Ұлтты ұйыстыруға ұйытқы болған басылым

Ұлтты ұйыстыруға ұйытқы болған басылым

Ұлтты ұйыстыруға ұйытқы болған басылым
ашық дереккөзі
Ұлтымыздың ұлы перзенті, алты Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек» деген ұлағатқа айналған сөзі технология дамыған жаңа мыңжылдықта да мәні мен маңызын жойған жоқ. Егемендіктің елең-алаң уақтысында қазақтың қарымды қаламгері, жазушы Қалтай Мұхамеджановтың ұйытқы болуымен ашылған «Túrkistan» газеті замана көшінен қалмай, уақыт ағымымен бірге дамып келеді. Биыл ұлтты ұйыстыруға ұйытқы болған басылымның жарық көргеніне ширек ғасыр толып отыр. Баршаңызды туысқан түркі жұртына танымал газет тарихындағы атаулы датамен құттықтаймын! Ұлттық басылым осы жылдар ішінде елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси-экономикалық бағыттағы игілікті істерді жан-жақты насихаттап, білім, ғылым, рухани һәм мәдени салалардағы жағымды жаңалықтарды жұртшылықпен бөлісіп келеді. Келешекте де Мемлекет басшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын көпшілік қауымға шынайы жеткізуде «Túrkistan» газетінің қосатын үлесі қомақты болатынына кәміл сенімдімін. Тәуелсіздік жылнамасын жазып жүрген газетте осы жылдар аралығында халқымыздың белгілі қаламгерлері мен талантты журналистері қызмет атқарып, басылымның дамуында өз қолтаңбаларын қалдырды. Еліміздегі жоғары педагогикалық білім берудің көшбасшысы, қазыналы қарашаңырақ – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бүгінде халықаралық беделді басылыммен өзара ынтымақтастық аясында бірлесе жұмыс істеуде. Газет бетінде ұлағат ұясында жүзеге асырылып жатқан шаралар жайындағы мақалалар, университет ғалымдары мен студенттерінің әртүрлі тақырыптарды қаузаған жарияланымдары тұрақты беріліп келеді. Бұл – ордалы оқу орны үшін де, басылым үшін де үлкен маңызға ие деп ойлаймын. Газет ұжымын, қалың оқырманды осынай мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық табыс, қажымас қайрат, мол табыс тілеймін!

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор