрген де – қазақтар. Ұлан-ғайыр даладан он сотық телім ала алмай жылап жүр. Өз жерінде тұрып ұлтарақтай жерге зар болған кімді көрдіңіз? Әкімдердің есебін тыңдасаң, бәрі жақсы, шешілмеген түйін жоқ. Қағаздары қанттай. Ал іс жүзінде басқаша. Білім саласы, әлеуметтік қамсыздандыру саласы да жүйеленбеген. – Жастар: «Ата мен әже институты тұғыран тайды», – десе, қарияларымыз, керісінше, «Сөзді ұғар жас қалмады», – деп жиі күрсінетін болған. Екі буын бір-біріне неге өкпелі? – Бұрынғының жастары үлкен кісінің алдынан кесе-көлденең өтпейтін. Ұстазды құдайындай сыйлайтын еді. Ал қазіргі жас­тар мұғалімнің алдында шімірікпестен шылым шегіп тұра береді. Не ұлы, не қызы именбейді. Мектепте болған келеңсіз оқиғаның бәрін ұялы телефонға түсіріп алады да, көптің «көзайымына» айналдырып жібереді. Бұл қайдан шыққан әдет? Шортанбай жырау: «Кейін келер заманда ұл сыйламас атасын, атасы бермес батасын, – деп жырлаған екен. Сол заман тап келді ме деймін. – Д.Кобурнның «Жынойнағына», А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуіне» сізді іздеп келетіндер көп. Веллерді екінші құрамдағы актер Бауыржан Қаптағаймен, Кулыгинді Бақтияр Қожамен кезектесе ойнап жүрсіз. Үніңіз де, пластикаңыз да орта буынға есе жібермейді. Алпысқа алдырмаған актер жетпістің жетегіне жүре қоймайтын шығар? – Жетпіс дегеніңіз жеті-ақ қадам екен ғой. Уақыт неткен жүйрік десеңші! Театрдың табалдырығын аттағаным кеше ғана сияқты еді. Жарты ғасыр өте шығыпты. Түр өзгергенімен, көңіл орнында. Алла тағала денсаулық берсе, киелі сахнадан жырақтамаймыз. Өйткені көрерменді сәл көрмесек, тірлігіміз жүрмей қалғандай болады. Сахнаға шыққанда ауру-сырқауыңнан құлан-таза айығасың. «Апалы-сіңлілі үшеуді» белгілі режиссер Рубен Андриасян қойды. Бұл спектакльге дейін театрымыздың маңдайалды қойылымдарының бірі – «Ымырттағы махаббатты» сахналаған болатын. Екеуі де аншлагпен жүреді. Режиссер Кулыгиннің рөлін ұсынғанда қуана келістім. Кейіпкерді сәтті ашу үшін А.Чеховты қайтадан парақтап шықтым. Бір түсінгенім, қартайдым деп ізденісті тоқтатуға болмайды. Тіршіліктің шарты – даму. Ал ізденіссіз даму, өрлеу жоқ. «Век живи, век учись» демей ме орыстар? Жасымыз келді, болдық-толдық деген емеспіз. – Меруерт апай екеуіңіздің өмірдегі, өнердегі өнегелі ғұмырларыңызды ұрпаққа үлгі ету үшін кітапқа түсіру ойда бар ма? – Бұл – біздің көптен бергі арманымыз. Материал өте көп. Соның бәрін жинап, кітапқа түсіргіміз келеді. Кейінгі ұрпаққа естелік боп қалар еді. Деректерді бір арнаға түсіріп, редакциялық жұмыстың бәрін қолға алатын адам болса, сеніп тапсырар едік. Сәтін салса, бұл арманымыз да жүзеге асар. – Әңгімеңізге рахмет!