Қазаққа қажеті кім, керегі не?

Қазаққа қажеті кім, керегі не?

Қазаққа қажеті кім, керегі не?
ашық дереккөзі
Абай айтқандай, «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын». Бұл түгел ұлтқа біткен кемшілік емес шығар, бірақ көбіміздің осы маңайдан табылатынымыз анық.Егер «ұзын сөз» бірдеңені ұқтыруға пайдасы тиер болса, ұзындығынан жалықпас ек қой, ал егер әрі пайдасыз, әрі ұзын болса ше?.. Шынын айту керек, «ұзын сөзге құмарлық» әлі бізді тәрк етер емес. Белгілі бір мәселе жөнінде керекті пікір айтып, пайдалы ұсыныс білдірудің орнына басына бір, аяғына бір тиісіп, беталды талқылай жөнелуге даяр тұрамыз. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» (Б.Майлин) демекші, жақында гуманитарлар мен технарлардың арасында тағы бір айтыстың шеті көрініп қалды. Бұл да өткен ғасырдағы болған «физиктер мен лириктердің айтысының» бір түрі десе болады. Әрине, әзірге бәленбай мың адам жақ-жаққа бөлініп, қызылшеке болып дау-дамайды өршітіп кете қойған жоқ, тек бар болғаны белгілі математик ғалым-академик ойын айтты да, оған танымал қазақ ақыны қарсы пікір білдірді. Бірақ әдеттегідей көштің соңын шаңдатып, өзі біле қоймайтын жерге араласа кетіп, жұртпен бірге көрініп қалуға дайын тұратын пысықай сөзқұмарлар әлеуметтік желілерде ғалымның сөзін сан-саққа жүгіртіп, егер сол кісінің айтқаны орындала қалса – қазақ халқы тілі мен әдебиетінен, тәрбиесі мен салтынан айырылып қалардай шулап жатыр. Дау болып жатқан мәселе академик Асқар Жұмаділдаевтың жас журналист Тұрсынбек Башарға берген сұхбаты. adebiportal.kz сайтында «Қазаққа ақын емес, технократ керек» деген тақырыппен шыққан сұхбатта ғалым не деп еді? Қоғамның дамуы, ғылым мен мәдениет, т.б. сұрақтар төңірегіндегі әңгімесінде Асқар Жұмаділдаев «Қазаққа кім керек?» деген сауалға былай деп жауап берген екен: «Қазіргі дамыған заманда қазаққа технократ керек. Өйткені біз ертең сөз ұйқастығы, әдемілігімен алға шығып кете алмаймыз. Оны сіз мойындайсыз, мен мойындаймын. Балаңыз мойындамайды. «Ой, атамыз болтун екен», – дейді. «Айта береді», – дейді. Болды. Біз немен мақтанамыз?! Қазір сұрасаң: «Ойбай, Шыңғысхан қазақ екен, ойбай, Адам ата қазақ екен, ойбай, Иса пайғамбар қазақ екен» дейді. Бұл нені білдіреді?! Бұл біздің ұлттың әлі дамып жетіспегендігін білдіреді. Бала деңгейінде екенін білдіреді. Бұл – провинциализм. Өйткені бүгін мақтанатын ештеңесі жоқ, сондықтан өткенімен мақтанады. Сіз өткенмен мақтанбаңыз. Сіз бүгінмен мақтаныңыз. Иса пайғамбар – еврей, Ассирия тайпасының бір тілінде сөйлегенін жұрттың бәрі біледі. Болды! Қазаққа «Боратсың» десе, намысы келеді. Шындығында осындай санамен қайда барамыз? Себебі біз Бораттың тірлігін қайталап отырмыз. Міне, осыған жұрт назар аударсын. Қазақ тек ақындық өнермен озамын деуі – бос сөз. Ақындық қазақтан басқа ешкімге керек емес. Бұл «өлеңді таста» деген сөз емес. Ол «бүгінгі күннің кәсібін үйрен, жатпа, алға жылжы, позитив ізде» деген сөз». Кейбір жерлерін сәл ащылау айтқан демесек, осында шындықтан басқа не бар? Академик әңгімесінің басқа жағын қаузай бергенше, осы пікіріне неге құлақ аспаймыз? Әрине, кім-кімнің де әдебиет, ғылым туралы пікірі бар және ол басқаның ойынан шыға беруі шарт емес қой. Ал біз қайтеміз? Біз негізгі пікірді көлегейлеп, ойымыздан шықпаған пікірлерді теріп алып, соны астарын мың құбылтып, әңгіме ауанын басқа жаққа аударып, шындықты айтқан адамды құбыжық қылып көрсеткіміз келеді де тұрады. Нәтижеде ең негізігі мәселе жайына қалып, біреуді ретін тауып мұқатқанымызға риза болып, бұтқа толып отырамыз. Ал осыдан қандай пайда халыққа? «Математик неден қателесті?», – деп ғалымның сұхбатта айтқан пікірлерін талдаған белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы сөз арасында айтқан Асқар Жұмаділдаевтың субьективті пікірлерін негізге ала отырып, ол туралы өзінің пайымдарын білдірген екен. Бірнеше сайтқа қатар жарияланып, сенсацияқұмар қауымды оқығанша асықтырған мақалада не бар еді? «Қазақ тек ақындық өнермен озамын деуі – бос сөз» деген шамына тиген болса керек, математик ғалымның пікірлерін жіпке тізіп, бәрін терістейді. Мейлі, әркімнің-ақ пікір білдіруге хақы бар, бірақ ең негізгі сөзді дұрыс айтқан адамды, негізі мәселеге қатысы шамалы кейбір «әттеген-айларын» жіпке тізіп, халыққа, мемлекетке пайдасы бар істен жирендіруге бола ма? Т.Әбдікәкімұлы былай дейді: «технократия дегеніміз не? Ол – тәндік қажеттерімізді қанағаттандыру сапасын арттырудың, тұрмысымыздың (өміріміздің емес) салтанатын асырудың, затты затпен зерттеп-біліп, соның бәрін тағы да сол тәндік қажетімізге пайдаланудың, сауда жасап, баюдың тиімді амал-тәсілдері ғана. Руханият бас болмаған жерде, технократия – біздің концентратты ішер асымыз бен автоматты жатар төсегіміз және «цифрлы» әжетханамыз ғана болып қалады. Өйткені технократия бізге өлең жазып, ән шығарып бере алмайды, өнер тудыра алмайды, адамды ізгілікке баули алмайды, қайырымдылық жасап, мейірімділік көрсете алмайды, ұлттық болмысымызды сақтап қала алмайды. Өкінішке қарай, біздің елдегі экономикалық саясат пен білім-ғылым саласы сол сорлы «Технократия+Руханият» тандемінің сипатында жылжып бара жатыр. Басқаша айтсақ, «аттың басын арбаға қарата жегу» «дилеммасы». Ондайда, «ат артымен қозғалу керек, немесе арбаны алға итеру керек, әйтпесе арба атты сүйреу керек, немесе атты алға итеру керек». Нәтижесі – апат. Асқар бауырымыз да – соның бір белсенді «жаршысы». Мынаны оқыған сауаты кемдеу әрі заманның даму заңдылығын біле бермейтін былайғы жұрт «ойбай математик ғалым жұртты керкеткен жолды пайдалы дейді екен, білімін халықты құртуға жұмсап жүрген екен» деп ит көрген текекөзденіп шыға келмей ме? «Теке –тауда, ит – қырда» демекші, әлі жеткен технологиямыз жоқ, болмаған нәрсені күні бұрын аластап, айқай-шу шығара беретін болсақ, заманның дамуына қалай ілесеміз? Ендеше, Жұмаділдаевтің қазақи сананың дамымай жатқаны жайында айтқанының жаны бар болды ғой! Мәселенің байыбына бара білсек, жетпеген нәрсемізден жаман деп безуге дайын тұру – көп нәрсе көре қоймағанымыздың белгісі. Жасыратын несі бар, біздің халық нені болса да, қолданып көрмей жатып талқылауға әзір тұрады. Тіпті ондайдың жөнсіз екенін мың айтсаң да, құлағына қыстырмайтындар көп. Ендеше... Қазаққа бүгін өркениет көшінің соңында ілбіп жүру емес, сол өркениеттің ішіне кіріп, өзгені жарылқамаса да, өзіне қажетті нәрсені жасай білуге қол жеткізуі тиіс. Ол үшін бізге технологияның бар саласын игеру қажет, ал оны жасайтын технологтар керек екені айтпаса да түсінікті. Биылғы жыл мемлекетімізде «Жастар жылы» деп белгіленді. Дұрыс-ақ, тек бұл жылды жастарды құр мақтап-мадақтап, елдің көзіне түскендеріне шен беріп, шекпен жауып, арқадан қағумен өткізбей, табиғатынан жаңашыл келетін жас ұрпаққа дамудың жолын ашып, идеяларына іс жүзінде қолдау көрсетсек жарады. Сол жастарға артар сеніміміздің бірі – олардың мемлекетімізде технологияны дамытуға үлкен үлес қосуы. Егер олар осы үдеден шығып жатса, қазақтың қолы өз аузына жетіп, керегін сырттан іздемес еді.