М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовтің «Қаза мен жаза» спектаклінің премьерасы өтті. Туынды авторы – Мемлекеттік сыйлықтың иегері Игорь Вовнянко. Драматургтің он жыл бұрын жазған киносценарийін қазақша тәржімалап, сахнаға лайықтаған – актер Омар Қиқым. Криминалдық драмадағы басты рөлдерді театр табалдырығын жаңа аттаған жастар сахналады. Бұл спекталь М.Әуезов театрының 89-маусымында көрерменге жол тартқан алтыншы премьера. Спектакльдің қоюшы режиссері Асанәлі Әшімов: «Қойылым М.Әуезов атындағы драма театрда көтерілген жаңа тақырып. Сахнада сирек қойылып жүрген және бүгінгі таңда ең өзекті қылмыстық драма жанрын қайта жандандыруға тырыстық. Сот процесі, криминалдық жағдай, қорғаушылардың іс-қимылы суреттеледі. Сценарий желісі әу баста фильм түсіруге лайықталып жазылған. Дегенмен біз оны сахнаға ыңғайлап, тың дүние жасап, көрермен талқысына салып отырмыз», – дейді. Әуелгі фильм сценарийі осыдан он жыл бұрынғы қазақ киносына әуесқой кинорежиссерлер легі келе бастаған тұста қызықты тақырып саналған қылмыстық оқиғаның желісін қуалай жазылған туынды екен. Спектакль бірден қылмыстық оқиға, кісі өлімімен басталып шиеленісті жағдайды, шегіністі баяндау тәсілімен тарқатады. Әрине, шытырман оқиғалы дей алмаймыз. Телеарналардағы көз көріп, құлақ естіп жүрген дағдылы қылмыстық оқиғалардың бірі. Олай дейтініміз қазақ қоғамы әкесіз өскен дәрменсіз қыздардың тағдырына, қорғансыз жандардың қылмыстық оқиғалардың, бақытсыздықтың құрбаны бола кететініне еті үйреніп, таңданбайтын хәлге жетті. Бұл − өмірдің шындығы. Алайда академиялық театрдың сахнасынан бұл жағдай өзгеше өріс табуы керек еді. Әрине, бұл біздің көрермен ретінде жасаған бір тұжырымымыз. Кісі өлімі болған сәттен кейін оқиға бірден сот залында өрбиді. Айыпталушы – анасы науқас, әкесіз өскен, ауылдан келіп дүниені дөңгелеткен бай отбасының күтушісі Әсел. Ол торға түскен торғайдай дәрменсіз, шарасыз хәлде, адам жүйкесін езгілеп, шыдамын тауысатын сот процесіндегі сұрақ-жауаптарға тап келеді. Спектакль сахнасында бірнеше мәрте қайталанып, ұзақтау көрсетілетін қойылымның осы тұсы көрерменді де жалықтырып жібергендей болды. Криминалдық драма болған соң, біз із кесушілердің қылмысты тексеруін, сотқа дейінгі тергеу азабын көреміз бе деп оқталып қалдық. