Өтеген Оралбайұлы: Мемлекеттік сыйлықты алып тұрып бір қуандым, бір өкіндім...

Өтеген Оралбайұлы: Мемлекеттік сыйлықты алып тұрып бір қуандым, бір өкіндім...

Өтеген Оралбайұлы: Мемлекеттік сыйлықты алып тұрып бір қуандым, бір өкіндім...
ашық дереккөзі
Оның өмірінің өрнегі – өлең, өлеңінің өзегі – өмір. Ол жанына жазуды жалау ғып, қаламды серік еткен тағдырына риза. Өйткені туған еліңе қызмет етуден, оның тілін, әдебиетін қал-қадеріңше алға жетелеуден артық бақыт жоқ деп біледі. Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбайұлы өзін бақытты ақынмын дейтіні сондықтан. Қаламгермен сұхбатымыз әдебиеттің арнасынан асып, қоғам өмірінің сан түрлі саласында қордаланған мәселелерді қаузады. – Өтеген Оралбайұлы, әңгімеміздің әлқиссасын өткен жылдың желтоқсан айында Ақордада өткен айтулы шарадан бастағанды жөн көріп отырмын. Елбасының қолынан алған мәртебелі марапат – Мемлекеттік сыйлық иегері атануыңызбен «Түркістанның» оқырмандары атынан құттықтауға рұқсат етіңіз! – Рахмет, айналайын, мемлекетіміздің мәртебелі сыйлығы менің 50 жылдық шығармашылық ғұмырымның түйіні болды десем, артық айтқандық болмас. Бұдан тура елу жыл бұрын, 8-сыныпта баспасөзге алғашқы өлеңім шығып еді. Жарты ғасырлық жол жақсылықпен аталып өтті. – Бәйгеге қосылған «Шуақты шақ» жүзден жүйрік шығарын ақындық түйсік сезді ме? – Ақындық түйсік, қаламгерлік интуиция әрбір қаламгердің жан дүниесінде болатыны рас. Жарыстың аты жарыс дегенмен, бұл жерге «қымызды кім ішпейді» деген мәтел жүрмейді. Мұның алдында «Қағбаның қарлығаштары» деген жыр жинағыммен осы бәйгеге түскенім бар. Бұл еңбегім көптің көңілінен де, өзімнің көңілімнен де шыққан еді. Баспасөзде жиырма жеті пікір-қолдаулар жарияланды. Бірақ жинақ жеңіске жете алмады. Оның белгілі-белгісіз себептері бар. Қадыр Мырза Әли: «Мен жабық жарыстан қорқамын, не болса да жарыстың ашық болғаны жақсы» деп айтпақшы, ат қосқан адам озамын деген үмітпен қосады ғой. Әрине, үйдегі көңілді үйірдегі топ шешеді, қиялыңды қазылар шешеді, жан үмітін жасырын дауыс шешеді. Мемлекеттік сыйлық деп аты айтып тұрғандай, «Шуақты шақ» атты бұл жинағымды мемлекетшіл, елшіл, отаншыл пиғылдағы туындыларыммен тұтастырып, қазіргі заман, адам мен қоғам арасындағы ащы-тұщы көзқарастағы өлеңдеріммен әдіптедім. Үш бөлімнен тұратын кітаптың бірінші бөлімі «Тәуелсіздікке тағзым» деген жалғыз жырдан тұрады. Бұл өлеңім студенттер арасында өлең оқудан өткен республикалық мүшәйрада бас бәйге алып, барлық облыстарға таратылған еді: Кірдім талай теңдік үшін додаға, Қалған жоқпын жанға жайлы жағада. Қалың елім, Қара орманым, қазағым, Менің жаным сендер үшін садаға, – деп аяқталатын сөзім – сертім де, дертім де. – Мемлекеттік сыйлықтан әркімнің дәмесі бар. Оның айналасында шу да көп, дау да көп. Бұл марапат сіздің айналаңызға, шығармашылығыңызға қандай өзгеріс әкелді? – Мемлекеттік сыйлық – әрбір қаламгердің арманы мен үміті. Тоғандағы балықтардың телегей теңізге ұмтылатыны секілді, әрбір ақын-жазушы өз шығармашылығының қорытындысын, жеткен биігін осы сыйлықпен өлшейді. Бұл – заңдылық. Мен мектеп бітіргенде әкем ауырып жатқан болатын. Үйдегі 8 баланың үлкенімін, арманым Алматы еді. Әкеме аттестатымды әкеліп көрсеткенде: «Балам, қандай ойың бар?» – деп