"Қазақ елі" сериалы биыл экранға шықпайды

"Қазақ елі" сериалы биыл экранға шықпайды

"Қазақ елі" сериалы биыл экранға шықпайды
ашық дереккөзі

Қазақ хандығының 550 жылдыңына арналған сериалдың түсірілімі белгіленген уақытта аяқталмайды. Үлкен даумен басталған фильм жоспар бойынша Тәуелсіздік күнінде емес, келер жылдың көктемінде экранға шықпақ. Бұл туралы «КТК» арнасы хабарлады.

Сериялар санының жиырмадан онға дейін қысқарып, сценарийдің айтарлықтай өзгеруі, сол себепті түсірілімнің кеш басталуы сериалдың экранға шығу уақытын да кешіктіріп отыр. Әзірге түсіру жұмыстарының тек 40 пайызы аяқталған. Түсірілім қазір Алматы облысының Шошанай ауылы маңында жүргізілуде. Екі аптадан бері жалғасып жатқан түсірілім жұмыстарының бұқаралық көріністерінің өзіне 200-ге тарта актер қатысып жатыр. Фильм түсірілімі 4 ай бұрын басталған болатын. Сериалда хандықты негізін қалаған бас кейіпкерлердің қатарында Асан Қайғы мен Қазтуған жырау да бар. “Ішкі сарайдың интригасына бұл кісі қатысқан. Осы қазақ хандығының қалыптасуында, ноғай-қазақтың ыдырауында өзіндік бір рөлі болған, сол кездегі көшбасшы, көсемдердің бірі болған адам. Өте бір жақсы рөл деп ойлаймын. Осы рөлдің маған бұйырғанына мен өте қуаныштымын”, – дейді Қазтуған жырау рөлін сомдаушы Бекболат Тілеухан. “Желтоқсанның орта белінде бүкіл материалды түсіріп бітеміз деген ойдамыз. Алдын ала бәрін айта алмаймын. Өте күрделі жоба. Халықтың алдында, елдің алдында масқара болмай, кәдімгі дұрыс деңгейде, ауыз толтырып айтатындай қып жасағымыз кеп отыр”, – дейді «Қазақ елі» фильмінің режиссері Рүстем Әбдірәшев. 10 сериялы фильм Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлінуінен басталып, Әз Жәнібектің таққа отыруымен бітеді. Әрі қарай жалғастыру үшін үшін демеуші қажет. Өйткені түсіру тобы жобаға бөлінген 1 миллиард теңгенің аздық ететінін айтып отыр. Сондықтан туындының кем-кетігін толықтыру мақсатында арнайы қор құрылған. Жоба авторлары тарихтың жаңғырып, өнердің өркендеуіне бейжай қарамайтын азаматтардың қаржылай көмегінен үмітті.