Теңіз тағдыры адам тағдырына айналса...

Теңіз тағдыры адам тағдырына айналса...

Теңіз тағдыры адам тағдырына айналса...
ашық дереккөзі
Өткен ғасырдың соңында аты алты әлемге әйгілі Арал теңізі үлкен экологиялық апатқа ұшырап, нәтижеде суы мүлдем құруға айналған теңіз екіге бөлініп кеткен еді. Оның себебі – теңізге құйып тұрған екі ірі өзен – Амудария мен Сырдарияның су қоры егіншілікке жұмсалып, Аралға су жетпей қалғандықтан еді. Арал теңізі аумағы Қазақстан мен Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикаларына ғана тиесілі болғанымен, тағдыры күллі Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ еді. Демек, белгілі бір дәрежеде ауыз су ресурсы аз бұл аймақта өмір сүріп жатқан 70 миллионнан аса халықтың экожүйе бұзылуынан тартатын зардаптары орасан зор екені белгілі. Өкінішке қарай, қазір біз Арал теңізін екіге бөліп қарауға мәжбүрміз. Бұл – теңіздегі мемлекеттер арасындағы шекараға байланысты емес, теңіз суының сақталу жағдайына қатысты болып отыр.

Аралдың бергі бетінде: САРАТС – теңізді сақтау жобасы

Аралдың экологиялық апатқа ұшырауы өткен ғасырда-ақ күллі әлемнің назарын бұрғызып, оны қорғау, қалпына келтіру мәселесі бойынша халықаралық деңгейде сандаған жиын өтсе де, басқасы басқа, Орталық Азия мемлекеттерінің өзі өзара мәмілеге келе алмай, айтылған сөз айтылған жерде қалып, өткізілген конференция, форумдардан оңды нәтиже болмады. «Тас – түскен жеріне ауыр», осыны жақсы түсінген Қазақстан мемлекеті Арал мәселесімен бетпе-бет келіп, қиындықты өз күшімен шешуге талпынды. Әрине, ирригация саласында әлемде небір керемет жобалар болған, бірақ соның ешбірінде құрып кеткен теңізді қайта тірілтуге деген талпыныс болған емес. Алайда дәл осы мәселеде Қазақ­стан ерлік көрсетті десе болады: Арал теңізінің жер бетінен мүлде құрып кетуіне жол бермеу мақсатында «Кіші Арал» идеясы негізінде, САРАТС («Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу») жобасы жасалды. Арал теңізін жартылай болса да, қайта қалпына келтіруге арналған бұл жоба, шын мәнінде, «ғасыр жобасы» болды. Енді ғана еркіндік алып, тәуелсіз қимылдай бастаған жас мемлекеттің бұл ісі – күллі әлемнің назарын аударған батылдық еді. САРАТС жобасына Қазақстан Дүниежүзілік Банкпен бірлесе отырып, 86 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлді. Жоба бойынша алдымен теңіздің ортасына ұзындығы 14 шақырымға созылған «Көкарал» бөгеті тұрғызылды. Ол арқылы «Ақлақ» су тоспасы жасалды. Сырдария өзенінің суы реттеліп, «Қараөзек», «Әйтек» тоспалары қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Осының нәтижесінде Аралдың Қазақстан жағының суы бұрынғы жағалауына жетті. Кіші Аралға көп мөлшерде жиналған судың әсерінен теңіз аймағының ауа райы өзгеріп, табиғаты жұмсара түсті. Теңіз суының тұздылығы азайып, Кіші Аралға балықтың 20-дан аса түрі өсе бастады. Қазір ондаған мың тоннаға дейін балық аулау мүмкін болып, бірнеше балық зауыты жұмыс істеп тұр. Ол зауыттардан шыққан балық өнімдерінің тең жарымы Еуропа және ТМД елдеріне экспортқа шығарылып, теңіз аймағында өткен ғасырдың соңына қарай құрып кете жаздаған балық өнеркәсібі ерекше қарқынмен қайта жанданды. Десек те... Өткен жылы САРАТС жобасын да жетілдіру керек екені белгілі бола бастады. Атап айтқанда, Кіші Аралдың көлемі 27 миллиард текше метр болса, артық су Үлкен Аралға жіберіліп отырғандықтан САРАТС басталған 12 жылда 30 миллиард текше метр су ысырап болған. Соның себебінен өткен жылдың жазында Қызылорда облысында су тапшылығы пайда болды. Бұдан тысқары сыйымдылығы 5 миллион текше метр Шардара су қоймасына сыймаған судың Қызылорда облысына талай қауіп төндіргені бар. Міне осындай түйткілдердің алдын алу үшін САРАТС-2 жобасы жасалып, суармалы егістік жерлерді сумен қамтамасыз ету, Қызылорда облысында су тасқынын болдырмау және Солтүстік Аралды сақтап қалу мәселесін шешу көзделуде. Бұл ойдағыдай іске асып жатса, Кіші Аралды сақтап, теңізге жақын отырған аймақтың тынысы кеңейіп, ауыл шаруашылығының әлеуеті артып, Сыр бойы экологиясы жақсара түсері анық.

