Партия бағдарламасы талқыланды
Партия бағдарламасы талқыланды
«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясында Шымкент қалалық партия филиалы «Қазақстан халқы Ассамблеясы», Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Дене шынықтыру және спорт басқармаларымен бірлесе отырып «Өмір сапасын ұзарту орталығын» ашады.
Орталық зейнеткерлер мен әлеуметтік осал адамдарды қолдауды күшейту, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың денсаулығын нығайтуға жағдай жасауға бағытталған. Бұл туралы Шымкентте «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының кезектен тыс ХХХVI конференциясында қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі Бағдарламасы жобасының негізгі ережелерін талқылау барысында айтты.
Конференцияға қала әкімінің бірінші орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы саяси кеңесі Бюросының мүшесі Қ.Нұртай, мәслихат хатшысы Ғ.Ташқараев, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және өкілдері, партия ардагерлері, мемлекеттік мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Шымкент қаласында 21 845 партия мүшесі бар, олар 43 бастауыш партия ұйымдарында тіркелген. Қалалық филиал конференциясына 334 делегат сайланып, оның 321-і қатысқан. Қатысып отырған делегаттар саны конференция жұмысын бастауға өкілеттік береді.
Конференция барысында ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауының Шымкент қаласында іске асыру барысы туралы қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рахымберды Мулкеманов баяндама жасады. «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қаланың бюджеттік ұйымдары бойынша еңбекақысы төмен 12 мыңдай жұмысшылардың айлықтары өсті. Сонымен қатар, Елбасының ұсынысын қолдап, қаладағы 200 жеке кәсіпорын мен ұйымдарда 10 мыңнан астам адамның жалақысы көтерілді. Коммуналдық қызметтердің тарифтері орташа 10 пайызға төмендетілді. Жалпы, 121 медициналық нысанның 83 пайызы электрондық форматқа ауыстырылды», – деді басқарма басшысы және барлық бағыттар бойынша нақты атқарылған шараларға тоқталды.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі Бағдарламасы жобасының негізгі ережелері талқыланып, Партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ конференция барысында «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ Съезіне «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалынан 60 делегат сайланды.