Жаңалықтар

БҰҚАРАНЫҢ БАНККЕ  СЕНІМІ НЕГЕ АЗАЙДЫ?

ашық дереккөзі

БҰҚАРАНЫҢ БАНККЕ  СЕНІМІ НЕГЕ АЗАЙДЫ?

Отандық банктердің басына бұлт үйірілген бе, қалай? Соңғы кезде банкротқа ұшырап немесе бірігіп жатқан банктерге қарап еріксіз осындай ойға қаласың. Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасыға ҚР Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев та мемлекеттен несие алған көптеген компанияның ақшаны уақытында қайтармай отырғанын, проблемалық несиелер көлемінің өсіп бара жатқанын ашық айтқан еді.  «Елге келіп банк құрып, жұмысын бастайды. Адамдар сеніп, ақшаларын салады, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор да қаржы құяды. Кейіннен акционерлер  қаржыны жымқыруды бастайды. Осы заңсыздық үшін оларды түрмеге отырғызуға заңдар жоқ. Олар қашқаннан кейін, аталған адамды іздеп әуре боламыз. Банк жұмыс істеп тұрғанда акционерлер қаржыны ұрламауы тиіс», – деген Елбасы экономиканы банкроттан тазартпай, елде даму үрдісі дұрыс жүрмейтінін атап өтті. «Бұл мәселелерді шешпесек, Үкімет те, банктер де үнемі сүріне береді. Неден қорқамыз? Банкроттық институты нарықтық елдерде айтарлықтай кеңінен тараған. Жағдайы жоқ компанияларға ақша берсеңдер, желге ұшады. Дұрыс басқара алмаған, құрып бара жатқан компанияларға неге бересіңдер ақшаны? Мұны істеп отырған Үкімет пен банктер. Басқа ешкім емес. Кім көрінгенге береді. Несиені алып, енді қайтара алмай отыр. Бұлай кім жұмыс істейді?», – деді Мемлекет басшысы. Ал Ақышев: «Олар ешқайда қашып кеткен жоқ. Жұмыс істеп жатыр. Бірақ несиені жаппайды. Өсімі өсіп жатыр», – деп жауап берді. Осыған орай, Ұлттық банк өз реформасын талқыға салды. Бұл реформадан кейбір банктер, әсіресе несиелеуге келгенде бұрынғыдай оңды-солды әрекет ете алмайды. Мәселен, екінші деңгейлі банк пен заң арасында бұрын нормативтік-пруденциалдық құжаттар жүретін. Несиелеу кезінде осы құжаттарға сүйенген банк өз қызметін қалтқысыз атқарып келген. Енді жаңа реформаға сәйкес, бұдан былай екінші деңгейлі банктердің қызметіне Ұлттық банк тікелей араласып, жіті қадағалауда ұстайды. Демек, Ұлттық банктің құзыреттілігі артты деген сөз. Айта кетелік, соңғы жылдары банк секторында көп өзгеріс болды. 2017-2018 жылдары бірқатар банктер бірігіп, қайта құрылды. Мұндағы басты мақсат – проблемалық несиелерді жою, банк секторын сауықтыру еді. Осыған байланысты көптеген банк қулыққа барып, проблемалық несие көлемін азайтып көрсетуге тырысты. Бірақ Ұлттық банк назарынан бұл қулық тыс қала алмады. Салдарынан көптеген банк қайта құрылды. Өткен жылы банктерге қойылған жаңа талаптың тағы бірі – өзіндік капиталды арттыру еді. Мұны да кейбірі орындай алмады. Кейбіріне мемлекет қолұшын созды. Былтыр Ұлттық банк осы секторды сауықтыруға мемлекеттік қазынадан 650 миллиард теңге бөлді. АТФ банкке – 100 миллиард, Цеснабанкке – 100 миллиард, Еуразиялық банкке – 150 миллиард, Центркредит банкіне – 60 миллиард, РБК банкке – 150 миллиард теңге – барлығы 650 миллиард теңгені инвестиция