Ермек Омарбеков: Біздің міндет – медициналық қызмет сапасын арттыру

Ермек Омарбеков: Біздің міндет – медициналық қызмет сапасын арттыру

Ермек Омарбеков: Біздің міндет – медициналық қызмет сапасын арттыру
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойы аясында еліміздегі барлық бастауыш партия ұйымдарының жиналыстары басталды. Жиында 27 ақпан күні өтетін партияның ХVIII съезі, «Нұр  Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасындағы негізгі  ережелер талқыға салынуда. Осы ретте, Өскемен қаласындағы «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК бастауыш партия ұйымының төрағасы Ермек Омарбековпен аз-кем әңгімелескен едік. – Алда «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезі жоспарланып отыр. Одан бөлек, биыл партияның 20 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Осындай маңызды шараларға сіздер қалай үлес қоспақсыздар? – «Нұр Отан» партиясының негізгі міндеті – қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарту. «Ана мен бала орталығы» да жоғары сапалы медициналық көмек көрсету арқылы өмір сапасын арттыруды көздейді. 2019 жылы партияның 20 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Жасыратыны жоқ, еліміз саяси һәм әлеуметтік саладағы тұрақтылыққа «Нұр Отан» партиясының елеулі еңбегі арқылы қол жеткізіп отыр. Тіпті, біздің орталықтағы ахуал арқылы да еліміздегі оң өзгерісті байқауға болады. Осы ретте, бастауыш партия ұйымдарының «Нұр Отан» партиясына тірек болып отырғанын айта кеткім келеді. «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК бастауыш партия ұйымында 1017 қызметкер бар. Олар үш партиялық топқа бірігеді: Ана мен бала орталығы – 947 адам (бұл қызметкерлердің 85 пайызын құрайды), «Рахат» және «Күншуақ» балабақшалары – 70 адам. Сейсенбі күні «Ана мен бала орталығы» бастауыш партия ұйымының жиналысын өткіздік. Жиында ұйымның 2018 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, партияның 20 жылдығына арналған жоспарлар құрылды. Сондай-ақ, кешегі жиында біз қалалық партия конференциясына делегаттарды сайладық. Біз партияның 20 жылдық мерейтойына қалай үлес қосамыз? Меніңше, «Ана мен бала орталығына» қарасты бастауыш партия ұйымы ретіндегі біздің басты міндетіміз – денсаулық сақтау саласын ілгерілетуге үлес қосып, медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында аянбай тер төгу. Ана мен бала денсаулығын қорғау біздің мемлекеттің басты бағыттарының бірі екені баршамызға аян.  Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында ана мен баланы қорғау мәселелеріне ерекше назар аударуда. Ал бұл міндетті біз мүлтіксіз орындауға барымызды саламыз. Қазірдің өзінде орталық мамандары білімі мен біліктіліктерін арттырып, ана мен баланың денсаулығын сақтау жолында табысты жұмыс жүргізіп келеді. Әрі қарай да осы міндетті орындауды жалғастыра бермекпіз. Сонымен қатар, партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы саяси, идеологиялық және ұйымдастырушылық-партиялық жұмыс тәжірибесін қорытындылайды, партияның 2030 жылға дейінгі қызметінің негізгі кезеңдерін айқындайды. – «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК бастауыш партия ұйымы атқарып жатқан жұмыстармен таныстырып өтсеңіз... – Тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет болғалы елімізде жүзеге асып жатқан игіліктердің баршасы отбасының, соның ішінде ана мен баланың игілігі мен бақытына арналуда. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы да ана мен баланы қорғауға баса назар аударып келеді. Ал партияның осы міндетін жүзеге асыруға азды-көпті үлес қосып отырған «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК бастауыш партия ұйымы – Өскемен қаласындағы ірі ұйымдардың бірі. Біздің ұйым құрамында партияның жастар қанаты да құрылған. Өткен жылы орталыққа 42 жас дәрігер жұмысқа қабылданды. Олардың қатарында акушер-гинеколог, педиатр, реаниматолог-дәрігерлер бар. Бұл жас мамандар партияның жастар қанатын толықтырып отыр. Олар Ана мен бала орталығындағы және Өскемен қаласындағы қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. 2019 жылды Мемлекет басшысы жастар жылы деп жариялады. Бұл – дәл осы жас мамандарға берілген үлкен мүмкіндік. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында халықтың жтұрмыс жағдайын жақсарту үшін нақты тапсырмалар жүктегені белгілі. Жалпы қазақстандықтарға, оның ішінде жастарға да жайлы өмір сүру үшін сан түрлі мүмкіндіктер беріліп отыр. Бүгінгі күні біз тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру үшін жұмыс жасаудамыз. Бұл қалай жүзеге асады? Соңғы 2 жылда Ана мен бала орталығы 2 млрд теңгенің медициналық құрылғыларын іске қосты. Егер мамандар бұл құрылғылармен жұмыс істей алмаса, бос тұрар еді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп қолға алған бағдарлама шеңберінде 2 жылда орталықтың 30-дан астам дәрігері Англия, Оңтүстік Корея, Италия сынды мемлекеттерде білімін жетілдіруге мүмкіндік алды. Онда мамандар 3 ай оқып келіп, диагностика жасаудың, емдеудің жаңа әдістерін өз тәжірибемізде қолданысқа енгізіп жүр. Қазір біздің орталықта соңғы үлгідегі компьютерлік томограф, медико-генетикалық зертхана жұмыс істейді. Жаңадан іске қосылып жатқан соңғы үлгідегі құрылғылар жетерлік. Сол арқылы біз балаларды шетелге немесе Алматы мен Астана қалаларына жібермей-ақ өзімізде емдеуге мүмкіндік алып отырмыз. Тағы бір айта кететін жайт, Ана мен бала орталығында қызмет ететін мыңнан астам маманның ішінде өзге ұлт өкілдері де көп. Көптеген ұлттар мен ұлыстарды бір Тудың астына біріктіріп отырған елімізде барлық адамға бірдей мүмкіндік берілгені көңіл қуантады.