БАҚШАДАН КӨП БУКМЕКЕР
Бастапқыда «бәс» тек жекпе-жек түрлеріне және ит, қораз төбелестеріне тігілсе, ХХ ғасырдан бастап спорттың кез-келген түріне бойлай бастады. Бүгінде Әлем чемпионаты, Олимпиада ойындары секілді байрақты бәсекелерде сарапшылар түрлі болжам айтып, букмекерлік кеңселердің саудасын қыздырып жүр. Қулығына құрық бойламайтын футбол, теннис, бокс сияқты спорт түрлері кей-кейде букмекерлік орталықтармен келісімшартқа отырып, жеңіс пен жеңілісті қолдан береді деген сыбыс бар. Сондықтан да кімнің тасы өрге домалайтынын дөп басып айту мүмкін емес. Тек мыңның бірі мол ұтысқа ие болады. Батыс елдерінің біразында бәс тігуге қатаң тыйым салынса, АҚШ-тың бірнеше штатында ғана оған рұқсат етілген. Мүлдем тыйым салған Оңтүстік және Солтүстік Корея, Қытай, Түркия мен Израиль, Сауд Арабия мемлекеттері. Ал бізде бір ғана орталықтың 327 нысаны жұмыс істейді. Күн санап көбейіп жатқан букмекерлік кеңселер балабақша санынан көп болмаса, аз емес! Қазақстан Республикасы «Ойын бизнесі туралы» заңының 15-бабының 2-тармағында «Ойын мекемесі жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындардың және (немесе) бәс тігудің қазақ және орыс тілдеріндегі қағидалары құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушылардың олармен танысуы үшін ойын мекемелеріндегі көрінетін жерге орнатылуға тиіс» деп жазылған. Алматыда орналасқан букмекерлік кеңселерден аталған қағиданы байқамадық. Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – букмекерлік кеңселердің заманауи сипатқа ойысып, ұялы телефондарда қолжетімді болуы. Бұл өз кезегінде смартфон арқылы қаржыны басқарып, ұтыс ойындарына үйде жатып қатысуға мүмкіндік берді. Бұл дегеніміз тексеріс болмайтын жүйе арқылы енді мектеп жасындағы балалар да спорттық ойындарға бәс тігуі әбден мүмкін. Ал жоғарыда аталған заңның 1-тармағында: «Қазақстан Республикасының жиырма бір жасқа дейінгі азаматтарының құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуына тыйым салынады» делінсе де, оны елеп-ескеріп жатқандар байқалмайды. Бәс тігудің халық арасында кеңінен таныла бастаған шағында спорттан бөлек, саяси оқиғаларды да қамтығанын білеміз. 2006 жылы Қазақстанда тіркелген бір букмекерлік мекеме Лондонда қаза болған Ресей қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері Александр Литвиненконың өліміне қатысты істің қорытындысына болжам айтушылардың бәсін қабылдап, айды аспаннан бір-ақ шығарған-ды. Кейіннен саяси шиеленіске толы көптеген жағдайлар букмекерлік кеңселердің қаржысын еселеген. Жалпы әлемдік бәс тігу тарихына қарасақ, жеңгендерден гөрі қыруар қаржы ұтылып, абыройы мен атағынан, мансабы мен денсаулығынан айырылғандар көп. Мәселен, «Манчестер Ситидің» танзаниялық жанкүйері Амани Стэнли «Манчестер Юнайтедпен» болатын жарысқа әйелін бәс ретінде қойған. Тараптар қолхат жазысып, бәстің шартын алдын-ала келіскен. Амани сүйікті командасының жеңімпаз атанатынына сенімді болғанымен, жеңіліс тауып әйелінен айырылып қалған-ды. Мысал ретінде тізбектер болсақ, бәс тігіп жеңілгендер тізімі том кітап болар-ау. Олардың көшін өмірімен бәстесіп жеңіліп қалған шетелдік спортшы, 3 мың АҚШ долларынан айырылып жетінші қабаттан секіріп өзін өлтірген қытайлық студент, достарымен ұлу жеуге бәстесіп, артынша өмір бойы мүгедек болған Сэм Баллард бастар ма еді?! Елімізде де бәс тігіп өзін-өзі өлтіргендер аз емес. Бірнеше жыл бұрын созақтық бір азамат букмекерге жиғанын «сыйлап», артынша өз-өзіне қол жұмсаған-ды. Өткен жылы Талдықорғандағы букмекерлік кеңселердің бірінде жұмыс істеген қыз, белгісіз себептермен қайтыс болған еді. Тергеу мәліметінше, Айдана Құрманғалиева кассадағы 98 мың теңгені бәске қойып, ұтылып қалған. Тығырықтан шығудың жолын таппаған соң биіктен секіріп, қайтыс болған. Сонда адам өмірі 98 мың теңге болғаны ма? Ол ол ма, Ресейде өткен XXI әлем чемпионатында Германия құрамасының жеңісіне алматылық азамат 13 миллион 500 мың теңге тігіп, 90 минут ішінде ақшасынан айырылып, ұтылып қалды. Бәстің түбіртегі әлеуметтік желіні біраз шулатқан. Осындай жағдай сол мундиальдік финалдық кездесуінде тіркелді. Алматылық азаматша ойын есебін шамалап, букмекерлік кеңсеге 1 000 теңгесін тіккен. Оның болжамы дәл келіп, 135 мың теңге ұтып алып еді. Бұл миллионнан бірге бұйыратын сәттілік. Мақала арқылы елді букмекерге үгіттеп, жарнамалап жатқанымыз жоқ. Керісінше, соңы неге соқтыратынын айтқымыз келеді. Жарнама дегеннен шығады, еліміздегі букмекерлік кеңселер интернеттен теледидарға құрық салды. Бірнеше жыл бұрын кез-келген сайттың бұрыш-бұрышынан жарнамасы менмұндалап қалатын құмар ойын, еліміздің басты арналарынан тартып, радиоларға дейін жарнамаланып жатыр. Осындайда, ұлттың болашағын ойламай, бес күндік жалғанның байлығына қызығатын қазақ ақылсыз емес еді ғой дейсің еріксіз... Ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, құмар ойындарға тәуелділік – ауру. Мамандар ондай адамдарды «лудоманияға шалдыққандар» деп атайды. Лудомания – әлеуметтік, материалдық, кәсіби және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкеліп соғатын патологиялық ойынқұмарлық. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне ресми түрде енгізілген. Демек, бұл адам денсаулығына нұқсан келтіреді. Оның қалыптасу кезеңдерінде жалғыздық, қанағаттанбаушылық сезімі, оңай олжаға ұмтылу, тәуелділікке тез бейімделушілік сияқты психикалық ауытқулар болады. Жалғыздық сезімі адамды оңай олжа табуға болады деген жалған сезіммен құмар ойынына итермелейді. Алғашқы ойыннан алынған әсер қайта-қайта ойнауға мәжбүрлейді. Бір рет ұтып, жеңіл жолмен пайда болған ақшаны қолға ала сала ойыншы бұл жетістігін қайталай бергісі келеді. Нәтижесінде, құмарлыққа душар болған адам достары мен туыстарынан алшақтап, бойында үрей, жеккөрініш, өкініш сезімдері қалыптасып, эмоционалды ауытқудың ең жоғары сатысына жетеді. Лудоманияға шалдыққан науқастардың 30-70 пайызында өзіне қол салуға бейімділік болса, 40 пайызы өз-өзіне қол жұмсайды екен. Бәс тігушілер ұтылған замат «енді ойнамаймын» деп өзіне сөз берсе де, қайта баруға құмартып тұрады. Мұндай жағдайда дәрігерлер мен арнайы мамандардың көмегіне жүгініп, дерттен арылуға болады. Бағдәулет, құмаройыншы: Букмекерлік кеңселерге бас сұққаныма бір жыл ғана болды. Алғашында достарымды іздеп барып жүрдім. Бірнеше минут ішінде қыруар қаржыға кенеліп жатқандарды көріп, қызығушылық ояна бастады. Бір күні өзімді сынамақ болып, қалтамдағы 10-15 мың теңгеге бәс тіктім. Жол болды деген сол екен ақшам еселеніп шыға келді. «Қанағат» деп шығып кетсем де, ертесі қайта келіп ойнадым. Осылайша бірнеше апта бойы бір ұтып, бір ұтылып қалай ойын ләззатына кіріп кеткенімді байқамаппын. Өткен жазда футболдан өткен Әлем чемпионаты менің өмірімді өзгертті. Ата-анамның маған үй алам деп жиған қаржысын, шетінен білдіртпей алып жүріп ондаған миллион теңгені тауыстым. Оны қайта орнына қою үшін туған-туыстан қарыз алып, ойынға салып тағы ұтылдым. Нақты жеңеді деген құрамаларымыз жеңіліп қалып, сан соғып қалдым. Ата-анам да, ақшаның жоқтығын білді, туған-туыс қарызын сұрап әбден мазалады. Осылайша бірнеше ай ішінде адамның сүйкімсізі атандым. Сол күндер қайта келсе, букмекер есігін аттап баспаушы едім! Дастан, құмаройыншы: Көлігімді сатып, орнына тәуірлеу автокөлік аламын деп жоспарлап жүргенмін. Сатқан күні жолдастарым қасымда еді. Ұтыс тіксек оның нақты шығатынын, қаржының еселенетінін айтып, жақсы көлік мінесің деп мені көндірді. Ақшаның бәрін емес 3/1 бөлігін бәске тіктім. Біз ойлаған нәтиже тіркелмей бірнеше миллионымнан айырылдым. Жолдастарым қайтарып алуға үгіттеп, және бәс тіктім. Осылайша бар ақшамды желге шаштым. Мұнымен тоқтамай көлік алатын ақшаны қайтарып аламын деген оймен несие рәсімдеп оны да ұтылып тындым. Ешқашан құмарға қызықпаған мен ойынға қалай кіріп кеткенімді байқамай қалдым. P.S. Асыл дініміз Ислам да, ұлттық діліміз қазақылық табәс тігуді құптамайды. Жоғарыда біз оның себебін ғана емес, салдарын да назарға алдық. Халқымызда «бәсіре» деген тамаша ғұрып бар. Шаңырақта ұл бала дүниеге келгенде, сол күндері туған құлынды не ботаны нәрестенің бәсіресі деп арнайы атайтын болған. Атаған төлді союға, мінуге болмайды. Ол туған баланың алғашқы олжасы. Біздіңше, бәс тігуді әдетке айналдырғандар оны бәсіремен шатастыратындай. Егер, расымен солай ойласа, оның өмірде тек бір-ақ рет берілетінін еске салғымыз келеді.