Жаңалықтар

Made in kazakhstan отандық костюмге сұраныс қандай?

ашық дереккөзі

Made in kazakhstan отандық костюмге сұраныс қандай?

Жеңіл өнеркәсіп саласы, оның ішінде отандық киім өндірісі тұралап қалғаны жасырын емес. Қазір сонау жылдары халықты азды-көпті киім-кешекпен қамтамасыз етіп тұрған АХБК-ның өнімдері де аңызға айналды. Тіпті, «сол фабриканы сақтап қалуға болар еді...» деп өкініш білдіретіндер де аз емес. Тек соңғы жылдары отандық киім тігетін цехтар ашылып, олқылықтың орны біршама толғандай көрінді. Десек те, бұл теңізге тамған тамшыдай ғана... Елбасы Н.Назарбаев та отандық киімді қолдап, жарнама жасап жүреді. Ол өзінің Жолдауларында да, БАҚ өкілдерімен өткен кездесулерінде де отандық өнім жайында айналып өткен емес. Мәселен, Президент «Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті қалпына келтіріп, ерлер мен әйелдерге арналған отандық киім өндірісін жолға қою керек. Елімізде шикізаттық және қайта өңдеу индустриясы болуы қажет. Бұл – мемлекет тұрақтылығының кепілі, өзімізді қамтамасыз ету үшін керек. Мәселен, біз экономиканың маңызды саласы болып саналатын жеңіл өнеркәсіпті ұмыттық», – деген-ді. Тіпті, былтырғы жолдауында отандық кәсіпорындарға халық көп тұтынатын тауарларды шығаруға көмектесуді жүктеді. Осы орайда, Президент өңдеу өнеркәсібі мен шикізатты емес экспортты қолдауға қосымша 500 млрд теңге бөлуді тапсырды. Тағы бірде Үкімет мүшелеріне қарата: «Егер үстеріңіздегі шетелдік киімді шешіп алсақ, тыр жалаңаш қаласыңдар! Біздің елімізде де сапалы киім шығара алады. Мен өзім тек отандық өнімді қолданамын. Сапалы әрі он есе арзан. Өзімізді қолдау керек! Мен Қазақстанда тігілген костюмді киемін, аяқ киімім де өз елімізде тігілген. Өзіміздің жеңіл өнеркәсібімізге осылай жарнама жасаймын!» – деген ол. Сол кезде тілшілер қауымы қай министрдің отандық киім киетінін зерттеп көрген. Сөйтсе, шенеуніктердің ішінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Президент әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешев қана отандық костюм киетіні белгілі болған. Ал өткен аптада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Н.Назарбаев бұл мәселеге қайта оралды. «Барлығын шетелден алып келеді. Жарайды, сәнқойлар «шанел-манель» кигісі келеді. Бірақ қарапайым халық ше... Өз киімдерімізді танытуымыз керек. Осы жерде отырғандардың бәрі сол киімдерді киюі қажет. Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Мемлекеттік қызметкерлерге қарапайым киімдер бар. Осылайша біз отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытамыз», – деген Президент министрлерді отандық киім киюге шақырды. Алайда шенеуніктер неге отандық киім кигісі келмейді? Олардың таңдауына не әсер етеді – сапаға деген сенімсіздік пе, әлде отандық тауарлар туралы бейхабар ма? Шын мәнінде, бізде бұл салада істің көзін тауып жүргендер жоқ емес. Соның бірі Нұрсұлтан Мағзомов бизнес саласы бойынша шетелде білімін шыңдаған маман. Жат жерде жүріп өзге жұрттың киім үлгісіндегі талғамын байқаған ол елге келген соң дәл сондай отандық бренд тауарын шығаруға бел буған. Қазір Қазақстан бойынша 10 бутигі бар. Тіпті Ресейден де ашыпты. «Мәскеуден келген кезде импорттық костюмдердің қымбат екенін байқадық. Ал арзан бағадағы киім ұнамады. Содан соң осыны неге өзіміз тігіп алмаймыз деген ой келді. Басында он шақтысын тігіп киіп алған кезде қызыққандар, сұрай бастағандар көбейді», – дейді кәсіпкер Нұрсұлтан Мағзомов. Сондай-ақ, ең жарқын және табысты мысалдардың бірі – «Glasman» ЖШС тігін фабрикасы. Компания импорттық өнімдерден кем түспейтін классикалық ерлер киімін және мектеп киімдерін халыққа ұсынады. «Жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 30 млн теңге бөлініп, зауыт технологиялық желісін жаңғыртуға мүмкіндік алды. Осылайша, компания өндірістік қуаттылықты арттырып, көрші елдерге, соның ішінде Ресей нарығына шығуға құлшынып отыр. Уақытында Шымкентте «Восход» деп аталатын тігін фабрикасы болған. Тіккен костюмдері денеге қонымды, сәнді. Бағасы да қолжетімді. Бірде облыс көлеміндегі бір шенеунік сәті түсіп шетелге барады. Уақытын тауып супермаркетке кіреді. Көз жауын алған костюмдердің ішінен таңдап жүріп біреуін сатып алады. Елге келген соң шетелдік костюм киіп жүрмін деп мақтанбай ма. Бір досы «әй, мынау біздің «Восходтың» киім пішісіне ұқсайды» екен деп, астарындағы тігілген белгісіне қараса, шетел тілінде «Восход» фабрикасы көрсетілген екен. Шенеуніктің шетел бардым, қымбат костюм сатып алдым деп жүргені экспортқа шыққан шымкенттік костюм болып шығады. Қазір шымкенттіктер баяғыдай қымбат маркеттердің есігінен сығалай бермейді. Сайрам ауданында орын тепкен «Golden Nomad» – «Алтын Адам» сауда белгісімен костюм тігетін фабриканың өнімін қолай көреді. Шымкентте халықаралық стандарттарға сай, таза былғарыдан тігілген аяқ киім де шығады. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында іске қосылған аяқ киім фабрикасында жұмыс қызып тұр. Дайын өнімдер Тараз, Алматы, Астана қаласына жөнелтілуде. Өндірістің инвестиция көлемі – 403 млн теңге. Аяқ киімдер заман талабына сай итальяндық технология бойынша түркиялық «Fantes» және «Comelz» маркалы құрылғыларда қалыпқа салынып, сапалы тігіледі. Барлық топтамалар сәнді және талғамға сай үлгіде жасалады. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 120 мыңнан астам жұп аяқ киім шығаруды көздеп отыр. Жалпы, мұнда 50-ге жуық аяқ киім түрлері бар. Шын мәнінде, отандық киім-кешек, аяқ киім өндіруге қажетті мақта, жүн, терінің барлығы өзімізден табылады. Бір кездері ауылды аймақтарда киіз болып басылатын, алаша болып тоқылатын жүн де әр жерде қобдырап жатыр. Ешкімге керексіз. Ал тері аяқасты тулаққа айналғаны қай заман. Бар дүниені ұқсата алмаған соң, кімге мұң шаққандаймыз? Алайда жоқтан бар жасап, отандық бренд қалыптастыруға күш салып жүргендердің қатары көбейе бастады. Соның бірі – «AIZHANI» брендін қалыптастырып жүрген Айжани Нұрланова. Біз соңғы кезде бірқатар шенеуніктерді отандық костюммен қамтамасыз етіп, ықыласына бөленіп жүрген жас дизайнерді аз-кем әңгімеге тарттық. Айжани Нұрланова,  дизайнер: Сапасыз костюм тігіп, сөзге қалғым  келмейді