Қазақстанда жасы 1-ден асқан балаларға жәрдемақы төленуі мүмкін

Қазақстанда жасы 1-ден асқан балаларға жәрдемақы төленуі мүмкін

Қазақстанда жасы 1-ден асқан балаларға жәрдемақы төленуі мүмкін
ашық дереккөзі
Қазақстанда жасы 1-ден асқан балаларға да жәрдемақы төлеу мүмкіншілігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, ҚР Үкіметінің жанынан құрылған азаматтардың табысын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту және көпбалалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеу мерзімін ұлғайту ұсынысын қарастыруда. «Бұл мәселе қазіргі уақытта жұмыс тобында қарастырылып жатыр. Ең алдымен, бұл, бала бір жасқа толғаннан кейін де көмек көрсету үшін жас шегін ұзартуға, сонымен қатар жәрдемақы көлемін арттыруға қатысты. Мұндай ұсыныстарды енгіземіз. Мұны жүзеге асыруға болады және бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз», - деді министр. Осы орайда ол  балалары бар отбасыларға берілетін жердемақының қолданыстағы жүйесіне сәйкес бала 1 жасқа толғанға дейін жөргекпұл алатындығын айтты. Және оның көлемі отбасыдағы бала санына байланысты теңгерімді екендігін еске салды. «2018 жылы 395 мың адам баланы дүниеге әкелгені үшін 40,7 млрд теңге жәрдемақы алды. Ал баланың бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты 125 мың адам 30 млрд теңгеге жуық жәрдемақыға ие болды»,- деді ол. Министрдің дерегінше, мүдегек бала тәрбиелеп отырған 80,6 мың адамға 29,5 млрд теңге жәрдемақы берілді.  Мұнан бөлек, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлеріне, көпбала аналарға ай сайын жәрдемақы төленеді. Өткен жылы мұндай 271 мың отбасына 33 млрд теңге бөлінген. «Сондай-ақ жұмыс істейтін әйелдерге жүктілігіне және бала тууына байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем төленеді. Бізде оны 188 мың адам алды, төлемнің орташа көлемі 391 мың теңгені құрады. Бір жасқа дейінгі бала күтімімен 429 адам айналысып, төлем сомасы 96 млрд теңгені құрады. Бұл Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленген соңғы төлемдер. 2018 жылдың қорытындысында МӘСҚ-тен 165 млрд теңге төленді. Сонымен қатар қолдаудың салықтық жеңілдіктер секілді басқа да түрлері бар»,-  деді Ә.Смайылов. Айта кетейік, ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы, сондай-ақ көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесін де қарастырып жатқанын мәлім етті.