Жаңалықтар

«Көші-қон туралы» жаңа Заң жобасы: 57 мыңға жуық қазақ азаматтық алады

ашық дереккөзі

«Көші-қон туралы» жаңа Заң жобасы: 57 мыңға жуық қазақ азаматтық алады

Осы аптада Парламент Сенатында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбековтің жетекшілігімен комитет отырысы өтіп, онда үш бірдей заң жобасы қаралды.

Соның бірі – «Халықтың көші-қон және жұмыспен қамту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов заң жобасы еліміздегі 57 мыңға жуық отандасымызға азаматтық беру мәселесін қарастыратындығын атап өтті. «Біз осы кезге дейін қолданыста болған «Көші-қон туралы» Заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Ал бұл құжат 1997 жылы қабылданған болатын. Жаңа редакцияланған заң жобасы елімізге шет елдерден келетін этникалық қазақтар үшін өте тиімді болмақ. Себебі қазірдің өзінде Қазақстанда азаматтық алу үшін ықтиярхатпен жүрген 57 мың шеттен келген отандасымыз бірден азаматтық алады. Олар қазіргі қолданыстағы заң талаптары бойынша, тиісті құжаттарын тапсырып, азаматтық алу үшін 4 жылдық мерзімнің орындалуын күтіп жүр. Ендігі жерде жаңа заңымыз күшіне енген жағдайда, олар бірден азаматтық алатын жандар санатына жатқызылатын болады. Яғни, олар «ескі» заңның «4 жылдық мерзімін» күту талабын орындауы шарт емес», ̶ деді Біржан Бидайбекұлы.

Айта кетерлігі, Заң жобасы бойынша этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуын ынталандыру шаралары қарастырылған. Мәселен, шет елден келетін этникалық қандастардың қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін алу, шетелдік азаматтарға қарағанда төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі. Бұл ретте Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда оралмандарға тиісті жағдай жасалмақ. Мәселен, жұмыспен қамту бойынша шаралар шеңберіндегі этникалық қазақтар үшін көлік шығындарын өтейтін, қызметтік баспана немесе жатақханадан бөлме беруді құрайтын әлеуметтік пакеттер қамтылған. Бұндай әлеуметтік көмектер еліміздің бір өңірінен екінші аймаққа қоныстанған оралмандар үшін де беріледі.

Десе де Үкімет тарапынан сырттан келген қандастарымызға қойылатын талап та жоқ емес. Үкімет белгілеген аймақта оралмандар 5 жылдай тұрақты тұруы тиіс. Ал егер өз еркімен басқа өңірге қоныс аударғандар болса, олар мемлекеттен көрсетілген көмектен айырылып қалмақ. Бұл ретте оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін тұрақты тұру ықтиярхатын алғаннан кейін бір жыл ішінде шешу көзделіп отыр.

Жиын барысында комитет төрағасы Икрам Адырбеков «оралман» терминінен бас тарту керектігін айтып қалды. «Егер бізде бір ұғым, қандай да термин пайда болса, соған аяғына дейін байланып қаламыз. Қазіргі күні бізде «оралман» терминінің өзі біршама кері түсінік тудырып жүр. Азаматтық алғандар өздерінің мәртебесін ауыстырып, «оралман» мәртебесінен айырылады деп жатыр  ̶  бұған келіспеймін. Өйткені басынан бастап оған «оралман» дегендіктен ол ауылдастары үшін де, сол өңір үшін де оралман болып қала береді», ̶  дейді сенатор талқылау барысында. Осыған орай, депутат шеттен келген этникалық қандастар ғана емес, олардың балалары да «оралман» болып отырғанына да қынжылыс білдірді. «Неге уақытында дұрыс термин қабылданбаған, мәселен «бауырлас», «отандас» секілді? Бүгінгі үдерісті ескере отырып, бұл терминді қайта қарастыру керек деп ойлаймын. Сол қандастарымыздың өздерін қатыстыра отырып талқыласақ, біз бұдан әлдеқайда лайықты термин таба аламыз деп сенемін», ̶ деді ол.

Талқылаудан соң комитет депу­тат­тары заң жобасын жалпы отырысқа шығару туралы уағдаласты. Есте болса, жуырда ғана Парламент Мәжілісі мақұлдаған заң жобасын Парламент Сенатындағы комитет депутаттары жан-жақты талқылап, Сенаттың Кеңейтілген отырысына шығаруға арнайы қаулы қабылдады. Ал Кеңейтілген отырыста қолдау тапқан заң жобасы Мемлекет басшысының қол қоюуына жіберілетін болады. Көп ұзамай заң күшіне енбек.

Еркежан ЖҰМАТАЙ