Он жылдыққа – он мақсат

Он жылдыққа – он мақсат

Он жылдыққа – он мақсат
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалының кезектен тыс XXVIII конференциясында партия активі алдағы он жылдыққа арналған партияның он мақсатын талқылады. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айгүл Нуркина, Жамиля Нұрмағамбетова мен Айзада Құрманова қатысты. Конференция барысында «Нұр Отан» партиясының 20 жылда атқарған жұмыстарына да тоқталып өтіп, партияның халық үшін жасаған жұмыстары тілге тиек етілді. Көкшетау қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зәуреш Нұрымова 2030 жылға дейінгі партияның бағдарламасымен таныстырды. «Көкшетау қалалық партия филиалына қарасты барлық бастауыш партия ұйымдарының жиналыстарында партияның бағдарламасы қызу талқыланып, алдағы он жылдыққа қойылған он мақсатты жүзеге асырылу барысы да айтылды. Партия бағдарламасында әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, жастар мен бизнесті қолдау мәселелері жан-жақты қамтылып, әр қазақстандықтың қолжетімді баспана мен сапалы білім алуына жағдай жасалуы қажет делінген. Біздің ойымызша, бұл нақты істер мен нақты қадамның бағдарламасы», – деді өз сөзінде Зәуреш Нұрымова. Сонымен қатар, конференция барысында Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа арнаған биылғы Жолдауының жүзеге асырылу жайында есеп берілді. Партиялықтар алдында есеп берген Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Амангелді Смаилов атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталып өтті. Көкшетау қаласындағы орташа жалақы өткен жылы 125,1 мың теңгені құраса, облыстағы басқа өңірлермен салыстырғанда Көкшетау қаласы төртінші орыннан екінші орынға көтерілген. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өскен. Өткен жылы 1500 пәтерге шақталған 31 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасында» белгіленген «7-20-25» бағдарламасы бойынша Көкшетау қаласында 200-ден астам өтініш қаралып, оң шешімін тапқан. Осылайша, республика бойынша Көкшетау қаласы аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру бойынша бесінші орынға шыққан. Облыс орталығының тас жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы екі мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Конференция барысында партиялықтар қала дамуының көрсеткіштері жайындағы есепті назарға алып, парияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасын талқылап, толығымен қолдайтындықтарын жеткізді. Делегаттар партияның алдағы XVIII съезі елдің дамуына тың серпін беретіндігіне сенімді. Конференция соңында партия белсенділері алғыс хаттармен марапатталды.