Жаңалықтар

"Қыз бен теңіз" атты көркем фильм жарыққа шықты

ашық дереккөзі

"Қыз бен теңіз" атты көркем фильм жарыққа шықты

Астанада «Қыз бен теңіз» атты әлеуметтік көркем фильмнің тұсаукесері өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген фильмнің режиссерлері әрі сценарий авторлары – Мұхамед Мамырбеков және Әзизжан Заиров. Фильмде БЦП-мен ауыратын Әсел есімді бойжеткеннің өмірі баяндалады. Оның бар арманы – махаббатын кездестіріп, отбасын құру. «Мүмкіндігі шектеулі жандар туралы баяндайтын бұл фильм көрерменге ой салатын, өте күрделі туынды. Мүгедектігі бар жандарға жағдай жасау, оларға қолжетімді орта құру, қоғамнан тыс қалмауына жіті көңіл бөлу, қоғамның назарын мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне көңіл аударту – біздің басты мақсатымыз! Фильмнің режиссерлері Азиз Заиров пен Мұхамед Мамырбеков қиындықтардан қорықпай, осы маңызды тақырыпты қозғап, тамаша кинотуынды түсірді. Фильмнің түсіру тобын бүгінгі алғашқы көрсетіліммен құттықтаймын», – деді ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы салтанатты тұсаукесер рәсімінің ашылуында. «Әлеуметтік фильмдерді түсіруден ұққаным, мүмкіндігі шектеулі жандарға кинематограф арқылы келген арт-терапияның әсері инклюзивті (барлығы қамтылған)болатынын түсіндім. Әлеуметтік бағытта түсірілген «Быть или не быть?» және «Қыз бен теңіз» жобаларынан кейін біздің «актерлеріміздің» қалай өзгеріп, өздеріне деген сенім пайда болғанын байқадым. Соның арқасында қоғам өміріне именбей араласуға дайын екендері көрініп тұр. Бұл картина арқылы біз көрермендерге тек мүгедек жастардың ғана емес, мүмкіндігі шектеулі барлық жандардың күнделікті проблемалары туралы ашып көрсетуге тырыстық. Қоғамда өз орнын тауып, тең мүшесі болу үшін осындай адамдардың өмірімен, тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін, көрермен оларға түсіністікпен қарап, тіпті өздерінің күшіне де сене алатынына сеніміміз мол», – деді фильмнің тең режиссері Мұхамед Мамырбеков. Фильмнің соңында астаналық көрермендер қол соғып, ыстық қошемет көрсетті. Сондай-ақ фильмнің режиссерлері зағип жандар үшін арнайы тифлоаудармасы бар нұсқасын дайындауды жоспарлап отырғандарын айтады.