НЕГЕ?

НЕГЕ?

НЕГЕ?
ашық дереккөзі
Айдың-күннің аманында ел астанасында бір отбасының бес бірдей сәбиі ажал құшты.  «Атамайлатсаң – атамайлат, ботамайлатпа!» дейтін қазақ мұндай қасіретті қас жауына да тілемейтіні сөзсіз. «Неге бұлай болды?» деп күңірене отырып, күмілжиміз. Дәтке қуат болар жауап таба алмаған соң сөйтетін шығармыз, бәлкім. Шынтуайтында, бұл бір отбасының ғана қайғысы емес, дүйім елдің, тұтас қоғамның жан жарасы. Елдегі әлеуметтік салада қордаланған түйткілді мәселелер жайлы бұған дейін де аз айтылған жоқ, бірақ мына қайғылы жағдай тез арада нақты, нәтижелі шешімдер қабылданбаса, жағдайдың ушыға түсетінін айқын көрсетіп берді. Бұл оқиғаға байланысты Елбасы Н.Назарбаев та үн қосып, қара жамылған отбасына көңіл айтты. «Өрт салдарынан бір отбасы бес бірдей перзентінен айырылып қалды. Қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтамын. Осыған байланысты мен Үкіметке және Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді тапсырдым. Барлық өңірдің әкімдері құзырлы органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтуі керек, сондай-ақ тиісті тексерістер ұйымдастырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Мұндай жағдай қайталанбас үшін барлық тиісті шараларды қабылдау керек», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында партия жанынан Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес құру туралы шешім қабылданғанын айтып, осы бағытта бүкіл қоғам болып жұмылып, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. «Бұл жайт қоғамдағы кейбір өзекті мәселелердің кезек күттірмей шешуді қажет ететінін көрсетіп берді. Шын мәнінде, көп балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету, жұмыс істейтін аналарға лайықты жағдай жасау және балалар құқығын қорғау мәселесінде әлі де болса жетілдіретін тұстардың бар екені сөзсіз. Сондықтан да халықтың жәрдемақы, баспана мәселесіне қатысты айтып, жазып жатқан сөздері орынды», – деді М.Әшімбаев. Рас, түбі бір түліктің де, түйіні бір жібектің де селкеусіз, сетінеусіз болуы мүмкін емес-ті. Дейтұрғанмен, мұндай жағдайдың қайталануынан сақтанып, алдын алуға әрекет жасалуы қажет-ақ. Астанада аядай ғана үйді паналап, «шықпа жаным, шықпалап» өмір сүріп жатқан көп балалы отбасылар аз емес. Олардың да мәселесіне көңіл бөліп, тұрмысына үңілген ләзім. Әйтпесе, мемлекет бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған көп балалы отбасылар бөлек, өз тіршілігі өзінде күн кеше бергені жөн болмас, сірә. Кезек күттірмейтін шара, Елордадағы іркес-тіркес салынған уақытша тұрғынжайлардың қауіпсіздігіне қатаң бақылау жасалуы тиіс. Өйткені ондай уақытша баспаналар (баспана деуге келсе) қолда бар материалдармен, асығыс-үсігіс салынып, ешқандай талапқа сай келмесе де жалға беріле беретіні белгілі. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың өзі Үкімет отырысында өртке қарсы қауіпсіздік талаптарын жіті қадағалауды тапсырды. Оның айтуынша, тексеруші келеді екен де, «ақша берсең, тексермей қоя салам, болмаса айыппұл төлейсің» дейді екен. Міне, күрмеуі көп күрделі мәселенің бір түйіні жемқорлықта жатса керек. Сөз реті келгенде еске сала кетейік, мемлекетіміздің негізгі құндылығы – адам, оның өмірі, еркіндігі. Конституциямызда солай жазылған. Ендеше еліміздің басты капиталын өмірге әкеліп, бағып-қағып отырған азаматтарды мемлекет назардан тыс қалдырмай, қамқорлығында ұстауы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Рас, Үкімет әлеуметтік қолдаудың көлемін жыл сайын өсіріп-ақ жатыр. Сонда да қысқа жіп күрмеуге келмей жатыр емес пе?! Әйтпесе, бәрі жетісіп тұрса, жеті түнде балаларын тастап, байғұс ана жұмысқа шығып несі бар еді?! «Бұл олардың өз таңдауы» депті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова ханым. Кешіріңіз, бұл таңдау емес, бұл – мәжбүрлік! Басқа-басқа, аналарды «асырай алмасаң, неге туасың» деп сөкпейікші. Олар ұлтымыздың санын өсіріп, келешегіне үлес қосып жатыр емес пе?! Аналарды ашындырмайық! Халықаралық «Түркістан» газетінің ұжымы қаза болған балалардың ата-анасына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады. Сан-дерек: Төтенше жағдайлар комитетінің дерегінше, 2018 жылы Қазақстанда 14 мыңнан аса өрт болып, барлығы 846 адам жапа шеккен. 436 адам қаза тапқан. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 26 пайызға көп. Өрттен 2017 жылы 44 бала, 2018 жылы 34 бала мерт болған.

Қуат Әуесбай