 Аралдың арғы жағында: Экожүйені жақсартуға ұмтылыс

Екі елге ортақ бір теңіздің мәселесі, қалай айтқанда да оңай емес. Бастысы, қолда бар ресурстарды орнымен пайдалана білсе, біраз түйткілді дұрыс шешуге болады. Бұл жағынан алғанда, Аралдың оңтүстік жағына иелік ететін Өзбекстанның әрекеті Қазақстанға қарағанда мардымсыз сияқты көрінгенмен, теңіз экологиясын жақсарту жолында бірталай жұмыстар жүргізіп жатыр. Бәрімізге белгілі, Аралға Өзбекстан жағынан келіп құятын Амударияның аяқ жағына су жетпегеніне жарты ғасырдан аса уақыт болды. Памирден бастау алатын Орталық Азиядағы бұл ірі өзеннің суын ауған, тәжік, өзбек, түркімен елдері тұм-тұсқа жырып ағызып, ақырында алып дарияның тынысы тарылды. Тәжік, өзбек елдерінде суды көп талап ететін күріш, мақта сияқты дақылдар көп өсіріледі. Одан тысқар кезінде Сталинің бұйрығымен қазылып, түркімен еліне берілген Қарақұм каналы да мол суды босқа ысырап қылып келеді. Осының бәрі Аралдың тынысын тарылтып, теңіз бірте-бірте жағалаудан алыстай бастады. Қазір бір кезде Аралдың іргесінде тұрған портты қала Мойнақтан теңіз суы 200-300 шақырым алыстап кеткен... Суы қашқан теңіздің орнынан көтерілген тұздар бүкіл Орталық Азия елдеріне зиянын тигізетін экологиялық апатқа айналды. Тіпті өткен жылы Аралдан көтерілген тұзды дауылдың себебінен бүкіл Қарақалпақстанды, Өзбекстанның Хорезм облысы мен Түркімен­станның Дашховуз облысының біраз жерін аппақ қардай тұз басты. Міне осыдан соң барып Өзбекстан жағы теңіз экологиясымен шындап күресуге бел буды. Бүгінде Арал теңізінің құрғап қалған аумағындағы 500 мың гектар жерге сексеуіл егу жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Соңғы кезде теңіздің құрғап қалған жерлерінен су көзін іздеу жұмыстары да жүргізіліп, бұрғылау ісі оң нәтиже берді. Анығырақ айтсақ, Қарақалпақстанның теңіз іргесіндегі Мойнақ қаласынан 200 шақырымдай жерде, теңіздің құрғаған аумағынан, атышулы Возрождение аралының жанындағы Шағалалы деген жерде ішуге жарамды су көзі табылды. 260-280 метр тереңдіктен секундына жеті литр мөлшерде су шығып тұр. Ішуге жарамды. Сонымен қатар бұндай ауыз су көздері теңіз іргесіндегі Тақтакөпір, Қараөзек, Шымбай аудандарынан да табылған. Ендігі жағында Арал аумағындағы жерасты артезиан суларын тиімді пайдаланып, аймақтағы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің жобалары жасалып жатыр. – Бұндай су көздерінің табылуы Мойнақта шаруашылықты дамытуға пайдасын тигізеді, – дейді Мойнақ ауданы әкімі Сайлаубай Данияров. – Сондай-ақ, экологиялық жағдай жақсарады, қазірдің өзінде жабайы аң-құстар келіп жатыр. Судың пайда болуы ауаның ылғалдандырып, тұздың көтерілуін тоқтатады. Арал бойы дала гидрогеологиялық экспедициясы осы жылы Мойнақ ауданында, яғни Возрождение аралы, Сүргіл, Ақантай аймағында 40-тан аса су көзін табуды жоспарлап отыр. «Әрекетке – берекет» дегендей, қалай дегенде де Аралдың арғы жағында да теңіз экологиясы тудыратын қиындықтардың алдын алу шараларын жасап жатқан көрші елдің талпынысы қуантады. P.S. Ғылыми зерттеулерге қарағанда адамзат Аралдың тартылуын бұрын да көрген секілді. Ғасырлар қойнауынан жеткен үзік-үзік әңгімелерде Аралдың құрғап қалып, соңынан бірден толып кеткені жөнінде аңыздар да бар. Ал белгілі жазушы, эколог Сайлаубай Жұбатырұлы ондай жағдайдың болғанын жоққа шығармайды. «Аралға келетін су Қарақалпақстан мен Қызылордада миллиондаған гектар жерлерге жайылып, егінге жұмсалған соң жерге сіңіп жатыр. Оның бәрі далаға кетпейді ғой. Олар жерасты суларының мөлшерін көбейтіп жатыр. Сол сулар көбейе келе Аралдың астынан жарып шықпасына кім кепіл? Шамасы, елдің жадында қалған «Аралдың бір күнде толып кету» оқиғасына сондай құбылыстар себеп болған шығар», – дейді С.Жұбатырұлы. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейтін халқымыз ылғи да жақсылыққа сенген. Күндердің күнінде Арал қайта қалпына келіп, теңіз жағасына баяғы мамыражай өмір қайта орнап, экожүйе қалпына келіп жатса, одан асқан жақсылық бар ма?..