ЖАРАТЫЛЫСҚА ҚАРСЫЛЫҚ

ЖАРАТЫЛЫСҚА ҚАРСЫЛЫҚ

ЖАРАТЫЛЫСҚА ҚАРСЫЛЫҚ
ашық дереккөзі
Жаратылыс құдіретінің шексіздігіне күн сайын емес, сәт сайын қайран қалып, таңданбасқа болмас. Шыңдары көк тіреген Алатауымыз, жылдың қай мезгілі болса да аппақ көрпеге оранып жататын баурайы... тау шыңдарымен таласа өсіп тұрған шыршалары...  жыра-жыраны бауырлай ағып жататын мөп-мөлдір бұлақтары... ал соның бәрін көтеріп жатқан Жер-Ананың  кеңдігі...  Құдірет емей, не дерсіз?! Сол жаратылыстың бір бөлшегі – Адам десек, сол пендеңіздің кейінгі бір кездері осынау шексіз құдірет иесіне қарсылық танытып жатқаны көңілге қаяу түсіретіні бар. Сондықтан бізге дейін де, бізден кейінгілер де тілге тиек етіп жататын осынау жағдайлар тағы да қалам ұшына ілігуі заңдылық. Әңгіменің  өзегі бүгінгі медицина, оның ішінде пластикалық оталар жайлы жазуымыздың тағы бір себебі бар. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Жастар жылының ашылуына орай ұйымдастырылған салтанатты жиында жастарға ақыл-кеңесін айтып, батасын берген болатын. Сонда сөз арасында Елбасы: «Кореяда косметика индустриясы жақсы дамыған. Адамның бетін, тұла бойын адам танымайтындай өзгертіп жібереді. Сосын баласы дүниеге келгенде, бөбегі анасына ұқсамайды дейді. Себебі кезінде басқаша болған, қазір басқаша. Сондықтан байқаңдар, жігіттер, қыздың бетін жуып-шайып көріңдер!» – деп әзілдеген еді. Елбасы сөзі әзіл-қалжың ретінде айтылса да ащы шындық. Еліміздің болашағы – жастардан үлкен үміт күтетін, олардың саналы да өрелі болып өскенін, салауатты өмір салтын ұстануына, тіпті олардан тарайтын келесі бір ұрпақтың тіршілігіне алаңдайтын Елбасы бүгінгі жас отбасылардың ажырасуына да осындай себептер әсер ететінін тілге тиек етті. Соңғы жылдары жастар арасында ажырасу көрсеткішінің арта түскендігіне алаңдайтынын жеткізе келіп, бұл ретте шетелдік отбасылардың беріктігіне тоқталды. «Батыс елдерінде отбасын қалай құрып, қалай берік жанұя болу туралы ақыл-кеңестерді көп айтады. Оның бәрін жоғары сыныптардан бастау керек. Ана мен бала институтынан бөлек, әкелер институтын да құру керек. Олар да отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінулері керек. Махаббат бір-біріне деген ыстық сезімнен басталады. Бірақ одан бөлек сыйластық, түсіністік деген қасиеттерді ұмытпауымыз тиіс. Отбасы болған соң бәріне төзіп, еркіндік бере білу керек. Өкінішке қарай, қазір ажырасу жағдайлары өте көп. Тәуелсіздік жылдары жарты миллионға жуық отбасы құрылыпты. Олардың жиырма бес пайызы отбасылық өмірдің басында-ақ айырылысып кеткен», – деді Елбасы жастармен болған басқосуда ағынан жарылып. Бұл сөздің төркініне үңілер болсақ, жасандылыққа ұрынудың да жастар өміріне тигізер әсері ерен. Ал әрбір адам ғұмыры бүгінгі қоғамнан тыс қалмайтынын ескерсек, осы жағдайдың бүгінде белең алып отырғаны жазыла да, айтыла да беретін мәселе болмақ. Мұндай жағдайларға күн сайын болмаса да, жиі кездесіп қалатынымыз да рас. Өйткені бүгінде  шетелде ғана емес, өзімізде де медицинаның осы бір саласы әжептәуір нәтижеге жетіп отыр. Эстетикалық медицина, оның ішінде пластикалық медицинаның жылдам дамығаны сонша, республикамыздың әр өңірінде, тіпті жекеменшік клиникалардың санына саусақ жетпейді. Әрине, халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығына тікелей ықпал ететін бұл саланың дамығаны, өркендегені жан қуантары сөзсіз. Дегенмен арамызда дәл осы саланың пайдасынан гөрі зиянын шегіп жатқандар да жоқ емес. Өмір болған соң түрлі оқыс оқиғалардың, жол апаттарының болып тұратыны, одан зардап шеккендердің қол-аяғы немесе бет әлпетіне жасалынатын оталардың жөні бір бөлек. Қиын жағдайлардан туындаған мұндай оқиғаларға тап болған жандар алдағы өмірлерінің дұрыс бағытта өрбігенін қалап, амалсыз ота жасатып жатады. Ондай қажеттіліктен туған оталардың жөні де бөлек, әрине. Беттің түрлі кемістігін жасыру, мұрынды, құлақты түзетіп,  омырауды үлкейту, ерінді жасанды сұлулыққа бола өзгерту көбіне жастарға тән әсіреқызығушылық, еліктеушіліктен туатын әдетке айналды. Оны жасатудың бағасы да қолжетімді болғандықтан шығар,  отандық клиникалардың да, олардың қызметіне жүгінетіндердің де саны жыл сайын артып келеді.  