«Ақтөбеде» 1 млрд теңгенің өнімі өндірілді
«Ақтөбеде» 1 млрд теңгенің өнімі өндірілді
«Ақтөбе» ӘКК Ақтөбе облысының даму нүктелерінде экономикалық белсенділікті ынталандыратын, соның ішінде инвестицияларды тарта отырып, бәсекеге қабілетті, орнықты өндірістерді қалыптастырудың катализаторы ретінде әрекет ететін өңірлік даму институты.
«Ақтөбе» әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы ҰК АҚ-ның басшысы Әнуар Махановтың айтуынша, қазіргі уақытта инвесторларға қызмет көрсету орталығы шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіптік кешені, жер қойнауын пайдалану және т.б. салаларында іске асырылатын 35 инвестициялық жобаны қолдайды.
«Индустриялық аймақ аумағында жұмыс жасайтын 5 кәсіпорын 2018 жылы 1 млрд.теңгеден астам сомаға өнім өндірді. Биылғы жылдың ішінде 7 жобаны іске қосу жоспарланып отыр, оның ішінде автомобиль шиналарын қалпына келтіру, полиэтилен қаптамаларын, лак-бояу өнімдерін өндіретін кәсіпорын, сондай-ақ «Aktobe Smart Tech» ЖШС деректерді өңдеу орталығы ашылады. Жалпы инвестиция сомасы 68 млрд. теңге болатын және 1381 жұмыс орнын құратын тағы 11 жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде», – деді спикер.
«Қазіргі уақытта «Ақтөбе Цемент» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылып, жол картасына қол қойылды. Құрылыс-монтажтау жұмыстары 2019 жылдың сәуір айында басталады. ӘКК мен «DalHolding Investment Company» арасындағы ынтымақтастық барысында индустриялық аймақта металл құрылымдарын өндіру және «Батыс» және «Мәскеу» шағын аудандарында жиынтық қуаты 200 МВТ болатын екі ГПЭС салу үшін тағы екі инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол жетті», – деді Әнуар Маханов.
Сондай - ақ, «Ақтөбе» ӘКК-нің қатысуымен іске асырылатын жобалар қатарында – блоктық-модульдік және блоктық-қаңқалы мұнай-газ кәсіпшілігі жабдықтарын өндіретін зауыт құрылысы да бар. «УфаНефтеГазМаш» ЖШҚ инвестицияларының сомасы 15 млрд. теңгені құрайды.
Қоршаған ортаның қатты тұрмыстық қалдықтармен ластануына байланысты өзекті мәселелердің бірін шешу үшін «Ақтөбе» ӘКК акционерлік қоғамы «Creative Energy» ЖШС компаниясымен меморандумға қол қойды, оның шеңберінде Ақтөбе қаласында «Қатты тұрмыстық қалдықтар өңдеу жөніндегі энерготехнологиялық кешен» инвестициялық жобасы іске асырылмақ.