сұрады. Қысыла тұрып, Алматыға журналист болатын оқуға барғым келетінін, ақын болғым келетінін айттым. Анам: «Жер түбінде не бар, мына Гурьевке, мұнайдың, ауылдың оқуына түс!», – деді. Әкем: «Балам, тілегіңе жет, мен жетпеген арман еді, қарайлама, жолың болсын!» деп батасын берді. Әкем жыршы-термеші, ақын, сәйгүлік баптаған сейіс, дәулескер домбырашы болған адам. Мінезді кісі еді. Ақордада Елбасының қолынан мемлекеттік сыйлықты алып тұрып, бір қуандым, бір өкіндім. Қуанғаным – әкемнің аманатын орындадым, жолын жалғадым, есімін елге таныттым, туған жерімнің мәртебесін көтердім. Өкінгенім – ұстазым Рымғали Нұрғалиев «Лениншіл жас» газетіне қызметке келгенімде қуана құттықтап, «сен әуелі еліміздің комсомол сыйлығын, сонан кейін мемлекеттік сыйлық алуға тиіссің, менің тапсырмам осы» деп еді, ұстазымның тапсырмасын орындадым, бірақ ол кісі мұны көре алмай кетті. Рымғали аға мені туған бауырындай, сырлас досындай, мұңдас қатарындай жанына тартты. Өзің айтқандай, дос болып жүріп, сырт айналған, қатар жүріп, қараулық ойлаған «ескі достарым» бұған дейін де болған, әлі де бар. Кешегі Желтоқсан көтерілісі кезінде үрейлі үндеместерге «үйдей бәлелі» деп домалақ арыз жазған қаламгер қатарластарым сыйлық алғаныма тарылып жатқан болар. Бард ақын Табылды Досымовтың бір ащы ән-өлеңі бар. Бұл әнді қазір әнші Елена Әбдіхалықова қарындасым айтып жүр, бірақ «Осы әнді айтпай-ақ қойшы» деп өтініш жасағаным бар. Мен қазақтың тек жақсы жағын көргім келеді. Мұстафа Кемал Ата Түрік: «Ей, түрік ұланы, сен түрік болып туғаныңа мақтан!» десе, осы сөзді: «Ей, қазақ баласы, сен қазақ болып туғаныңа мақтан!» деп қайыра айтатын күнді аңсаймын. Осындай күнге жетсек деп армандаймын. Біреуден кейін, біреуден ілгері болармын, қаламым әл-қәдірінше қазаққа қызмет етіп келеді. Әлихан Бөкейханов айтқандай, «ұлтқа қызмет ету – мінезден», бойымда әкемнен дарыған осындай қасиет бар деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметте өткен 25 жыл ішінде өз деңгейімде ұлт мәдениетіне, руханиятына қолдан келгенше еңбек еттім. Менің бақытым да, бағым да осында. – Ғұмырыңыздың ширек ғасырға жуығын журналистикаға арнаған екенсіз. Өмірбаяныңыз жылдар мен оқиғаларды жіпке тізгенімен, көргеніңіз бен түйгеніңізді түгендей алмасы анық. Баспасөз десе, ойыңызға түсетін оқшау оқиғалар мен ерек тұлғалар туралы айта кетсеңіз... – Бір шешеміз: «қыз күнімді айтсам, алысқа кетемін» деген екен. Ұлт баспасөзінде жиырма жылдан астам қызмет жасадым. Маңғыстаудың облыстық газетінде жүргенімде пассионар азамат, сардар сыншы Сағат Әшімбаев «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа шақырып, 1976 жылдан 1990 жылға дейін осы басылымда қызмет атқардым. Газеттің қатардағы тілшілігінен бастап, Мәдениет және ғылым, Әдебиет және өнер бөлімдерінде меңгеруші болдым. Біздің толқын газеттің таралымын 100 мыңнан 300 мыңға дейін жеткізді. Осы жылдар халқымыздың ұлық та заңғар тұлғаларымен аралас-құралас, іні-дос, сапарлас-санаттас, сырлас-сұхбаттас болдым. Осылардың ішінде қайыра айналып соға беретін бір кезең бар. Ол – Тәуелсіздігіміздің түндігін түрген Желтоқсан көтерілісі. Бұған дейін қазақ даласында 300-ден астам көтеріліс болып, барлығы қантөгіспен, қазақтың қанға бөгуімен аяқталып