Заманына сай түлеген «Ромео мен Джульетта»
Заманына сай түлеген «Ромео мен Джульетта»
Ағылшынның ұлы драмаургы У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» атты пьесасындағы махаббат трагедиясы ортағасырлық Италия жерінде өткен оқиға екендігіне қарамастан мәңгілік құндылықтарды әспеттеуімен әлдеқашан жалпыадамзаттық рухани мұраға айналғаны рас.
Лиро-эпостық жырларымыз: «Ләйлі – Мәжнүн», «Жүсіп – Зылиқа», ұлттық драматургиямыздағы: «Еңлік – Кебек», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты», т.б. туындыларда жырланған мөлдір махаббат, асыл сезім, жастық жалын «Ромео мен Джульеттаға» да тән. Сондықтан аталмыш Шекспир шығармасы қаншама ғасырлар өтсе де өз өзектілігін жоймай ұрпақтан ұрпаққа тарап келеді.
Әлемдік театрларды былай қойғанда қазақ сахна өнерінде сандаған нұсқасы жарыққа шыққан «Ромео мен Джульетта» пьесасы көркемдік деңгейі сан алуан спектакльдерге арқау болып, айрықша режиссерлік қолтаңбалармен және жанрлық ерекшеліктерімен қойылып жүр.
Жуықта Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театры көрермен назарына «Ромео мен Джульетта» оқиғасын қуыршақтар ойыны арқылы көрсетті. Режиссері – Д.Жұмабай, суретшісі – Ю.Чернова.
Театрға бас сұққаннан-ақ бойымызды бір таңғажайып сезім билей бастады. Театр фойесіндегі ерекше атмосфера – қуыршақтар көрмесі, әр түрлі қағаздан жасалған символикалық бейнелердің сұлбалары (періштелер, жүрекшелер, т.б.), қатар-қатар тізілген майшамдар, спектакльдің көз тартар жарнамасы, жайлы жиһаз, қабырғаға ілінген тілек жазбасы, т.б. уақ-түйек детальдар, барлығы-барлығы көрерменнің спектакльді қабылдауына айрықша көңіл-күй сыйлап тұрды. Бұл ретте, театр басшылығының заманауи нарық талаптарынан шеттеп қалмай менеджерлік, маркетингтік әдіс-тәсілдерді меңгергендігін, ұйымдастырушылық қабілеттерінің молдығын айрықша айта кеткеннің айыбы жоқ.
Театрдың Кіші залында шымылдық жоқ, кірген кезде қойылым декорациясына көз үйрете бастадық. Алып бара жатқан сахналық безендіруді байқамаймыз. Қабырғалар аппақ қағазбен қапталған, ортада төртбақ, мығым үстел орналасқан. Сахнаның артқы екі қапталында артисттердің кіріп-шығуына қолайлы есіктің қызметін атқаратын қуыс қана бар.
Авансценаның қақ ортасында төрт қатысушы отыр. Костюмдерінің жүннен тоқылған ауыр фактурасы, үлгісі, сұрғылт түсі ортағасырлық киімдерді еске салады. Беттеріне киген маскалары олардың кезбе актерлер екенін хабарлағандай. Сонымен пролог оқылды, қойылым басталды. Бір жарым сағатқа созылған туынды әп-сәтте-ақ көрерменнің көңілін баурап алды.
Режиссер мен артистер ұсынған бұл театрлық дискурстың негізгі мақсаты – бүгінгі жастардың махаббат туралы түсінігін көрсету. Режиссер идеясы драматург ойын жалғастырғанымен бұл қойылым құрылымында махббатты түйсінудің жаңа көрінісі бар. Спектакль қалай сүюді, ненің жақсы, ненің жаман екенін үйретпейді, керісінше, нағыз шындықты, өмірде қалай, соны ғана баяндайды. Таңдау құқығы, әрине, көрерменнің құзыретінде.
Енді спектакльдің «жасалу құпияларын» тарқата баяндасақ. Түннің бір уағы, желіккен жастар қызылды-жасылды бояумен аппақ қабырғаға жазу жаза бастайды. Бұл жазулар кәдімгі өзімізге үйреншікті қала үйлерінің қабырғаларындағы граффитилерді еске салады. Одан әр ұрпақ өмірде өз ізін өзінше қалдырады деген семантикалық ойды ұқтық. Саналары жеткенше көңіл көтерген қыз-жігіттердің өзара жиын барысы төбелеске ұласты. Бұл көріністі актерлер бейвербалды әрекетпен жеткізеді. Айқастың ең қызған шағында қала басшысы Эскал келіп, бассыздықты тоқтатуды талап етеді. Ал, Эскал қуыршақ бейнесінде көрсетіледі. Осылайша, спектакльде актерлердің жанды планда және қуыршақ бейнесінде қатар ойнауы сюжеттің қарқынды дамуына негіз болған.