Жаңалықтар

Қазақстан мен АҚШ әуе қатынасы келісіміне наурызда қол қойылады

ашық дереккөзі

Қазақстан мен АҚШ әуе қатынасы келісіміне наурызда қол қойылады

Қазақстан мен АҚШ арасында әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісімге наурызда қол қойылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ағымдағы жылы министрлік «Эйр Астана» авиакомпаниясымен бірлесіп Токио, Нью-Йорк, Шанхай және әлемнің басқа да ірі қалалары бағыттары бойынша әуе қатынасын ашу жөнінде тиісті шаралар қабылдайтын болады. Қазіргі күні Токио бойынша жапон тарапымен келісімге қол қойылды», - деді министр. Оның айтуынша, биыл АҚШ-қа ұшу үшін аккредитация рәсімі басталады. «Министрлік «Ашық аспан» жобасы бойынша Қазақстан мен АҚШ арасында әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісім жобасын қол қоюға әзірледі. Қол қою биыл наурыз айына жоспарланып отыр. Жалпы биыл 4 бағыт бойынша рейстерді үлкен қалаларға шығарамыз деп жоспарлап отырмыз», - деді Ж.Қасымбек. Айта кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттары мен Жапонияға тікелей әуе рейсін ашу мәселесі биыл шешілуі тиіс екендігін айтқан болатын.