Жаңалықтар

Балқаш ауданының беделі биік, берері мол

ашық дереккөзі

Балқаш ауданының беделі биік, берері мол

Балқаш ауданы өткен жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне, Түркменстан мен Өзбекстанға ет экспорттады. Жуырда облыс әкімі Амандық Баталов Балқаш ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Бақанастағы әлеуметтік және өнеркәсіп нысандарын аралап, аудан әкімінің есеп беру жиынына қатысты. Осы сапарында Амандық Баталов аудандық орталық ауруханаға да барды. Мекеменің бас дәрігері Дәурен Иманалиевтің айтуынша, 1986 жылы салынған аурухана ғимараты осыдан үш жыл бұрын ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жылу жүйесі, терезелері жаңартылып, сыртқы қабырғалары жылу сақтағыш материалдармен қапталған. Десе де қазіргі жай-күйі күрделі жөндеуді қажет етеді. Мұнда 100 төсектік тәуліктік стационар, 20 төсектік күндізгі стационар бар. Ауруханада 300-ден астам медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Осы күнгі сапарында облыс әкімі А. Баталов аудандық Мәдениет үйінде өткен аудан әкімі Ғалым Тоқпейісовтің тұрғындар алдында есеп беру жиынына қатысты. Жиында аудан әкімі Ғ. Тоқпейісов 2018 жылғы өңірдің дамуы мен 2019 жылға межеленген міндеттері туралы кеңінен айтып берді. Баяндамашының берген есептік мәліметтеріне қарағанда, өндіріс өнімінің көлемі 1,4 млрд. теңгені құраса, ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 23,7 млрд. теңгеге жетіп, 103,7  пайыз көрсетіп отыр. Аудандағы 1,7 мың шағын кәсіпкерлік субъектілері 16,7 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, олардан 0,5 млрд. теңге салық түскен. Балқаш өңірінде 449 жұмыс орны құрылып, жұмысқа орналасу мәселесімен жүгінген адамдардың 85,1 пайызы, яғни 1013 адам екі қолға бір жұмыс тапқан. Аудан өткен жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне, Түркіменстанға, Өзбекстанға ет экспорттаған. Бұл жұмыстың қарқынын биыл үдете түспек. Аудан тұрғындарынан негізінен мүгедектерді, көп балалы аналарды тұрғын үймен қамту, Бақанас ауылының жолдарын жөндеу, әлеуметтік көмектер туралы сауалдар қойылды. Аудан әкімі Бақанаста 2019 жылы 20 тұрғын үй салынатынын, ол үйлерді беру кезінде халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары да ескерілетінін айтты. Бұл орайда облыс әкімі А. Баталов 2019 жылы берілетін 20 үймен қатар тағы 20 үйдің құрылысын бастауды тапсырды. «Демографияға үлес қосып, қазақтың санын өсіріп отырған – көпбалалы аналар. Оларға барлық жағдайды жасауымыз керек. Сондықтан олардың мұқтаждықтарына жәрдемдесіп, жағдайларына қолдау көрсету - бірінші кезектегі мәселе», - деді А. Баталов. Сонымен бірге Бақанастағы көшелердің жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының аз екенін айтып, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қосымша қаржы қарастыруды тапсырды.