Көпбалалы аналар елеусіз қалмайды
Көпбалалы аналар елеусіз қалмайды
Алматы әкімі Бауыржан Байбек көпбалалы аналармен кездесті, олардың барлық сұрақтары мен ұсыныстарын жеке тыңдады, сонымен қатар мегаполистің тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларына қолдау көрсету үшін қалалық деңгейде атқарылатын әлеуметтік шараларды кеңінен түсіндірді.
Бұрындары мұндай кездесулер барлық аудандық әкімдіктерде өтті, нәтижесінде айтылған барлық ұсыныстар жинақталды әрі сараланды. Жалпы, көпбалалы аналарды толғандыратын басты мәселелер – әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін арттыру, тұрғын үй мен тұрмыстық жағдайды жақсарту, еңбекпен қамту, балаларды бала бақшаға орналастыру және басқалары.
Айта кетерлігі, Бауыржан Байбек бұрындары тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың екінші баласынан бастап бала бақша шығынына өтемақы төлеуді қарастыруды тапсырған болатын. Көпбалалы отбасылардың коммуналды қызметке, сумен қамтуға қатысты ыстық және суық су есептегіш қондырғыларын орнатуға кеткен шығындарына жұмсалатын адрестік көмек көлемі де назарға алынуда.
Көп балалы отбасылардың заңнамалық және психологиялық кеңестерге зәру екені белгілі, сондықтан таяу арада «Бақытты отбасы» қалалық жобасы іске асады және осы аттас көпбалалы аналар орталығы құрылады. Бұл бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейтін сервистік орталық болады және мұнда көпбалалы аналар жұмысқа тартылады.