ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ҚАЙРАН ҚАЛДЫРЫП КЕТКЕН

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ҚАЙРАН ҚАЛДЫРЫП КЕТКЕН

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ҚАЙРАН ҚАЛДЫРЫП КЕТКЕН
ашық дереккөзі
Қайран Рахымжан... Ғұмыры жанталастан тұрды оның. Жарық дүниенің жарық сәулесін көксеген жаны байыз таба алмай, өзін ары да, бері де алып қашты. Сұрапыл ойлардың ортасында от кешкен оқшау болмыс оқыс омыраулап кетіп, опық жеп те қалатын. Бірақ қайтпайтын, қадалған жеріне қайта қайырылып келіп, қан қақсатып жіберетін. Мінез... Туысы солай. Тұтқиылдан тұтанып, тығырыққа тіреп, е, сосын тебірентіп, теңселтіп жіберетін тентек мінез. Шығармаларын да осы мінезбен жазды ол. Дүние кезді. Қытай, Германия, Македония, Анкара, Мәскеу, тағысын тағылар... Кітаптарын аудартты. Асықты ғой әйтеуір. Өйткізген өзі ме? Жоқ тылсым бір құдіреттің жетегі ме? Кім білсін. «Осы қалай?» деп сұрағаным бар. «Алпыс беске дейін өз жанымды өзім жұлып жеймін. Одан кейін жазуды да, жанталасты да қоямын, аға» деген. 60-ында айтқаны. 65-ті Құдай жазбапты оған. Ол бұл пәниден кетерін 3 күн бұрын анық білді. Қоштасты менімен. «Ағызып өте шыққан асау ғұмыр» деген мақаламда бір айтқаным бар. Соны қайталамасам болмас. Атыраудың ауруханасынан телефон соғып: «Аға, аңдамай айтқан сөзім болса, кешіңіз», – деді. Дәл осыдан 3 күн өткенде Мереке (Мереке Құлкенов - ред.) ертеңгі сағат 8:00-де звондап: «Рахымжаннан айырылдық» деген. Өзінің дүниеден өтер сәтін сезетіндер де болар, әйтсе де үміттерін үзбес. Өлім дейтін сұмдық үрейлі құбылыстан тіктеп келгенде «барар жер, басар тауың» қалмайтынын сөзсіз мойындау, оны сабырмен айту қайсар жанның ғана қайтпас мінезі екендігіне айтар сөз қайсы?! Рахымжанмен 20 жылдың айналасында рухани бауыр, дос-сырлас, пікірлес болдым. Ол не жазса да, алдымен маған жіберетін. Адалын айтады деп қой, баяғы. Қазағым дегенде, соның рухы, ар-намысы, өркениеті, көркем әлемі дегенде отқа да, суға да түсіп кете беретін талантты ініңе адалдығыңды айтудан өзге нең бар. Рахымжан қазақ қаламгерлеріне қатал сынмен қарайтын. Әдеби жиындар, соның ішінде жазушылар съезіне жиналған қарақұрым одақ мүшелерін көргенде: «Құдайдың құдіреті, осының барлығы ақын-жазушы ма?» деп жағасын ұстайтын. Өзі құрметтеп, жақын тұтатындары да болды. Төлен Әбдіков, Тынымбай Нұрмағанбетов, Мархабат Байғұт, Жұмабай Шаштайұлы, Жүсіпбек Қорғасбек, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Ғалым Жайлыбай, Амангелді Кеңшілікұлы, Бауыржан Қарағызұлы, Мәлік Отарбаев, Оралхан Дәуіт және басқа да бірі аға, бірі құрдас, бірі іні азаматтарға деген көңілі көлдария еді. Дархан Қыдырәлінің әдеби, тарихи, мәдени және кісілік танымын сүйегіне жеткізіп жиі-жиі айтатын. «Жас жігіттерді қолдап, қуаттап, бас-көз болып жүрейікші, аға» дейтін. Қайтеміз, қайран да қайран Рахымжанымыз енді жоқ. Қазақ әдебиетін қайран қалдырып кеткен қаламгердің қадіріне жетіп өтетін біздер бармыз. Осыған шүкір!

Несіпбек Дәутайұлы