Жаңалықтар

Мұқтаждық мұңға айналды

ашық дереккөзі

Мұқтаждық мұңға айналды

Бала – өмірдің мәні. Көп баласы бар отбасының шаттығы еселене түседі. Алайда соңғы күндері еліміздегі көпбалалы аналардың жанайқайы бұл түсінікті жоққа шығарғандай болды. Тірідей отқа жанып кеткен бес бүлдіршіннің өлімінен кейін аналар көпбалалы отбасылардың әлеуметтік мәселелерін жіпке тізіп, үкіметтің лайықты қолдау көрсетуін талап етті. Қайтсем балаларымды асырап-бағамын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген аналардың бұл талабын орынсыз деп көріңізші...

Жәрдемақы жәрдемші емес

Қазақ қашаннан «бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» деп, әр баланың өз несібесі болатынына сенген. Оншақты бала тәрбиелеп өсірген ананы ардақты санаған. Көпбалалы әулетте өсіп-өнген ұл-қыздардың көпшіл әрі кең пейілді болатыны да әуелден белгілі. Бірақ қазіргі заманда көп баланы асырап-бағу оңай емес. Мұны ата-аналар да жақсы түсінеді. Сондықтан әркез мемлекеттен қолдау күтеді. Алайда біздің елдегі көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы жеткіліксіз. Соның салдарынан дәл қазір көпбалалы аналардың талайы шарасыздықтан шырылдап жүр. Көп бала тәрбиелеп отырған аналарға мемлекет қандай көмек көрсетеді? Жыл сайын үкіметтегілер көпбалалы аналарға, тұрмысы төмен отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемі артты деп «сүйіншілеп» жатады. Бірақ сол көбейген жәрдемақының «бір отбасының жыртығына жамау болыпты» дегенін аз естиміз. Мысалы, биыл көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы жәрдемақы көлемі 768 теңгеге өсіп, 16 160 теңгені құрады. Онда да бұл қаражат «Күміс алқа», «Алтын алқа» алған көпбалалы аналар, «Батыр ана» атағын алғандар, І және ІІ деңгейлі ордендермен марапатталған әйелдер, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған әйелдерге ғана тиесілі. Ал бес баласы бар аналар мемлекеттен 10 мың теңге жәрдемақы алады. Егер бес баланың күнделікті ас-ауқаты мен киім-кешегінен бөлек балабақша, мектепке қажетті шығындары мен өзге де қажеттіліктерін есепке алар болсақ, 16 мың теңге бір баланың өзіне жеткіліксіз. Оның үстіне, еліміздегі қымбатшылық та «жығылғанға жұдырық»  болып тұр. Кешегі Астанадағы қайғылы оқиға кезінде бүлдіршіндердің жанында ата-анасының болмауына да осы жағдай себеп. Иә, мемлекет белгілеген жәрдемақының не пәтерақысына, не ас-суына, не баласының жаялығына жетпейтінін білетін ата-ана бала-шағасын асырап-бағу үшін күні-түні жұмыс істеуге мәжбүр. Егер мемлекеттің бес балаға берер жәрдемақысы ауыз толтырып айтарлықтай болса, баласы үшін жан берер ана түнгі ауысымда жұмысқа шығар ма еді?! Елімізде дәл осындай қиын жағдайда өмір сүріп жатқан қаншама көпбалалы отбасы бар. Бұл оқиғаның аналарды қатты ашындырғаны да сондықтан. Қазір көпбалалы аналар әкімдіктер мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өз ұсыныстарын жеткізуде. Мәселен, елордалық аналар үндеулерінде отбасындағы әр балаға ай сайын 20 мың теңге көлемінде жәрдемақы беруді, олардың тегін тамақтануын, оқушылар үшін қоғамдық көліктерді тегін етуді, сондай-ақ, жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігін беруді, аналар мен балаларға тегін медициналық көмек көрсетуді талап етіп отыр. Сондай-ақ көпбалалы аналар мемлекеттен үш және одан да көп баласы бар отбасыларға тегін баспана беруді сұрады. Ал 2018 жылы елімізде 237 мың көпбалалы отбасы тіркелген. Соның басым бөлігі – пәтер жағалап жүргендер. Олар өткен жылы 42 млрд теңге көлемінде жәрдемақы алған. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері өз кезегінде көпбалалы аналардың өтініші қараусыз қалмайтынын айтты. Бірақ бұл уәдеге қаншалықты сенім артуға болады? Осы күдік көпті мазалай берген сәтте Қаржы министрі Әлихан Смайылов арнайы құрылған жұмыс тобының көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін жеке қарастырып жатқанын мәлімдеді. Министр айтып отырған арнайы жұмыс тобы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған болатын. Үкімет жанынан құрылған топ ел азаматтарының табысын арттыруды және тұрмыс сапасын жақсартуды, көпбалалы отбасыларға қолдау шараларын күшейтуді көздейді. Жұмыс тобы екі ай ішінде президент тапсырмаларын орындау бойынша кешенді шаралар қабылдауы қажет. «Қысқа мерзімде тиісті ұсыныстар басшылық тарапынан берілетін болады. Біз түсініп отырмыз. Жалпы, көпбалалы аналардың жағдайы нашар. Сондықтан оларға көмек қолжетімді болуы керек. Жалға берілетін тұрғын үйді алатын болсақ, ай сайынғы төлемақы 5 мың теңге шеңберінде. Қазір төленіп жатқан, бөлініп жатқан қаражат жеткіліксіз. Жыл сайын тиісті өзгерістер енгізіледі», – деді Қаржы министрі. Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, көп балалы отбасыларды қолдау мақсатында 2019 жылға 365 млрд теңге қарастырылған.

