ОҚУ ОРНЫ ПАТРИОТТЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙДІ

ОҚУ ОРНЫ ПАТРИОТТЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙДІ

ОҚУ ОРНЫ ПАТРИОТТЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙДІ
ашық дереккөзі
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары және биылғы Жастар жылының ашылу салтанатындағы күні кешегі сөйлеген сөзі жас ұрпақты да, аға ұрпақты да, өз елінің келешегін ойлайтын әрбір азаматты енжар қалдырмайтыны анық. Кез-келген мемлекеттің болашағы – жастары екеніне күмән жоқ. Оларға жан-жақты тәрбие беру – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Осы тұрғыдан келгенде келешекті кемел болжайтын Елбасымыздың жоғарыда аталған мақалаларында айтылғанындай өзіміздің өткен тарихымызды танып білу, ұлы даламыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байлығын, салт-дәстүрін жас ұрпақтың бойына сіңіріп, имандылық, адамгершілік, мейірбандық қырларын одан сайын жайнатып, жарқыратып жарқын болашаққа алып бару –алдымызда тұрған маңызды міндеттер екені даусыз. Туған жері, ана тілі, жан байлығы, салт-дәстүрі және туған тарихы – бұлар біздің халқымыздың ең қымбат қазынасы, ата-бабаларымыздың ең асыл мұрасы. Елбасымыздың жоғарыда аталған екі мақаласы мен күні кешегі жастар алдында сөйлеген сөзінде осы құндылықтардың мән-маңызы барынша терең айшықталған. Сонымен бірге бұл айтылған құндылықтар жастарымызды отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеуге де берік негіз болады. Республика көлеміндегі бүгінгі таңда қолға алынып, атқарылып жатқан көптеген игілікті істер, бастамалар, іргелі зерттеулер, шетел архивтерінен түп-тегіміз, бабаларымыз туралы жазылып қалған құнды деректерді құмнан елеп алтын алғандай іздеп, тауып, халқымыздың көне тарихын барынша ыждағаттылықпен, шыншылдықпен қалпына келтіріп, күллі әлемге паш ету – қазіргі кезеңдегі алда тұрған, бүгінгі ұрпаққа жүктеліп отырған жауапты міндеттер екені ақиқат.Жас өскіндерді шыр етіп дүниеге келіп, есі кірген кезінен бастап елін, жерін, ана тілін, Отанын сүюге баулып, тәрбиелеу – қоғамымыздың алдында тұрған абыройлы міндет. Осы міндетті жүзеге асыру, шешу мәселесінен балалар бақшалары, бөбектер үйлерінен бастап, мектептер, лицейлер, колледждер, орта дәрежелі, жоғары деңгейлі білім беретін оқу орындарының ешқайсысы сырт қала алмайды. Астана қаласындағы он мыңнан аса студент оқитын С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті – жастарымызға бүгінгі ғылым да, техника да шарықтап даму үстіндегі өскелең заман талабына сай отыздан аса мамандық бойынша өміршең, терең білім беріп қана қоймай, оларды отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеп келе жатқан белгілі, іргелі, танымал оқу орындарының бірі. Жоғарыда айтып өткен мәселелер осы өзіміз қызмет атқарып жатқан білім шаңырағында қалайша жүзеге асуда дегенге тоқталайық енді. Ең алдымен айтылар жәйт – елімізге аса қажетті білікті мамандар даярлау ісіне университет басшылығы да, кафедра, деканат, факультет басшылары, ұстаздар құрамы да үлкен жауапкершілікпен қарайтыны. Жастарға ізгілікті, игілікті тәрбие беру ісі білім беру, оқыту барысында да, сабақтан тыс уақытта да жүзеге асырылады. Студент ертең оқу бітіргенде өзі таңдаған мамандықтың, өз саласының білгірі ғана болып