Жаңалықтар

Қабсатор Омарұлы: Қазақстан бәріміздің арқа сүйер тірегіміз

ашық дереккөзі

Қабсатор Омарұлы: Қазақстан бәріміздің арқа сүйер тірегіміз

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы өкілі, саясаттанушы Қабсатор Омарұлымен арадағы әңгімеміз Баян-Өлгийдегі қазақтардың рухани жағдайы, арман-мүддесі тұрғысынан болды.

– Қабсатор Омарұлы, Моң­ғо­лияның қазақтар шоғырлана ор­на­­ласқан аймағы – Баян-Өлгий ай­ма­ғындағы қандастарымыздың ру­хани әлеуметтік жағдайы қалай? Жалпы, қанша қазақ өмір сүреді?

– Жалпы біздің есебіміз бойын­ша, Моңғолиядан 100 мыңдай қазақ атамекеніне қоныс аударды. Соның өзінде, 150 мыңдай қазақ өмір сүреді. Соның жүз мыңдайы Баян-Өлгий аймағын мекен етеді. Тағ­дырдың жазуымен шетке кеткен қазақ­тардың ішінде еш қиыншылық көр­меген, ұлттық тұрғыдан шетқақпай болмаған қазақтар – осы Моңғолия қазақтары деп айтылады. Ол – шындық. Соның арқасында, бұндағы қазақтар демографиялық тұрғыдан өсіп қана қойған жоқ, ұлттық бет-бейнесін, рухани келбетін сақтап қала алды. Қазіргі өркениет заманында жаһандану салдарынан қазақтың жақсы салт-дәстүрін, ықылым заманнан жалғасып келген өнерін, ибалылығы мен этикасын жоғалтып бара жатқан жағдайы бар. Қазақтың үйінің сән-салтанаты, түйелі көші, жайлауының өзі қан­дай еді. Қазақтың келіндерінің әдебі, үлкенді сыйлауы, т.б. толып жат­қан салт-дәстүрлерінің бәрі қазақ­тың бренді екен ғой. Сол брендті біршама сақтап қалған ел – Моңғолия қазақтары. Енді осы байлықты сақтап қалу мәселесі туындап отыр. Қазір шетелдік саяхатшылар осы Баян-Өлгийдегі жайлауларға, бүркітшілердің фестиваліне жиі келетін болды. Бірақ салт-дәстүрмен бірге рухани, мәдени өмір де өз арнасын табуы керек еді. Алайда өкінішке қарай, осы руханияттың жұтаң тартып тұрған жайы бар. Қазір ақындық өнерден өзге өнер қанатын кеңге жая алмай отыр. Мәселен, кезінде қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрінен кейінгі ұлт аспаптарынан құралған фоль­­клорлық ансамбль Баян-Өлги­й­де болған еді. Сондай-ақ, халық өне­рін дамыту мақсатында құрылған ша­ғын «Бозінген», «Мұрагер» деген ансамбльдер бар болатын. Қазір осының бәрі нарықтың жұ­мы­рына жұтылып кетті. Қазір баянөлгийліктердің рухани­ сұранысын қанағаттандырып отыр­ған күніне бір сағат эфирге шығатын Қазақ радиосы мен «Шұғыла» журналы және «Жаңа дәуір» деген газеттер. Оның өзінде бюджеттен қаржыландыру болмаған соң, кейде өз мерзімінде жарық көре алмай қалатын кездері де болады.

– Ал қазақ тілінің халі қалай?

