Көші-қон заңнамасын бұзушылар азаймай тұр
Көші-қон заңнамасын бұзушылар азаймай тұр
Алматыға рұқсатсыз келетін шетелдік азаматтар азаяр емес. Қалалық көші-қон полициясы жыл басынан бері үш рет «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасын өткізген болатын. Осы уақыт аралағында 1024 көші-қон заңнамасын бұзу дәйегі анықталған.
Бірақ олардың барлығы еліміздегі «Көші-қон туралы» заңға сәйкес еңбек етіп жүрген жоқ. Мысалы, өткен жылы қалада 57 мың 507 шетел азаматына уақытша жұмыс істеуге рұқсат берілсе, 41 мың 567-сі заңды бұзғаны үшін жауапқа тартылған.
«Егер мигранттар ресми тіркеліп, заң аясында еңбек ететін болса, қала бюджетіне де қомақты қаржы түсер еді», – дейді тәртіп сақшылары. Қалалық көші-қон басқармасы басшысының орынбасары Асхат Бұтыншинов: «Алматы қаласының Алғабас-1 ықшамауданында еңбек мигранттарына жеке тұлғаларға еңбек жасау үшін рұқсат беру көші-қон қызметі орталығы жұмыс істеп жатыр. 2018 жылы сол көші-қон қызметі орталығында 57 мың 507 шетел азаматына рұқсат қағаздары берілген болатын. Сол 57 мыңнан Алматы қаласының бюджетіне рұқсат берілгеннен кейін 792 миллион теңге ақша түсірілді», – дейді.
Жеке тұлғалар шетел азаматын жұмысқа жалдайтын болса, оны 5 күннің ішінде тіркеуі тиіс. Ал көлеңкелі экономиканың «көсегесін көгертіп отырғандар» тек қана шетелдік мигранттар емес, олардың арасында өзіміздің жұмыс берушілер де бар.
2018 жылы 433 Қазақстан азаматы мигранттарды заңсыз жұмысқа алғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жуырда «Шұғыла» шағынауданында болған тексеріс кезінде де біраз заңбұзушылықтар анықталған. Мамандардың мәліметінше, осы күнге дейін көші-қон заңнамасын бұзған 1 мың 24 факті тіркеліп, 315 шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды.