ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ МӘДЕНИЕТІНІҢ ҰСТЫНЫ – ЖАЗБА ЖӘДІГЕРЛІКТЕР

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ МӘДЕНИЕТІНІҢ ҰСТЫНЫ – ЖАЗБА ЖӘДІГЕРЛІКТЕР

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ МӘДЕНИЕТІНІҢ ҰСТЫНЫ – ЖАЗБА ЖӘДІГЕРЛІКТЕР
ашық дереккөзі
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ» деген еді. Расында осы көзқарастың кесірінен сақтар мен ғұндарды «ирантілдес халықтар болған» деп, бізге жақындатқысы келмегендердің мақсаты – түркі халықтарын, оның ішінде қазақтарды Ұлы далада өмір сүрген ғұндар мен сақтардың мұрагері ретінде танығысы келмеген, шовинстік көзқарастың көрінісі еді. Жерімізден табылған тасқа қашап жазылған таңбалар, суреттер, әріптер – ежелгі түркілерде, соның ішінде  әдебиет пен мәдениеттің қалыптасқанын көрсетсе керек. Олардың құпия сырын ғалымдар шама-шарқынша зерттеп, зерделеп, оның өте маңызды жәдігерліктер екенін дәлелдеп келеді. VІІІ-ІХ ғасырлардағы «Қойтүбек көне түркі мәтіні» тасқа қашап жазылған бір жол мәтіннен тұрады (Ескерткішті  1985-жылы алғаш тапқан А.Е.Рогожинский. Мәтіндік тұрғыдан А.С. Аманжолов зерттеу жүргізіп оны «Ай-элиг» деп оқыған. Сөздің дыбысталуына қарап, мағынасын шамалау қиын болмаса керек). Ал «Есік» қорғанынан табылған «Тостағандағы жазу» –  Б.д.д. V-ІV ғасырларда жазылған, ежелгі сақтардың жазуы, тостағанның сырт жағына ойылған 26 әріп екі жолға қашап жазылған. Келесі жазу қола айнаның жиегі мен ішкі шеңберінде дөңгелене үшкір темір затпен қашалып екі жол мәтін жазылған жазу (күміспен қашалып жазылған) – белгілі түркітанушы-ғалым А. Аманжолов оқуынша: «Аға саған бұл ошақ! Бөтен ел адамы тізеңді  бүк! Халықта азық-түлік мол болғай!» деп жазылған екен. Сонан соңғы назар аударатын әдеби жәдігерлік – VІІ-ІХ ғасырға қатысты Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданынан табылған көне түркі қорғанынан табылған мәтін. Қола айнаның жиегі мен ішкі шеңберінде дөңгелене үшкір темір затпен қашалып жазылған екі жол мәтін бар (1935-жылы Қазақстан зерттеу қоғамы тапқан. Алғашқы мәліметті А.Н.Бернштам жариялаған. Мәтіндік зерттеуін А.С. Аманжолов жүргізген. Сонымен бірге ғалым Н. Базылханның «Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері» (Орхон, Енисей, Талас),  Алматы, Дайк-пресс, 2005-жыл) айтыған. Қола айнаға қашалып жазылған мәтін: «Жебеуші қызыл күрең айдаһар. Әйел күншілдігін азайтса құты қонады» деп оқылған. (Мәтінді оқыған А. Аманжолов). Мәтін ІХ-Х ғасырларға қатысты. Шығыс Қазақстан облысы, Ертіс өзені бойындағы «Зевакино шемонаихинск» ауылына жақын жердегі көне түрік қорғаннан  («146 қорған») әйел адамның мүрдесі және түрлі зат бұйымдармен бірге табылған. Қола айнаның жиегі мен ішкі шеңберінде дөңгелене үшкір темір затпен  қашалып, екі жол мәтін жазылған. 1969-жылы Ф.Х.Арсланова тапқан. Мәтіндік зерттеулерін Ф.Х.Арсланова, С.Г. Кляшторный, А.С. Аманжолов жүргізген.  (Н. Базылханның «Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Енисей, Талас), Алматы, Дайк-пресс, 2005-жыл, 241-бет).  Ендігі назар аударар жәдігерліктердің бірі – ІХ-Х ғасырларға қатысты Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе қаласы, Елек өзені бойындағы ежелгі көшпелілердің қорғанынан («ІІІ қорған» табылған – «Қола айнадағы қолтаңба». Қола айнаның жиегінде дөңгелене үшкір темір затпен бір жол мәтін жазылған. Бір жол мәтінде  11 таңба бар. (Н. Базылханның "Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Енисей, Талас), "Қазақстан тарихы түркі тілді деректемелерде" атты сериясы бойынша. 2-том, Алматы, Дайк-пресс, 2005-жыл, 242-бет). Әдебиетші-ғалымдардың назар аударар тағы бір жәдігерлік – ІХ-Х ғасырларға қатысты Тараз қаласынан 15 шақырым батысында «Жұбан-төбе» қалашығынан табылған. Тас құралдың сынық тұсына қарсы жиегінде бір жол мәтін қашалған. Алты таңба. 1987-жылы К.М.Байпақов басқарған экспедиция тапқан. Мәтіндік зерттеуін С.Г. Кляшторный, А.С.Аманжолов жасаған. Тас құралдағы мәтін А.С.Аманжоловтың транскрипциясы мен орысша, қазақша аудармасы: «Охота на диких зверей». «Аң аулау».  (Н. Базылханның «Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері» (Орхон, Енисей, Талас), «Қазақстан тарихы түркі тілді деректемелерде» атты сериясы бойынша. 