Әлем елдерінің тәжірибесінен...

 Көпбалалы отбасылардың жайы дәл қазіргі сәтте аса өзекті болып тұр. Бірақ бұл мәселенің бүгін ғана пайда болмағанын естен шығармаған абзал. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова «еліміздегі көпбалалы аналар мемлекеттен өмір бойы миллиондаған теңге жәрдемақы алады, басқа елде біздікіндей жағдай жасалмаған» деп жар салып, көптің сынына іліккен еді. Ал жоғарыда көрсетілген жәрдемақы мөлшеріне қарап, қазақтың көпбалалы аналарын «миллионер» деуге аузың бармайды. Ал Әбілқасымова тілге тиек еткен басқа елдердегі жағдай қандай? Мәселен, Польшада 2016 жылдың 1 сәуірінен бастап баласын бір өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты жандар 120 еуро (51840 теңге) алады. Ал егер отбасы толық болса, үстемақы екінші рет балалы болған соң төленеді. Яғни, ата-аналар әр баласы үшін жылына 1440 еуро (622 080 теңге) алады. Біздің елде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне жылына 193 920 теңге жәрдемақы беріледі. Бұл сома Польшадағыдай әр балаға емес, отбасындағы 6-7 баланың бәріне ортақ. Жалпы, Еуропа демография бойынша артта қалып келеді. Ал Венгрияда халық саны жыл сайын он мыңдаған адамға азаяды екен. Сондықтан Венгрия бұл мәселемен күресудің сан түрлі жолын іздеуде. Ел билігі өткен жылды «Отбасы жылы» деп жариялағаны белгілі. Сонда екі немесе одан да көп баласы бар студенттердің сәбиі 2 жасқа толғанша тегін білім алуына, үш немесе одан да көп баласы бар студенттердің дисконтталған тұрғын үй несиесін және 3300 еуроға дейінгі тікелей субсидиялар алуға мүмкіндік берілген болатын. Ал биыл Венгрия үкіметі ел бюджетінің жалпы резервтерінен немесе қосымша табыстарынан жаңа әлеуметтік бағдарламаға қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Еуропада бала туу көрсеткіші төмендеп кеткенін және бұл көрсеткіштің құлдырауы мәселесінің шешу жолын Еуропа көші-қонынан іздейтінін атап өтті. «Ал венгрлер басқаша ойлайды. Бізге цифрдың қажеті жоқ. Бізге венгр балалар қажет», – деп мәлімдеді Орбан. Ал бала қандай отбасында дүниеге келеді. Әрине, алдында еш кедергісі жоқ жайлы отбасында. Сондықтан Венгрия үкіметі көпбалалы отбасыларға түрлі жеңілдіктерді қарастырып отыр. Елде туу көрсеткішін көтеру мақсатында екі баладан көп отбасыларға кеңейтілген кредит бағдарламаларын ұсыну жоспарланып отыр, бұл кредитке олар баспана ала алады. Сондай-ақ автомобиль сатып алуға субсидия беріледі. Сонымен қатар, бұл елде кемінде төрт бала асырап отырған әйелдерді табыс салығынан босату қарастырылып жатыр. Премьердің айтуынша, 40-қа дейінгі әйелдер бірінші рет тұрмысқа шығып жатса, 33 мың доллар көлемінде субсидияланған кредит беріледі. Екінші баласын босанса, оның үштен бірі, яғни 12 мың доллары кешіріледі. Сондай-ақ несиені өтеу мерзімі үш жылға шегеріледі. Үшінші бала босанса, несие толығымен жабылады. Ал Францияда көп балалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында 1921 жылы қабылданған «Үлкен отбасы» мемлекеттік бағдарламасы табысты жұмыс істеуде. Бұл елде де бала саны көбейген сайын, салық азая береді. Біріккен Араб Әмірлігінде де шаңырақ көтерген жас отбасына елдің неке қорынан әрқайсысына 20 мың доллар өсімсіз несие беріледі. Отбасылар бұл қаржыны қайтаруға міндетті емес, себебі тұңғыш бала туғанда бұл қарыз мүлдем ұмытылады. Дүние есігін ашқан сәби қыз болса – 50 мың доллар, ұл болса – 200 мың доллар шамасында сыйақы беріледі. Сонда Мадина Әбілқасымова «басқа елде біздікіндей жағдай жасалмаған» дегенде нені айтқысы келді? Әлде әлем елдерінде көпбалалы отбасыларға біздікіндей аз жәрдемақы берілмейді дегісі келді ме? Қалай десек те, еліміздегі бір қайғылы жағдай қоғамда қордаланған сан мәселені су бетіне шығарды. Ал үкімет енді сол түйткілдердің түйінін тарқатуға тырысып бағуда. Қаншалықты қолдан келері уақыт еншісінде.

Аналарға берілетін жәрдемақы түрлері:

Бала тууға байланысты берілетін бір реттік төлем

Бірінші, екінші және үшінші балаға Төртінші және одан көп балаға 95 950 теңге 159 075 теңге  

Бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы

Егер анасы жұмыс істемесе Егер анасы жұмыс істесе Бірінші балаға –14 500 теңге; Екінші балаға – 17 196 теңге; Үшінші балаға – 19 823 теңге; Төртінші балаға – 20 500 теңге. соңғы екі жылда анасының тапқан орташа айлық табысының 40 пайызы көлемінде  

Жүктілікке байланысты берілетін жәрдемақы

Тек жұмыс істейтін әйелдерге беріледі Орташа есеппен 391 мың теңгеден басталады Әлеуметтік сақтандыру қорының есебінен беріледі