отырған. Бұл – ащы тарихымыз. Тұщы тарихымыз – осы күнге біздің, бүгінгі ұрпақтың жеткені. Желтоқсан туралы айтқанда мен үнемі осы тар кезең, тағдырлы шақта ұлт үшін бастарын бәйгеге тіккен, көзім көрген үш арысты арнайы айта кетемін. Біріншісі – Мәскеуден келген айғыр топ, айқұлақ төрелер Соломенцев пен Разумовский, көлгір Колбин мен жергілікті жандайшаптар қатысқан, 1986 жылғы 20 желтоқсан күнгі Қазақстан комсомолының кеңейтілген бюросында болған талқылауда халқын қасқая тұрып қорғап сөйлеген «Лениншіл жас» газетінің редакторы Сейдахмет Бердіқұлов. Бюроны сол кездегі Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Шулико жүргізіп отырған. Сол Шулико: «Әй, Бердіқұлов, отыр орныңа!» деп сұқ саусағын безегенде, «Әй, Шулико, тарт саусағыңды, осындай сұқ саусақ бізді осы күнге жеткізді» деп таймай, тайсалмай сөйлеген оқиғаны қазір анығын білместер әрсаққа жүгіртіп, баян сөздің бояуын кетіріп барады. Екіншісі – 1986 жылғы 23 желтоқсанда Ғылым академиясында болған бас қосу-талқылауда серпе сөйлеп, империялық саясаттың бет-пердесін ашқан заңгер академик Салық Зиманов ағамыз. 1991 жылы мен сол кездегі Жоғарғы Кеңес сессиясынан мақала жазатын тілшілер қатарында едім, дәл сол күні, 16 желтоқсанда, Салық ағаның үйіне барып, «Қазақстан» коньягін ашып, екеуіміз түрегеліп жылап тұрып, бір-бірімізді құшақтап құттықтап едік. Содан бір күн өткенде менің «Дала дидары» газетінде «Ежелден еркін ел едік» деген Салық Зимановпен екі беттік сұхбатым шыққан. Менің өмірімдегі ең бақытты күнім Тәуелсіздік алған осы күн деп есептеймін. Үшіншісі – 1986 жылғы 31 желтоқсанда Жазушылар одағында Колбин қатысқан жиналыста жұртын жылатып сөйлеген жауынгер ақын Жұбан Молдағалиев. Бұл туралы сол «Дала дидары» газетінде «Мәңгілік қазақ, мәрт ақын» деген көлемді мақалам шықты. Онда осы газеттің жауапты хатшысы болатынмын. Ақынның айбынды сөзі туралы көп жазылды, көп айтылды, оны қайталап жатпайын. 1991 жылғы 17 желтоқсанда шыққан осы мақаламда ағамыздың жұбайы София апаның: «София, балаларға бас-көз бол, мені осы ауруханадан тірі шығармайтын секілді» деген Жұбан ағаның сөзін келтіріп, ақынды Желтоқсан құрбандары қатарына қосқанмын. Бұл бір шешімі табылмаған жұмбақ. Тапсырма беріп, «сөйлейсің» деген Орталық комитеттің жауапты адамы, айтқанына көнбей, айдағанына жүрмей сөйлеген – Жұбан Молдағалиев. Бұл да біздің тылсым тарихымыз. Енді бірі, белгілі спорт журналисі, көрнекті қаламгер Несіп Жүнісбаев тек қана қазақ балаларынан тұратын «Намыс» атты футбол командасын құрып, әрине, Сейдахмет ағамыздың басшылығы бойынша, мен сол команданың гимніне сөз жаздым. Гимннің музыкасы композитор Әшір Молдағайыновтікі болатын. «Қайрат» ойнайтын Орталық стадионда қазақ балалары құлдыраңдап доп тебуге шыққанда, гимн шырқалғанда күллі стадион дүрлігіп, қуаныштан жарылып кетіп еді. Ғажап сезімді бастан кештік. Көзімізге жас алдық. Өкінішке қарай, бұл керемет бастама уақыт өте келе, Сейдағаң өмірден өткесін, ұмыт болып, талантты балалар балапан басына, тұрымтай тұсына кетті. Тілі мен ділі сырдаң, пейілі ақша мен бойы бұлғаң көзқамандар мен келімсектер салтанатты бастаманың аяғына су құйды. Арман әлі арман күйінде қалып келеді. Қазақтың үміті көп қой, үміт өлмейтіні рас болса, туар