Астанада «Жапон көктемі» фестивалі өтеді
Астанада «Жапон көктемі» фестивалі өтеді
Астанада «Жапон көктемі» фестивалі болады. Оның барысында ән сүйер қауым үздік музыканттардың өнерін тегін тамашалай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда инфо сайтына сілтеме жасап.
Фестиваль аясында жапонның дәстүрлі музыкасының мэтрі, кото шертпелі аспабының қас шебері ІІ Ёнэкава Тосиконың концерті болады. Оның халық музыкасына деген сүйіспеншілігі кезінде Жапонияның жоғары «Ұлттық қазына» титулымен марапатталған анасы Ёнэкава Тосикодан мұра боп қалған. ІІ Ёнэкава Тосико да шығармашылықтың биік шыңына шығып, күллі әлемде концерт қойып келеді. Көптеген белді марапаттарға ие болды, әндер жазып, жас ұрпақпен тәжірибе бөлісуде.
Шебер музыкантпен бірге сямисэн ішекті аспабында ойнайтын шәкірті Тосисато Камэкава да сахнаға шығады.
9 жылдан бері «Дегдар» гуманитарлық қоры жылына екі рет жапон мәдениетінің маусымын өткізеді. Оның аясында «Жапон көктемі» және «Жапон күзі» фестивальдары ұйымдастырылады. Концерттер Астана, Бішкек, Ташкент қалаларында қойылады.
Елордада концерт 27 ақпан күні Қазақ ұлттық өнер университетінің орган залында өтеді. Басталуы - сағат 19:00, кіру - тегін.