Депутаттар аналардың мұңын тыңдады

Депутаттар аналардың мұңын тыңдады

Депутаттар аналардың мұңын тыңдады
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Құралай Қарекен мен Ольга Шишигина «Кедергісіз келешек» жобасы аясында қоғамдық қабылдау жүргізді. Алдымен мүгедек балалардың аналары өз мәселелерімен келді. Есту қабілетінен айырылған балалар 18 жастан асып кеткен. Оларға мемлекеттік квота арқылы ота жасалған. Бұрын есту аппараттарын қолданған еді. Кейін арнайы қондырым орнатылды. Алайда ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау Министрлігінің бұйрығына сәйкес, есту протезін қолданғандардан мүгедектік дәрежесі алынып тасталады екен. Балалардың аналары бұл шешіммен келіспей, қоғамдық қабылдауға келген. Сөздерінше, арнайы қондырымды қолдану есту қабілетін қайтармайды. Егер де мемлекет есту протезін орнатқанды мүгедектіктен айырса, ол арнайы қондырғыны пайдалану, қолдану жағы қиындай түседі. Әрі сурдомамандардың көмегі керек екен. Себебі ондай азаматтардың сөйлеу функциясының өзіндік ерекшеліктері, арнайы мамандардың жәрдемін талап етеді. «Арнайы процессорды қолдану біздің отбасы үшін ауырға түседі. Қондырғының бағасы болса 20 мың еуродан асады. Зауыттың өзі 3 жылға ғана кепілдік береді. Сондықтан сіздерді осы бұйрықты қайта қарап, есту қабілетінен айырылған азамат мемлекеттің қамқорлығына алынып, есту қабілетін протездеуден өткендерге арнайы жәрдемақы төлесе екен дейміз», – деп шағымын айтты қоғамдық қабылдауға келушілер. Мәжіліс депутаттары заң аясында кеңестер берді. Әрі ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданым хат жолданатынын жеткізді. Сол сияқты, скайп арқылы жасалынған тұрғынның шағымы да назарға алынып, нақты шешім жолдары ұсынылды.