әлі жақсы күн. – Жылдар өтсе де ескірмей­тін, үйлену тойларында әлі күнге дейін «Жар-жармен» қатар шырқалатын «Жас жұбайлар жырының» сөзі сіздің қаламыңыздан туғанын көпшілік біледі. Сазы мен сөзі келіскен сондай есті әндер неге азайды? Композитордан сұрасаң, тыңдарманның талғамына ысырады... – Жастар газетінің Әдебиет бөлімінде отырған күндерімнің бірінде сол кезде әнге жазған сөздері жиі сыналып жүрген ақын ағамыз Бәкір Тәжібаев келіп: «Өтеген-ау, қазір жұрттың бәрі менің өлеңімді сынайтын болды, енді 20-30 жылда мұндай сөздерді де таба алмай жұртымыз жылайтын болады...» деп мұңайғаны бар еді. Жастық па, әлде аңғырттық па, бұл сөзге терең мән бере қойған жоқпын. Енді сол ағамыздың айтқаны келгенін көріп, бекер қынжылмаған екен деп отырмын. Шіркін, ол кезеңде Алматыны әсем ән орап, сері саз баурап, ән шалқып, күй балқып, би қалқып, өнер өрісін ашып, жұпарын шашып тұратын. «Жас жұбайлар жыры» да сондай бір сәтті кезеңде туған. Жастар басылымының «Ақ отау» жас жұбайлар клубында берілген Рахымбай Ханалиевтың фотосуретіне жазылған өлең-текстовка әнге айналып, талай жыл жастарға серік, тойға көрік болып келе жатқаны рас. Бұл әнді мен Қытайда, Моңғолияда, Түркияда, Ресейде, Өзбекстан мен Қырғызстанда талай рет тойларда тыңдадым. Бекжігіт Сердалының әні мыңдаған қазақ жастарының басын қосты. Ең алғаш мұны халыққа жеткізген – шымкенттік Дәрібаевтардың отбасылық ансамблі. Рахмет оларға. Ән мен сөздің мазмұны мен табиғаты туралы сөзге қайыра келсем, қазіргі әндерді тыңдай алмаймын. Сөзі сұйқыл, әуені қиқыл, орындаушысы олақ, тыңдаушысы салақ. Салақ дегенім, талғамы төмен дегенім. Талғам туралы талас сөз айту қиын, әркімнің өз «көркемдік кеңесі» бар. Мұның дерті мен серті тереңде жатыр. Қазақ тілі халық тіліне айналмай, өз жерімізде өгейлік көруде. Тіл шұбарланды, діл тұманданды, дәстүр даңғазаның, салт еліктеу-солықтаудың тасасында қалды. Композиторлар талғамға сілтегенмен, қазір сазы терең, әуені ерен сазгерлер өте аз. Тапсырыспен ән жазып, таныстықпен эфирге шығып жүрген белгілі топ қана бар. – Қырықтан астам елдің ақын­­дарын қазақша сөйлет­ті­ңіз. Өз өлеңдеріңіз де 10-ға жуық тілге аударылды. Аударма ісінің бү­гінгі аяқ алысы қалай? – Аударма – қиын өнер. Аударма туралы айту да күрделі. Өйткені аударма, мемлекеттік органдарда қазақ тілінің өз деңгейіне шығуына үлкен тосқауыл болып отыр. Кез келген мемлекеттік органда бірен-саран аудармашылар отыр, бәрін соған береді де, басшылары «бізде қазақ тілі жақсы жүріп жатыр» деп, тоқмейілсіп, тобық жұтып отырады. Екіншіден, қазір орыс тілін, ағылшын, неміс, қытай, араб тілдерін білетін жас ұрпақ жетіліп келе жатыр. Олар әр елдің көркем әдебиетін түпнұсқадан оқи алады. Бұрын аударма абыройлы жұмыс еді, енді ол жеңіл ақша табатын қосымша құралға айналды. Кез келген қалада кез келген шығармаңды жылдам аударып бере алатын бюролар әбден көбейді. Саны бар, сапасы жоқ. Осы тұрғыдан келгенде, сенің көз майыңды тауысып, түн ұйқыңды төрт бөліп аударған туындыңды көпшілік орынсыз еңбек, одағай тірлік деп те санайды. Жалпы, қазақ тілі туралы қаулылар қағаз жүзінде қалуы аударманың да кінәсінен болды десек, шындықтан алыс кетпейміз. Әрине, көркем аударманың жөні бөлек, бірақ ботаның түйеден аумайтыны рас