Адамдар Марсты мекендемейтін болды

Адамдар Марсты мекендемейтін болды

Адамдар Марсты мекендемейтін болды
ашық дереккөзі
7 жылдан бері адамдарды Марсқа көшірмек болған  голландиялық жекеменшік «Mars One» компаниясы таяуда банкротқа ұшырады. Мұндай ақпаратты  Базель қаласының (Швейцария) соты мәлімдеді. Жоба басшысы Баас Лансдорп бастапқыда шындықты айтқысы келмегенімен, сот мәлімдемесінен кейін компаниясының жағдайы тіпті нашарлап кеткенін амалсыз мойындауға мәжбүр болған. Бұл жоба алғаш 2012 жылы іске қосылып, жоспар бойынша компания қызыл ғаламшарға құмарлардың алғашқы тобын 2022 жылы ұшыруы керек еді. Алайда «Mars One» бұл ойын 2024 жылға, одан кейін тағы екі жылға шегеріп, 2026 жылға ауыстырды. Бұған себеп те бар.  Ғалымдар адамдардың Марста өмір сүруі былай тұрсын, оларды Марсқа аман-есен жеткізудің өзіне күмәнмен қарайды. Себебі Марсқа жету үшін бірнеше ай уақыт қажет. Ал Марс Жерден алыстаған кезде ұшу уақыты 9 айға дейін ұзаруы мүмкін. (Марс Жерге әр екі жыл сайын жақындап тұрады. 2018 жылы қызыл ғаламшар көгілдір планетамызға 57,7 миллион шақырым қашықтыққа жақындаған). Кейбіреулер алғашқы қоныстанушылар мөлшерден тыс радиация алып, өліп кетуі мүмкін десе, енді бір ғалымдар оларды 40 см қалыңдықтағы кез келген киім қорғай алады дейді. Бәзбіреулер адамдарды магнитті өрістен қорғау үшін 10 метрлік бетон қорғағышқа орналастыру керек, бірақ мұндай ауыр салмақты қолданыстағы ракеталар көтере алмайды деген пікір айтты. 7 жыл ішінде Марсқа саяхаттап қайтқысы келетіндердің саны 200 мыңға жеткен. Тіркелу үшін әрқайсысы 10-40 доллардан төлеген. «Mars One» олардың ішінен 19-60 жас аралығындағы 100 адамды іріктеп алған. Одан кейінгі қатаң іріктеуден соң, Марсқа 24 адамды ғана аттандыру жоспарланған еді. Есесіне, ұйымдастырушылар билеттің тек бір бағытта екенін бірден ескерткен. Яғни, Жерге қайта оралуға мүмкіндік жоқ. Жалпы, «Mars One» компаниясы Марсқа алғашқы қоныс аударушылардың өмірін тікелей эфирден көрсететін реалити-шоу арқылы қаржыландырылмақ болды. Бұл мүмкін емес еді. Өйткені халықаралық ғарыш айлағына (МКС) барып-келу үшін «Союз» әуе кемесіндегі бір орынның өзі 50 миллион долларға бағаланады. Ал Марсқа алғашқы 4 адамды жеткізу үшін 6 миллиард доллар қажет деп есептелсе де, компания өзі іске кіріскелі бері небәрі 14 миллион доллар ғана қаржы жинаған. Оның өзін «Mars One» брендімен шығарылған тауарларды финалистерге мәжбүрлеп сату арқылы түсірген көрінеді. Бұл іс-әрекетінен кейін Баас Лансдорп бастаған «Mars One» компаниясының барлық қызметкерлеріне алаяқтар деген айып та тағылды. «Mars One» компаниясының басшысы бір бағытқа арналған Марс билетінің құнын ашық айтпағанымен, SpaseХ (АҚШ) жобасының басшысы Илон Маск алғашқы адамды жеткізу құны 10 миллиард доллар болады, кейінірек билет бағасы 200 мың долларға дейін арзандауы мүмкін деген еді. Марсты зерттеу тіршіліктің шығуы мен Жердің дамуы туралы білуге көмектеседі дейді ғалымдар. Ал Илон Маск: «Адамзат болашағы үшін Марсты игеріп, оған адамдарды жайғастыру керек, бұл қадам – адамзат өркениетін сақтаудың сенімді жолы. Себебі Жер жаһандық қауіп-қатер алдында тұр. Оның үлкен астероид соқтығысынан немесе адамдардың табиғи қазба байлықтарды көзсіз игеруінен және соңғы жылдары әлем демографиясының күн санап өсуінен жойылып кету қаупі бар», – деп отыр. Соңғы ғарыштық жабдықтау технологиялары мен мол қаражатқа ие NASA-ның өзі Марсқа саяхат жасауға асығар емес. Қазір америкалықтар Қызыл планетаны барынша зерттеп бағуда. Тіпті, 2017 жылы оған жіберілетін роботтар мен ұшырылатын зымыранның да жаңа түрін ойлап тауып қойды. «Falcon Heavy» – ғарышқа 55 тоннаға дейін жүк тасымалдау мүмкіндігіне ие әлемдегі ең қуатты зымыран. Экипажында Tesla электрокарі мен жүргізуші манекені бар «Falcon Heavy»-дің алғашқы тестілеуі 2018 жылғы 6 ақпанда сәтті өтті. Қазіргі уақытта Марста барлық жасанды нысандардың, соның ішінде қону барысында істен шыққан және онда әлі күнге дейін зерттеумен айналысып жүрген нысандардың салмағы 7 тоннадан асады.

Марс бетіне жеткен жылжымалы құрылғылар (марсоход) тізімі:

 width= Жалпы, қазір Марс бетінде АҚШ-тың «Кирьюсити» және «Инсайдт» атаулы екі ғана жылжымалы құрылғысы жүр. Дегенмен NASA өзінің алғашқы ғарыш аппараттарын Марсқа тек 2030 жылы ғана шығаруды жоспарлап отыр. Ал АҚШ-тан озып, адамдарды 2024 жылы Қызыл планетаға көшірмек болған голландиялықтардың ең болмағанда баратын ғаламшарын зерттеуге жіберген аппараты туралы бір де бір нақты, дәйекті мәлімет жоқ. 5 жылдан кейін Марста жүруді жоспарлаған Баас Лансдорп, енді алдағы 5 жылда Жерде жүріп, қарызын өтейтін болды. Себебі компанияның қазіргі қарызы 1 миллион еуродан асады. P.S. Осы уақытқа дейін Марсқа адамдарды шоғырландыру бойынша үш жобаның болғаны белгілі. Оның бірі – АҚШ-тың SpaceX, екіншісі – Нидерландтардың банкротқа ұшыраған «Mars One» жобасы, үшіншісі – Ресей мен Еуропа ғарыш агенттігінің біріккен «Экзомарс» бағдарламасы. Соңғылар қызыл ғаламшарға алты дөңгелекті жылжымалы аппаратты 2020 жылы ресейлік «Протон-М» зымыранымен жіберуді жоспарлап отыр. Ал  ғарыш саласында зымыраннан төгілген улы гептилдің жарты ғасырға ұласқан жырын жырлаудан басқа жаңалық жоқ қазақта. Әлем мен адамзат соншалықты дамып кетті ме, әлде біз...