Отаға қызыққандар арасында қол-аяғы балғадай, он екі мүшесі сау адамдардың, әсіресе, қыз-келіншектердің көп болуы ойландырмай қоймайды. Сондай-ақ, аталғандай ота жасатушылар арасында егде жастағы әйелдердің болуы қауіпті сезінбеушілік, себебі жас ұлғайған сайын кез келген ем-домның кейде кері әсер болып, өкінішке ұрындыратынын естен шығармаған дұрыс. Жақында ғана еліміздегі осындай жекеменшік клиникада жасалынған отадан кейін жайсыз сезінген бір әйелдің екі айдан астам уақыт есінен айырылып,  төңірегін әуре-сарсаңға салуы, жұртты елең еткізді. Ота жасаған клиника бір айлық ем-домына қаржылай көмек жасағанымен, одан кейінгі жағдайы адам шошырлық. Мемлекеттік емханалар қабылдамай, ес-түссіз жатқан пендеңіздің одан кейінгі халі беймәлім. Табиғат берген келбетін өзгерту үшін өз еркімен, өз аяғымен барып, операция үстелінен осындай жағдайға тап болды, оған кімді кінәларсыз?!. «Басқа мүшелерді қайдам, өз басым қабағымның үстіндегі үнемі көзімді жауып тұратын теріні алдырып тастағалы, көзім ашылып қалды. Қан қысымым жоғары болғандықтан, жеке клиникаға емес, отандық жартылай мемлекеттік емханада жасаттым. Педагогика саласында қызмет атқарған қырық жылға таяу уақыт, қағазбастылық, әрине, қос жанарға әсер етпей қоймайды екен, қазір жұмыс көзәйнегімді киюді тіпті ұмытып та кететін болдым»,– дейді бізге ағынан жарылған Тамара есімді келіншек. Әрине, жасандылыққа бой ұрғандардың бәрі сәтсіздікке ұрынып жатады деуден аулақпыз. Десек те, қант диабеті, тері аурулары бар, ағзасында гормондық ауытқулары бар сырқаттарға сақ болғандары жөн екенін дәрігерлердің өздері де ескертеді. Әрбір адамның физиологиялық жаратылысы әрқилы болғандықтан, кейбіріне  хирургиялық жіптің өзінен аллергия туындап, ағзасы қабылдай алмайтын жағдайлар да кездеседі екен. Сондықтан да білікті дәрігерлер, сауатты мамандар туабітті кемістігі болмаған жағдайда пластикалық оталарға бара бермейді. «Адамның жаратылысы өте күрделі, жұмбақ! Ал әр жұмбақтың шешілу тәсілі де әртүрлі болмақ. Адам бойындағы физиологиялық құбылыспен қатар, адами-психологиялық жағы да біркелкі емес. Психикасы жағынан әрқилы болып келеді. Медицинаның неврология саласындағы ұзақ жылғы тәжірибеме сүйенсем, адам жасандылыққа да сұлу, көркем, ажарлы болғысы келгендіктен барып жатады. Ал күрделі оталар сияқты кез келген жеңіл операциялардың өзі адамның болмысына, ішкі жан-дүниесіне, яғни психикасына әсер етпей қоймайтынын ескере бермейді. Тұла-бойымыздағы әрбір мүшенің өзіне тән қызметінен бөлек, қасиеті болады ғой, оны басқа бір арнаға бұру, тіпті, өзіңе-өзің жасап жатқан қиянатпен тең», – дейді  №7 қалалық аурухананың невропатолог-дәрігері Г.Жәкенқызы. Дәл осы пікірді Еуропа дәрігерлері де құптайды. Олардың пікірінше, пластикалық оталардан гөрі контурлық операцияларға сұраныс артып отырған көрінеді. Пышаққа түспей-ақ, тері астына ине арқылы сұйықтық жіберіп те беттің пішінін өзгертуге болады екен. Сол арқылы табиғи сұлулықты сақтап, қартаюдың алдын алуға болатынын айтады. «Сыры кетсе де, сыны кетпеген» деген сөзді естен шығармасақ, халық медицинасымен-ақ бой түзеген небір сұлуларымыздың болғанын аңыз-дастандардан жақсы білеміз. Олай болса, жаратылысқа қарсылық жасамай, табиғи, қазақи көркемдігімізді сақтайық дегіміз келеді.