Биылдыққа алғашқы үшемдер дүниеге келді
Биылдыққа алғашқы үшемдер дүниеге келді
Түркістан облысында биылдыққа алғашқы үшемдер дүниеге келді. №1 Облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері небәрі бір жарым, екі келі салмақпен туылған нәрестелерді 20 күн бойы қадағалап, жетілдіріп барып бүгін перзентханадан шығарды, деп жазды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қазығұрт ауданының Қазығұрт ауылынан №1 Облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілген 29 жастағы Жадыра Абдалиеваға шұғыл түрде ота жасалып, дәрігерлердің көмегімен босанған. Үшеуі де ұл бала.
«Айы-күні толмай туылған сәбилердің салмағы небәрі (1700 грамм, бойы – 40 см, 2000 грамм, бойы – 42 см, 1700 грамм – бойы 48 см). Дәрігерлер аман алып қалған үш ұл бала өкпесі дұрыс дамымай туылғандықтан үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Төрт күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беті бері қарап, алдағы бір айды арнайы күтім жасайтын бөлімшеде өткізді. №1 облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде салмақ қосқан», – дейді орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Гүлжанар Идерова.
Айта кетейік, үшем ата-анасының тұңғыштары. Жадыра Абдалиеваның жақындары сәбилерді Аян, Саян, Аман деп атаған. Бүгінде нәрестелердің өміріне еш қауіп жоқ.