– Соңғы кезде қазақ тілінен гө­рі моңғол тіліне жаппай ден қою­шы­лық байқалады. 2005 жылдан бастап, Қазақстанның жоғары оқу орындарына 250-300-ге дейін балалар келіп оқи бастаған еді. Қазір соның саны да күрт азайып, жүзге жетер-жетпес болып қалды. Қазір балалардың көбі Моңғолияның ішкі ЖОО-ларында білім алатын болды. Бұған әсер етіп отырған факторлар аз емес. Соның бірі, көші-қон про­цесінің азаюы, екіншісі, оқу ақысының қымбаттығы. Баян-Өлгий көлемінде қырықтан аса мектеп бар. Соның ішінде ресми түрде моңғол тілінде білім беретін мектеп біреу ғана. Алайда қазақ мектептерінің аты қазақ болғанымен, заты моң­ғолданып барады. Ондағы қазақ тілі мен әдебиеті сағаттарының өзі азайып кетті. Одан өзге пәндердің бәрі моңғол тілінде жүргізіледі. Оның үстіне, Моңғолияның жо­ғары оқу орындарына оқуға түсу үшін, қойылатын талап күшейді. ЖОО студенті атану үшін әуелі талапкерлер моңғол тілінен емтихан тапсырады. Оның ең төменгі балы – 400 ұпайдан төмен болмауы керек. Дәл осы талап қазақ мектебін бітірушілерді былай қойғанда, моңғолдардың өзіне қиын тиіп жатыр. Осы емтиханнан сүрінбей өткеннен кейін ғана, қабылдау емтиханын тапсыруға жолдама алады. Бұл талап қазақ балаларының қазақ тілінде білім алудан саналы түрде бас тартуына алып келуде.

– Моңғолиядағы ұлт­тық саясат қалай бағыт алуда? Ежелден тату-тәтті тұр­ған ел едіңіздер, бұрынғыдай ынты­мақ­тасып жүрсіздер ме?

– Жалпы мемлекеттік тұрғыдан ұстанып отырған саясатта мін жоқ. Бірақ жекелеген адамдардың оспадар қылығынан қазақтардың ұлттық намысына тиетін кейбір мәселе қылаң беруде. Оның ең бастысы, билікте отырған партия көсемдерінен бастау алады. Мәселен, 2012 жылғы Парламент сайлауынан кейін билікке демократиялық күштер келді. Содан кейін Баян-Өлгийдегі лауазымды орындарға, күштік құрылымдарға, ішкі істер органдарына басқа аймақтан моңғол ұлтының өкілдерін әкеліп тағайындады. Қазіргі президент Цахиагийн Элбегдорж Баян-Өлгий аймағына «Ұлы тауларды ұлықтау» деген Моңғол дәстүрі бойынша келіп, Бесбоғда тауына шықты. Сонда сөйлеген сөзінде ол: «Мына жердің негізгі халқы – урианхай, тува, дөрбеттер, яғни жоңғарлар, көшіп келген, кірме қазақтар тату тәтті өмір сүруде» деген еді. Осы «көшіп келген, кірме» деген сөз екі халықты бөлудің басы болды. Қазіргі президенттің саясатына қазақтар наразы. Оның негізгі лауазымды орындарға өзге ұлт өкілдерін тағайындауына қарсылықтарын білдіріп, кейбіреулерін ауыстыруға дейін жетті. Ел басшысы, президенті халқын осылай бөліп атағаннан кейін бұл осындағы қазақтардың көңіл күйіне кері әсер етуде. Тіпті, соңғы бірнеше ай көлемінде осында бірнеше әскери база әкеліп орнатты. Мен бұл мәселелерді тегіннен тегін айтып отырған жоқпын. Қазақстан өзінің жырақтағы бір отауының, қандастарының қысым көріп отырғандығы жайында білсін деп отырмын. Путин «Орыс қайда болса, біздің мүддеміз сонда» деп ашық мәлімдеме жасады. Қазақстан да бізді осылай қанатының астына алса деген үміттеміз. Біз ол жақта да қарап жатқан жоқпыз «Қазақ мүддесі» деген одақ құрып, қазақтың қазіргі көңіл күйін жоғары билікке дейін жеткіздік. Кейбір партиялар бұны қолдап та отыр. Мысалы, біздегі сот орындаушылар мекемесі деген бар ғой, соның бастығы моңғол адам келіп, мекеменің ішкі ережесіне «Бұл мекемеде қазақша сөйлеуге болмайды» деп жазып, іліп қойыпты. Ресми іс жиынның сыртында тұрмыстық тұрғыдан сөйлеуге тыйым салып отыр ғой. Соған қатты қарсылық көрсетіп жүріп, ол адамды орнынан кетірдік.

– Жалпы, моңғолдар түркі-моңғол­дардың бірге туғандығын мойындай ма?