шықпай, еліміздің тарихын жақсы білетін, халқымыздың салт-дәстүрін қадірлейтін, өнердің әр түрінен хабары бар, сегіз қырлы, бір сырлы, қоғамымыздың белсенді азаматы болып қалыптасуы үшін жағдайлар толық жасалған. Денсаулық тірегі – дене тәрбиесімен айналысып, спортпен шұғылдануға, әртүрлі үйірмелердің, клубтардың жұмысына қатысып, танымын, білімін арттыруға, туған елінің тарихын зерделеуге, ғылыми жұмыспен шұғылдануға, өнерге құштарлығын, тұла бойындағы талантын одан әрі дамытып, жетілдіруге барлық мүмкіндіктер туғызылған. Университеттің Гуманитарлық факультетінің (деканы Х. Ә. Әубәкірова) құрамына «Қазақ және орыс тілдері», «Философия» және «Қазақстан тарихы» атты үш кафедра кіреді. Оқу жылының басында білім шаңырағындағы кафедралардың әрқайсысында ұйымдастырылатын студенттердің әртүрлі клубтарының, үйірмелерінің алға қоятын мақсаттары айқындалып, ережелері, жұмыс жоспарлары бекітіледі. Олардың жүйелі түрде жүзеге асуы ректорат пен деканаттардың бақылауында болады. Мәселен, философия кафедрасының жанынан құрылған «Абай» философиялық клубын алайық. Оның ережесінде бұл клуб – Абайдың аса маңызды философиялық идеяларын негіз ете отырып, студенттерді ұлттық даналық идеяларын түсінуге, әлемдік ұлы ойларға сыни  талдау жасауға, ұлттық кодты айқындауға бағыттайтын академиялық-мәдени клуб екені айтылған. Бұл клуб ұлтымыздың болмысына сай келетін ереже-қағидаттарды жаңаша, жарқын, жағымды нұсқада әйгілеп, студенттер дүниетанымының қалыптасуына, өмірдегі түрлі құбылыстарға әділ, дұрыс баға беруіне ықпал етуді көздейді. Бұл клубтың жұмысына философия кафедрасының меңгерушісі Е. Мұханбетқалиев жетекшілік жасайды. Сондай-ақ осы кафедра жанында «Даналық ізденістері», «Таным» атты философиялық, «Социум және жастар» атты студенттік саяси-қоғамдық клубтар жұмыс істейтінін айта кеткен орынды. Қазақ және орыс тілдері кафедрасының жанынан да бірнеше клуб құрылған. «Руханият» ғылыми және әдеби-танымдық клубы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Төрлет, жаңа әліпби» атты семинар-тренинг, «Кітап оқи білеміз бе?», «Өнер алды – қызыл тіл», «Қайырымдылық – адами парыз» деген тақырыптармен және Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы бойынша танымдық-тәрбиелік сағаттар өткізуге ұйтқы болса, «Дарынды жастар» клубы «Туған жеріңді таны» атты дөңгелек үстел өткізіп, оның отырысында Түркістан, Атбасар, Ерейментау, Меркі, Қызылорда, Көкшетау сынды жер атауларының шығу төркіні туралы тарихи, қызықты деректер ортаға салынды. «Әдеби қонақүй» клубының жетекшілері, университет ұстаздары Ә. Әлібекова (осы мақала авторы) және Г. Омарованың басшылығымен С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың 1 курс студенттерінің «Феникс» атты құрама командасы Астанадағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан халықтары тілдері күніне арналып өткізілген «Адамдар достығы – тілдер достығы» атты жоғары оқу орындары арасындағы республикалық шығармашылық конкурсқа қатысты. Біздің университеттің студенттері өздерін таныстырып, көрермендерге сәлем жолдайтын бірінші турда-ақ көпшіліктің көңілінен шықты, өз эмблемасын сәтті қорғады, мақал-мәтелдерді жақсы білетіндерін көрсетті, жұмбақтарды шешуде де тапқырлық танытты. Конкурстың «Өз жұлдызыңды жақ» атты соңғы