қой. – Бұрын әдеби ортада жаңа ту­ынды жарық көрсе, қаламгерлер өзара қызу талқылап, шығар­маның артық-кемін ортаға салатын әдемі дәстүр болды. Бүгін ше? Ақын-жазушылар бір-бірінің жазып-сызғанына үңіле ме? – Бұл әдет соңғы кездері бәсең тартты. Кезінде, Мұхтар Әуезов заманында, алыптар тобы бар кезде, алдымыздағы Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков толқыны төрлеп тұрған кезеңде мұндай дәстүр болған. Әдебиет содан өскен, өркендеген. Қазір олардың бірі бар, бірі жоқ, соған орай бір-бірін оқу, пікір айту, сын жазу саябырлады, тіпті тоқтады десе де болар. Жалпы, жұрт тіпті көршісінің кім екенін білмейтін заманда, бір-бірін іздеп жүріп қайдан оқысын. Жастардың бойында рухани эгоизм бой көрсетуде. Әсіресе, өлеңнің пішімі мен мазмұны тектоникалық толқынға түсті. Ырғақ пен саз ықыласын эстрадалық сахнаға бұрды. Ауа жайылу мен абстракциялық дүмпу постмодернизм деген постулатқа төрін ұсынды. «Измдер» өтпелі, дәстүрлі өлең – мәңгілік. – «Ағалап» ақыл сұрау, інілік ізет көрсету де – әдебиет­тің шоқ­тығын биіктетіп, қалам­герлер­дің қадірін арттырған ғибратты ғұ­­рыптардың бірі еді... – Ағадан – ақыл, көргеннен – нақыл ежелден бар қасиет еді. Қазір «өзім білем» деген өктемдік өріске шықты. «Алпысқа келгеннен ақыл сұрайтын» заман емес, төрде отырған төреден, биліктегі ініден, мансабы жоғары немеден ақыл сұрайтын кезең келді. Мансап мадақ болды, ағалық адақ болды, ғибрат ғарап болды, самарқаулық сабақ болды. Ағадан ақыл емес, атақ сұрайтындар көбейді. – Өз кітаптарыңызды жиі па­рақ­тайсыз ба? Жазғандарыңызға жылдар өткен соң көз жүгірткенде бозбала Өтегенге, жігіт ағасы Өтегенге өкпелеген кезіңіз болды ма? – Әрине, онсыз бола ма? Әттеген-айлар мен қапы кеткен тұстар үлкейген сайын көзге көбірек түседі. Жігіт Өтеген басқа, аға Өтеген бір басқа, адам үлкейген сайын өкініші көп болады. Бірақ оларды енді түзей алмайсың, қиыны осында, қисыны уақытта. Қазақ әдебиеті – күрделі әдебиет. Кеңестік кезеңдегі кеңістікті айтпай-ақ қоялық, әлемдік деңгейде сөзі бар әдебиет. Біз де бір кісідей әлем әдебиетін парақтадық, сабақтадық. Кейде мадақтадық, кейде асыра адақтадық. Сөздік қорында екі миллионнан астам сөзі бар әдебиет ешқашан кедей болуы мүмкін емес. Танымай жатса – талғам кінәлі, таныта алмай жатсақ – өзіміз кінәлі. – Әр қаламгер – ең әуелі өз хал­қының болмысын зерттеуші. Сіз таныған, өлеңіңіздің өзегіне айналған қазақ қандай ұлт? – «Мың өліп, мың тірілген халықпыз», яғни өлмейтін халықпыз. «Мәңгілік Ел» идеясы – біздің рухымызда бағзыдан бар. Ежелден еркін елміз, ертеңіне ерлік көзімен қараған жұртпыз. Осы қасиеттер өлмесін деп әрбір қазақ баласы еңбек етуі керек. Жұмылсақ – жеңеміз, бірлік болмаса – өлеміз. Өлмеу үшін өмір сүріп, өлең жазып, ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Өйткені өлеңнің өзегі – өмір, өмірдің өзегі – тіл мен діл, салт пен дәстүр, халықтық қасиет, елдік өсиет. Мен қазақ өлеңін ханындай қадірлеген, жанындай сүйген, арындай құрметтеген ұлы Абай көшесінің бір тұрғынымын. – Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылығыңыз өрлей берсін! – Рахмет! Өздеріңнің де қаламдарың мұқалмасын! «Түркістан» әр қазақтың төрінен табылсын!  

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА