Буйвол өлсе, қойылар, сиыр өлсе, сойылар...

Буйвол өлсе, қойылар, сиыр өлсе, сойылар...

Буйвол өлсе, қойылар, сиыр өлсе, сойылар...
ашық дереккөзі
Өткен жылдың қараша айында Бостванадағы Ұлттық парк аумағында 400 буйвол Чобе өзеніне батып кеткен еді. Өзен Ботсвана мен Намибияның шекарасынан өтеді. Суға кетпес бұрын буйволдар Намибияның аумағында болған. Жорамалдарға қарағанда, жабайы өгіздер арыстандардың шабуылынан қашып жүріп суға батса керек. Бұл жаңалық лезде әлемге тарап кетті. Қазақ сайттарына да шықты. Әрине, ірі-ірі 400 буйволдың бір демде суға батып кеткені жүрегі бар адамның жанын ауыртады. Десек те, жердің арғы бетінде қырылған жабайы буйволдардың жоғын жоқтап жүргенде, елімізде ақшаға сатып алынып, әр өңірде қырылып жатқан асыл тұқымды ірі қараның жағдайын ұмытуға шақ қалыппыз. 2018 жылдың тамыз айында Ақтөбе облысы, Хромтау ауданының Қопа ауылында асыл тұқымды 124 сиыр қырылып қалды. Қырылған мал жергілікті жеке шаруа қожалығына тиесілі болған. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы абердин-ангус тұқымынан тарайтын сиырлар ескі ақмия шөбінен уланып қалғанын айтты. Тіпті, бұрынырақта шетелден әкелінген малдың төлі осы шөптен уланғаны да белгілі. Ал жалпы, Ақтөбе облысында 7 миллионға жуық ірі қара бар. Сондай-ақ, 2018 жылдың қазан айында Атырауда голландиялық голштин-фриз тұқымды сиырлары жаппай қырылды. Махамбет ауданының «Первомайский» ЖШС-індегі 1067 бас ірі қара малдың 178-і ауырып, оның бір бөлігі қырылып, екінші бөлігі сойылған.  Ал осыдан 4-5 жыл бұрын ақпан айында Арыс қаласына қарасты Байырқұм елді мекені маңындағы Сырдария өзенінің суы тасып, бір топ жылқының үйірімен қырылып қалғаны туралы жаңалық әлем тұрмақ, Қазақстанның солтүстігі, шығысы мен батысына жеткен жоқ. Сонымен қатар, 2017 жылы Қарағандыда 96 ірі қара аурудан қырылды. Одан бір жыл бұрын Батыс Қазақстан өңірінде бір аптаның ішінде 700 ірі қара қырылды. Оның 626-сы Ақтөбеде, 26-сы Қарағандыда, 16-сы Атырауда қырылған. 2015 жылы Қостанай облысының Амангелді және Жангелдин ауданындағы 134 мыңнан астам киіктің қырылғаны БАҚ беттерінде жарыса жазылғанымен, байғұс жануарлардың неден қырылғандығы сол күйі сұрақ күйінде қалды. Бұл тек ірі қара малдардың өлім көрсеткіші және түгел емес. Себебі ұсақ қара малдың, қой-ешкінің қырылғандығын есепке алмадық. Олар өлсе, жүздеп,  мыңдап өлетіні тағы анық. Ең бастысы, осыған жаны күйіп, шыр-пыр болып жүрген ешкімді көрмейміз. Тіпті, жауапты тұлғалардың бар екені, не жоқтығы белгісіз. Әйтеуір, бейшара жатқан бір жұртпыз. Көпшілігіміз «Буйвол өлсе қойылар, Сиыр өлсе, сойылар» деп әндетуден ары аспайтын сияқтымыз.