турында қазақша, орысша, ағылшынша тамылжытып әндер шырқады, домбырамен құйқылжытып қазақтың белгілі күйін тартты. Байқау соңында төрешілер алқасы конкурстың қорытындысын шығарып, ҚазАТУ командасын мақалдар мен мәтелдер жарысы бойынша жеңімпаз деп танып, арнайы дипломмен марапаттады. Мұндай кездесулер, конкурстар, олимпиадалар студент жастардың рухани өсуіне жол ашады, танымын, ой-өрісін кеңейтеді, шығармашылық қабілеттерін шыңдайды, жоғары оқу орындары арасындағы іскерлік, достық қатынастарды нығайтады. «Қазақстан тарихы» кафедрасының жанынан құрылған «Атамекен» тарихи үйірмесі мен «Мирас» жастар клубының жұмысына да қысқаша тоқтала кету орынды. «Атамекен» тарихи үйірмесіне қатысушы студенттер биылғы оқу жылында Астанадағы Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің мұражайында болып, егеменді ел болып қалыптасуымыздағы мемлекет басшысының  сан қырлы қызметі жөнінде ақпарат алды, С. Сейфуллиннің мұражай-үйінде болды, қазақ халқының тарихында өшпестей орын алып, із қалдырған қазақ зиялылары, халқымыздың тарихи тұлғалары, Ақмола облысының киелі жерлері, тарихымыздағы және мемлекеттігіміздегі  «Мәңгілік ел» идеясының  маңызы туралы мазмұнды, қызықты дәрістер тыңдады. «Мирас» клубының мүшелері Елбасымыздың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына кезекті жолдауын зерделеп, талқылады.Елбасы Жолдауында нақты көрсетілген алты бағыт: халық табысының өсуі, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат, тиімді сыртқы саясат, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы мәселелері төңірегінде өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. «Қазақстандағы азамат соғысы: себептері, қорытындысы және қазіргі күнгі жаңа көзқарас» атты семинарда клуб мүшелері 1918-1920 жылдары елімізде болған азамат соғысы кезінде ақ гвардияшылардың елге салған әлегі мен кеңес үкіметі өкілдерінің солақай саясаты салдарынан жергілікті қазақ халқының шеккен қасіреті, бір миллионнан астам адамның ажал құшқаны жайындағы жаңа деректерді, ұстанымдар мен көзқарастарды ортаға салды. Қоғам қайраткері Т. Жүргеновтың 120 жылдығына арналып өткізілген танымдық семинарда оның өмірі мен шығармашылығы, ұлтымызға сіңірген еңбегі, үлгі-өнегесі бүгінгі күн талаптарымен ұштастырыла қарастырылды. Осындай, басқа да жүргізіліп жататын шаралар оқу бітіретін жастарымызға Отанымыздың жан-жақты дамыған белсенді, біліктіпатриоты болып қалыптасуына жол ашады. Университет өзі құрылған 1957 жылдан бері елімізге қажетті 56 мыңнан аса жас түлекке жоғары білім беріп, ұядан қияға ұшырыпты, олар қазір шаруашылықтың әртүрлі саласында барлық облыстарда еңбек етуде. Солардың ішінде республика Парламентінің депутаттары, Президент әкімшілігі мен Премьер-Министр кеңсесінің, министрліктердің, өзге де орталық арқарушы органдардың қызметкерлері, облыс әкімдері, көрнекті ғалымдар, ірі кәсіпорын басшылары бар екендігін мақтаныш етуге болады. Мектеп бітіріп, бүгінгі заман талабына сай, еліміз үшін аса қажетті, сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алып шығамын деген жастарға Астанадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің есігі әрдайым ашық.  

Әсия ӘЛІБЕКОВА,

филология

                                                     ғылымдарының кандидаты, доцент.