жасады. Ұлттық банк бұл ақшаны жаңа эмиссияның есебінен, ал Үкімет Ұлттық қор есебінен беріп отыр. Ұлттық банк бұл бағдарламаны қабылдағанда, ол мемлекет тарапынан ғана емес, ірі банктерді акционерлер жағынан да капиталдандыруға бағытталғанын айтқан еді, яғни банк 100 млрд теңге көлемінде қолдау көрсе, акционерлері соның үштен бір бөлігін 5 жыл ішінде қайта орнына құюы тиіс. Одан бөлек Елбасы бизнесті қолдау үшін бөлінгелі отырған 600 млрд теңгені тиімді игеруді тапсырып, осы уақытқа дейін несие қарызын қайтара алмаған компанияларды қылмыстық жауапкершілікке тартып, қайтарымды жүргізу керектігін ескертті. Біз отандық банктердің бүгінгі жағдайы туралы экономист сарапшылардың пікірін білуді жөн көрдік. Ілияс Исаев, экономист: Банктер капиталын ірілендіру ісін күшейту басталды – Елімізде банктер саны 33 еді, қазір қысқарып жатыр. Мемлекетке де, халыққа да тікелей пайда әкелмегендіктен сұранысқа да ие бола бермейді. Қазір банктің негізгі мәселесі – несиені шамадан тыс беруі, қарызды қайтара алмауы, т.б. Оған ішкі және сыртқы факторлар да әсер етеді. Бірінші, сыртқы фактор бойынша АҚШ федералды резервтер жүйесінің пайыздық мөлшерлемесін арттыру барысында бүкіл әлемде кері ықпал туындады. Қазақстан мемлекеті базалық мөлшерлемені төмендету саясатын ұстанып отырғанның өзінде де, біршама кедергіге тап болды. Ал банктер базалық мөлшерлемесін көтерген сайын жоғары пайызбен несие бере бастайды. Екіншіден, халықтың тұрмыстық жағдайы қалай? Еліміздегі азаматтардың басым көпшілігі тұтынушылық несиені көбірек қолданады. Яғни, егер несие кәсіпке бағытталса, тиімді болар еді. Бірақ халық ақшаны тұрмыстық заттар, көлік алуға, баспана алуға жұмсайды. Бұл пайда әкелмейтіндіктен пассив тұрғыда көрініс табады. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2018 жылдың өзінде 1,2 трлн теңгені банкке қайта салдық деді. Президенттің өзі банктерге көмек көрсетіп, мәпелей беруді қою керек екенін айтты. Шынында да, ол банктердің пайда әкеліп, қоғамдық мәселені шешуге оңтайлы жағын көрмедік. Банктердің несиелік портфельдеріне назар аудару керек. Азаматтар несие алғанмен, қаншалықты деңгейде қайтара алады, соған көңіл бөледі. Капитал.кз мәліметі бойынша, алдыңғы қатарда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Цеснабанк», ал ең мәселе туындатып отырған – «Халық банк» АҚ. Себебі «Казкоммерцбанкпен» қосылу нәтижесінде олардың активті портфельдерінің өзінде қайтарылмаған несиелер көбейіп кеткен. Егер екі мықты қосылса, бір мықты өнім шығады. Бір дімкәс, бір сау болса, орта деңгейдегі дүние пайда болады. «Халық банктің» бүгінгі жағдайы тура сондай. 2017 жылғы 22 желтоқсандағы мәлімет бойынша, әлемдік стандарт бағалау статистикасы «Халық банкіне» негативті бағасын берген болатын. Одан бөлек Ұлттық банк экс-төрағасы Марченконың «Қазақстан банктеріне сенетін ақымақ емеспін» деген сөзі бар. Сондықтан әрбір азамат банкке емес, өзіне сенгені дұрыс. Жасұлан Күшебаев, экономист: Жұрт депозитке ақша салуды азайтты