2-том, Алматы, Дайк-пресс, 2005-жы). Ғалымдарымыз қазақ мемлекеттілігінің қайнар көзі сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар туралы жазылған қытай деректері жайлы «Ерте мемлекеттік бірлестіктер мен түркі кезеңіне байланысты, әсіресе қытай деректері мол мәлімет береді. Бұл деректер бойынша қазақ мемлекеттілігінің қайнар көздері: сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар. Бұл туралы ежелгі қытай деректерінде «түркілер ғұндардың бір тармағы... Арғы аталары ғұндардың солтүстігіндегі  Сақ елінен шықты... Күмбез пішінді киіз үйде тұрады...» делінген....» деп жазады ( Ә.Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, Е. Қалиева, Т. Далаева. «Қазақстан тарихы». Алматы: Мектеп. 2014). Әдебиеттану ғылымы үнемі дамып, жетіліп отырады. Соңғы жылдары ежелгі сақ дәуіріндегі әдеби жәдігерліктердің там-тұмдап табылуы қазақ әдебиеті тарихының кезеңдерін ежелгі сақ дәуірінен бастау қажеттігін алға тартты. Сақ дәуірінен жеткен ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі «Алып Ер Тоңғаны жоқтау» жыры ежелгі заманның ауыз әдебиеті үлгісі саналады. Ал ежелгі ғұн дәуіріне жататын халық әдебиетінің сюжеті негізінде қайта жырланған «Алты жасар Алпамыс» қиссасы, «Алаңқай батыр» (Өмірзақ Қалбаев), «Он үш жасар Алаңқай батыр қиссасы» да (Теңізбай жырау)  бүгінгі халықтың жадында ертеде жырланған оқиғалар сілемін жаңғыртады. Қазақтың көне жазба әдебиеті Есіктен табылған күміс тостағандағы жазудан басталады: «Аға саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы), тізеңді бүк! Халықта азық-түлік (мол болғай)». Ұлы Дала Елінен табылған күміс тостағандағы жазу – біздің бабаларымыздан жеткен әдеби мұра. Ерекшелігі – бұл әдеби жәдігерлік қазақ әдебиеттану ғылымына тосын жаңалық әкеліп отыр. Себебі Есіктен табылған күміс тостағандағы жазу – қазақ жазба әдебиетінің бастау көзі саналады. Есік жазбасы үш сөйлемнен тұрады. Сананы ізгілікке, терең ойға, ұлтжандылыққа тартатын үш сөйлем – үш әңгімеге татиды. «Аға саған (бұл) ошақ!». Төрт сөзден тұратын бұл сөйлем оқыған адамның ойын өмірдің тұңғиық қатпарларына жетелейді. Ошақ – отбасы, ошақ – мемлекеттің қазығы, ошақ – бүкіл салт-дәстүр, тәрбие арнасы. Біздің арғы бабаларымыз болып саналатын Сақтар ошақты қадірлей отырып, онан шыққан отқа табынған. «Арман-мақсаттарымыз осы ошақтан аспанға ұшып шыққан от пен түтін арқылы Тәңіріге жетсін...» деген тілек айтқан. Ошақ бүтін болуы шарт. Төзімділік те, адалдық та, еңбеккерлік те, қажырлылық та, ұлтжандылық та, отаншылдық та, бауырмалдық та ошақ басынан басталады. «Бөтен (жат ел адамы), тізеңді бүк!» Бұл сөйлемде жерді, атамекенді жатжұрттықтардан қорғау идеясы жатыр. Ұлы дала ұлан-байтақ, бірақ ұлтарақтай жер де жауға берілмейді. Сақ жауынгерлерінің сол ұлтарақтай жер үшін бір қасық қаны қалғанша жауларымен шайқасқаны әлемге әйгілі: ұлан-байтақ сақ жерін жаулап аламын деп келген пиғылы бұзық парсы патшасы Кирдің басы осы сақ даласында кесілді, Александр Македонскийдің (Ескендір Зұлқарнайын) тізесіне найза осы сақ даласында қадалды. «Халықта азық-түлік (мол болғай)». Бұл сөйлемде елдің табиғи ресурстарына көңіл бөлу, жерден өнімді пайдалану идеясы жатыр. Мемлекеттің қорғаныс қуатын арттыру үшін халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету қажет. Молшылық елдің экономикасын көтеріп, қорғаныс қуатын арттырады. Бұл сөйлемдегі айтылған ой Күлтегін мен Білге қағанға арналған көне түркі жазба ескерткіштерінің авторы Иоллықтегіннің Күлтегін ескерткішіндегі Кіші жазуындағы «Қаған болып, жарлы халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым» деген жазуымен үндеседі. Үш әңгімеге татитын бір-бірімен тығыз байланыса өрбіген үш сөйлемде осындай игі мақсаттар жатыр. Қазақтың жазба әдебиетін осы үш сөйлемнен бастау елдігімізді, жазба әдебиетіміздің тереңдігін білдіреді. «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге» жазба ескерткіштері де жазба әдебиетіміздің тарихын әріден басталатынын танытады десек, «Күміс тостағандағы жазу» – Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің бастау көзі екені белгілі болып отыр. Ендеше күміс тостағандағы үш сөйлем – біздің хатқа түскен жазба әдебиетіміздің бастау көзі.  

Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің доценті,

профессор.