ҚАПАС КЕЗЕҢНЕН ҚАЛҒАН СУЫҚ СӨЗ

ҚАПАС КЕЗЕҢНЕН ҚАЛҒАН СУЫҚ СӨЗ

ҚАПАС КЕЗЕҢНЕН ҚАЛҒАН СУЫҚ СӨЗ
ашық дереккөзі
Түп-тегін таптық ұстаным – қанаушы мен қаналушының бітіспес тартысынан өрбітетін Қазан төңкерісінің көсемдері идеологиялық күрес – «тап жауын тамырымен қопару» – атаулыны мүлде ақылға сыймастай ушықтырып әрі өрескел қарабайырландырып, өз көлеңкесін өзі жау көріп, ақыр аяғы бас-көзге қарамай жаппай жазалау науқанына алып келді. Жиырма шақты қойын талғажау етіп отырған пақыр – бай, ақ жағалы – буржуй, шетелді аузына алған адам Жапонияның жансызы атанып шыға келді. Ақылға сыюы қиын одағай жайттар. Бұл дәстүр ұзаққа созылып, әсіретапшылдық пен асырасілтеушілік бұқара арасында үрей туғызып, халықтық-демократиялық ел болуға тиісті қара шаруаның өкіметі өз жамағатын жазалаушы құрылымға айналып, тарихи материализмнің ұтымды қағидаттары жөніне қалды да, түптің түбі өзінің көрін өзі қазды. Мұрағаттарда жарты ғасырдан әрі жасырын жатып, сол күйінде жарияланып отырған бұл құжатпен жайбарақат танысып шығу мүмкін емес. Кітаптың бүкіл өн бойынан суық ызғар еседі де тұрады. Бұл маңызды құжатты қатпар-қатпар қалың қағаздардың арасынан тауып, жарық көрер мерзімі жеткен соң бар тауқыметін мойнына алып, жалғанның жарығына шығарып отырған тарих ғылымының докторы Аққали Ахмет ініміз. Бөлек кітап етіп жариялап, ғылыми айналымға түсіріп отырған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті. Қысқаша аты: «Движение под предводительством Джанхожи Нурмухамедова. Стенограмма. 10-17 октября 1952 г.» Бақсақ мәселе былай екен. 1941 жылы КПСС орталық комитетінің секретары И.В. Сталиннің Ф.Энгельстің «Орыс патшалығының сыртқы саясаты» атты еңбегі жөнінде бағдарламалық ашық хаты жарияланып, ол төменге түсіп, әрине, көсем қағидаты – нұсқаулық, бағыт-бағдар, жаппай жамыраса мақұлданады да, тарихи көтерілістерді бағамдауға келгенде, ондағы идея бұдан былайғы бұлтартпас нақты идеологиялық қаруға айналады. Бұл ұстаным бойынша патшалық Ресейдің өзге елдерді жаулап алу саясаты тарихи қажеттілік, бұратана елдер болса империяға өз еріктерімен қосылған. Демек, бұра тартып, бүйректен сирақ шығаратын ештеңе жоқ. Бүкіл Кавказ бен Орта Азияны қызылдандырған Кеңес өкіметінің бұл реттегі сыртқы саясатының оғаштығы көрінбейді. Бұдан шығатын қорытынды қазақ жерінде болған ұлт-азаттық көтерілістердің бәрі де түптің түбінде құшағын ашып отырған орыс халқын жатырқау. Шешендердің сөйлеген сөздерінен көрініп тұр. Тіпті бұл басбұзарлар қазақтарды Қоқан, Хиуа, Бұхар, әрісі Ауған, Түркия арқылы Ресейдің сол кездегі бәсекелесі – Англияға не Иранға қосып жібермекші. Мәселені талқылап, бұдан былай көсем ұстанымын басшылыққа алмау, сыпайылап айтқанда, идеологиялық адасушылық, демек саяси сауатсыздық. (Отыз жетінші жылғы репрессия тұр. Бұра тартудың соңы зардапты екендігі айтпаса да түсінікті). Талқылау 1952 жылдың 10 және 17 қазан күндері, бөтен де жерде емес, Қазақстан Коммунистік (большевиктік) партиясы орталық комитетінің Бюро залында шектеулі ғана ғалымдардың қатысуымен жабық түрде өткен. Пікір атаулы құпия, стенограммалық жазбада «совершенно секретно» деген бұрыштама тұр. Бұдан былай ұлт-азаттық көтерілістерін ғана емес, халық ауыз әдебиетін бағалауда да аса секемшілдік белең алған. Бұған 1947 жылы Қазақстан компартиясы (большевиктік) орталық комитетінің тарихшылар, филология саласының ғалымдары мен бүкіл идеология саласын дүрліктірген әйгілі «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателіктер туралы» қаулысы, оның үстіне Т.Шойынбаев, Х.Айдарова мен Я.Якуниннің «Қазақстан тарихы мәселелерін марксистік-лениндік тұрғыдан бағалау туралы» шулы да зардапты мақалаларын тағы қосыңыз. Енді 1943, 1949 жылдардағы «Қазақ КСР тарихында» бағасы беріліп, Жанқожа Нұрмұхамедов бастаған Сыр бойы қазақтарының 1856-1857 жылдардағы көтерілісі мәселесі қайта талқылауға бөлініп алынады. Онда да ерекше құпия. Хатшыға аталған көтеріліс мәселесін талқылауға арналған мәжіліс құрамын саптастырған Қазақстан коммунистік (большевиктер) партиясы ғылым және жоғары оқу орындары бөлімінің меңгерушісі Н.