Төле би ауданы 12 млрд теңге инвестиция тартқан
Төле би ауданы 12 млрд теңге инвестиция тартқан
Түркістан облысы Төле би ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2018 жылғы қорытындысы мен 2019 жылғы міндеттері туралы есебі тыңдалды.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен жергілікті тұрғындар қатысқан жиын әуелі аудан көлемінде өндірілген өнім түрлері қойылған көрмемен басталды. Онда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп орындарының озық тауарлары қойылды.
"Жоспар артығымен орындалған бағыттың бірі – өнеркәсіп саласы. Атап айтсақ, бұл бағытта 32 млрд. 166 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 106,3 пайызды көрсетіпті. Оның ішінде, қайта өңдеу саласында 28 млрд. 360 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 105,5 пайызды құрап отыр. Былтыр өңідегі кәсіпкерлік субъектілерінің саны 8211-ге жетсе, оның ішінде, 7594-і, яғни, 92,4 пайызы белсенді жұмыс жасауда. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау арқылы 12 238 азаматқа 6 млрд. 727 млн. теңгеге несие берілді. 2017 жылы 12 004 жеке азаматқа 5 млрд. 697 млн. теңге несие берілген. Бұл көрсеткішті 2017 жылмен салыстырсақ 18 пайызға артқанын байқауға болады. Одан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 324 млн. теңгелік 6 жобаға инфроқұрылым тартылып, несиелері субсидияланып, гранттар берілді. Аудандағы кәсіпорындар тарапынан 14,3 млрд. теңгенің өнімі Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай елдеріне экспортталды", - деді Б.Омарбеков.
"Мал шаруашылығында тері, жүн өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар ашу жұмыстары кенже қалып отыр. Бұл міндеттерді іске асыруда тиісті салалық басқармалармен бірлесіп белсенді жұмыстар атқару қажет. Елбасының Жолдауында алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы өндірісі мен өңделген өнімді экспорттау көлемін 2,5 есеге арттыру тапсырылған. Сондықтан да, ауданда көкөніс, бақша және жеміс, өнімдерін өңдейтін цехтарды ашуды қарастыруды тапсырамын. Төлеби ауданында әлі де жұмысты ширататын салалар баршылық", – деді Ж.Түймебаев.
Басқосу соңында, таулы ауданның шетелдік һәм отандық туристерді тартуда әлеуеті жоғары екенін алға тартқан аймақ басшысы келген туристерге қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарын іске асыруда тиісті салалық басқармалармен бірлесіп белсенді жұмыстар атқаруды аудан басшылығына жүктеді.