– Батыс Моңғолия бұл туыстықты мойындамайды, мойындағысы да келмейді. Біз ғұн, сақ, көне түркі кезінен бергі тарихты тарата келіп, бір түбірден екендігімізді айтамыз. Мысалы, осыдан бір-екі жыл бұрын Моңғолия мемлекеттігінің 2200 жылдығын тойлады. Сонда олар өз тарихын сонау Мөде заманынан бастайды да, Көк түріктерге келгенде оны аттап кетеді. Атамайды. Жалпы, бір нәрсені айта кеткім келеді, Моңғолияның мемлекеттік саясатында түріктермен ортақ тарихынан бас тарту, қазақтарға қырын қарау секілді мәселе жоқ. Бұл билік басына келген жекелеген адамның ісі.

– Сонда, сіздіңше, қазақтарға қы­рын қарау ісі қай уақытқа дейін жалғасуы мүмкін?

– 2017 жылы билік жаңаруы мүмкін. Сайлау өтеді. Сол уақытпен бұл саясаттың да күні батады деген ой­дамыз. Қазір билікке талпынып жүрген және жеңіске жетеді деген толық сенімге ие партиялар бар.

– Атажұртқа көш мүлдем тоқта­ды ма?

– Көштің тоқтауына әсер еткен бірнеше фактор бар. Оның біреуі екі жылдан бері талқыланып жатқан «Халықтың көші-қоны туралы» заңның сөзбұйдаға түсуі. Екіншісі, екі ел арасындағы «Зейнетақы төлемдерін төлеу туралы» келісімнің 2013 жылы тоқтатылуы. Бұрынғы келісім бойынша Моңғолиядан келген адамдардың зейнетақысын Қазақстан төлеуді өз мойнына алған екен. Қазір осы келісім тоқтағаннан кейін, Моңғолияда жұмыс істеп, жұмысын Қазақстанда жалғастырғысы келген қазақтардың зейнетақысы мүлдем аз болайын деп тұр. Осы факторлардың себебінен бүгінде көш тоқтап тұр десе де болғандай. Мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Баян-Өлгийдегі бөлімшесінің бастығымын. Былтырға дейін бері маған хабарласып, көшуге ниет білдірушілердің саны көп еді. Сол зейнетақыға қатысты келісім-шарттар тоқтаған соң, көшем деушілер де сап тиылды. Біз осы зейнетақы мәселесі жайында Моңғолияның әлеуметтік қамсыздандыру министрлігіне хабар­ласып, олар оны қамсыздандыру бө­лімінде талқылап, хаттама енгізіпті. Онда бұл мәселені Қазақстанмен сөйлесу туралы айтылған екен. Бірақ былтырдан бергі дағдарыс ол мәселеге қайта айналып соғуға мүмкіндік бермей қалды.

– «Халықтың көші-қоны ту­ралы» Заң жобасы Мәжілістен өтіп Сенатқа кетті. Ондағы дау­ға айналған баптың бірі – келе­тін елінен сотталмағаны туралы анықтама әкелу. Ондай анық­таманы алу сіздерде қиын ба?

– Ол да оңай емес. Өйткені демократия заңдылығы бойынша, адамның бұрынғы өмірі оның келесі өміріне зиянын тигізбеуі тиіс. Ол адам тиісті жазасын өтеді, енді ол туралы анықтаманы берудің қажеті қанша делінеді.

– Баян-Өлгийдегі қазақтардың Қазақстаннан күтетіні бар ма? Көші-қоннан өзге.

– Жоғарыда айтып өткен саяси ахуал биліктің құлағына тисе деп ойлаймын. Бұл біздің арқа сүйер тірегіміздің бар екендігі. Қазақстан деген алып мемлекеттің қандастарын дала­ға тастамайтындығын сезін­ге­німіз. Екіншіден, кейбір дипло­ма­тиялық каналдар арқылы осы мәселені жылы ескертіп қойса деген ниет. Екіншіден, рухани тұрғыдан жұтаңдыққа ұшырап барамыз. Әдеби, ресми тілден қалып бара жатырмыз. Қазақстаннан таратылатын барлық телеарналарды көріп отырмыз. Дегенмен, оқығандағыдай ләззат ала алмайды екенсіз. Осы тұрғыдан кешенді шаралар жасалып, көмек қолын созса.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Есенгүл Кәпқызы