Жандильдин. Талқылауға тартылғандардың жалпы құрамы 12 адам. Комитеттің осы мәселені талқылау жөніндегі комиссияның төрағасы, лекторлар тобының меңгерушісі Пыхтиннен өзгесі мүйіздері қарағайдай тарих ғылымының кандидаттары, бірсыпырасы 1943, 1949 жылдарғы «Қазақ ССР тарихын» дайындап, шығаруға қатысқан тарихшы ғалымдар. Мәжілісті Қазақстан компартиясы (большевиктер) орталық комитетінің хатшысы М.Сужиков басқарып, жүргізіп, қорытындылап отырған. Мұның алдындағы Қазақ Республикасы Ғылым Академиясы президиумы құрған комиссияның көпшілік дауыспен қабылданған шешімі бойынша Жанқожа бастаған көтеріліс кертартпа, ал тарихшылар Х.Айдарова мен В.Шахматов бұл ұйғарымға келіспейді. Көтерілісті дәйекті зерттеген Т.Шойынбаевта дауыс жоқ. Ендігі төрелік Қазақстан Коммунистік (большевиктік) партиясының Орталық комитетінен. Мәселені талқылауға комиссия мүшелігінің құрамындағы әлгі 12 ғалымның 9-ы қатысады. Комиссия мүшесі бола тұра Савосько мен экономика институтының директоры, ғылым кандидаты С.Толыбеков, нендей сылтаумен қалып қойғанын өзі білсін, пікір білдірушілердің қатарында жоқ. Бұл кісі сол көтеріліс өткен аймақтың түлегі, көтеріліске қатысы бар рудың перзенті болатын. Сақтықпен от ортасынан өзін аулақ ұстаған болар деп топшылаймыз. Талқылауда үстемдік алған пікірге бақсақ, Жоңғар, Қоқан, Хиуа, Бұхар атаулы хандықтар мен әмірліктерден құтылып, патшалық Ресейдің құшағына өз еркімен құлаған қазақтың бағы жанып тұр. Алда – коммунизм. Әйтеуір біреуге, әрине, орысқа бодан болмай, бұл халықтың бағы ашылған да емес, ашылмақ та емес. Қазақ халқының ерікті ел болу мүмкіндігі мүлде ауызға алынбайды. Бұларда мемлекеттік болмаған. Бұлар тек Жоңғария мен Ресейге бодан болуы тиіс. Олай болса, дұрысы – орыс бодандығы. Орысқа тәуелділік ақыл тұрғысынан байыпты да саяси тұрғыдан прогресс, ал тарихи тұрғыдан бұлтартпас заңдылық. Тағы да шешендердің ләмдеріне құлақ түрсек, мұсылман елдері мен мұсылманшылықтан өткен құбыжық жоқ. Көтерілісті тиянақты зерттеген жас тарихшы Т.Шойынбаевты да құрбандыққа шалу пейілі мен әрекеті аңғарылады, алайда бұл мақсат орындалмаған. Ақыры қайыр. Қалыптасқан қағидатқа бақсақ, мұндай аса күрделі де идеологиялық жауапты іс талқыланғаннан кейін, орталық комитет бюросы не хатшылықтың талқыланып отырған мәселе бойынша арнайы қаулысы қабылдануы тиіс-тін. Құрастырушы ондай мәлімет ұсынбайды. Талқылаудың құпия өтуі мен арнайы түйінді қаулы қабылданбағанына қарағанда бұл тұрғанда істің түбі шикі әрі зорлықпен жүргізіліп отырғандығы қатысушылардың өздеріне де мәлім тәрізді. Әрине, іштей ғана... Мәселенің оқырмандарға ұғынықтылығы үшін тарих ғылымының докторы марқұм К.Л. Есмағамбетов пен жинақтың барлық тауқыметін көтерген тарих ғылымының докторы А.Қ. Ахмет кітаптың алғысөзінде осы жағдаяттарды байыппен шолып өткен. «Тәуменді халықтың тарихы да тәуменді екендігін жас ұрпақтың біле жүргені жөн. Халықтың тарихи санасы дұрыс қалыптаспай, ел егемендігі орнықты бола алмайды», – деп түйіндеген олар. Жоғарғы лауазымды қызметкерлердің жоғарғы дәрежедегі әтеперлі шаңырағында талқыға түскен бұл пікірлер мен ұйғарымдары бүгінгі күннің тұрғысынан пайымдар болсақ, тек белең алып тұрған үстем саясаттың ықпалына жығылу, жансақтау сипаты мен сарыны бесенеден белгілі. Нақты деректерге құрылған жинақтың салмағын арттыра түсетін тағы бір жайт – құрастырып жарыққа шығарушы ғалым айтыс барысында дәйекке тартылған әр кездегі, әр саладағы 120 кісінің өмірбаяндық деректері мен талай-талай жер, су аттарын жинақтап, бөлек тізіп, жинаққа енгізіп отыр. Бұл көп еңбек пен ыждағаттылықты талап етерлік жауапты шара, оқырманның таразыланып отырған мәселені жан-жақты тереңдей түсінуіне сеп. Еңбектің мұрағаттарда ұзақ жұмыс істеген тәжірибелі ғалымның қолынан шыққандығы көрініп тұр. Бұл талқылаудың ішкі мазмұны мен мәні бөлек сарапталуға сұранып тұрған қызылықты тақырып. Әсіресе, жас тарихшылар үшін.  

Молдахмет ҚАНАЗ,

жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты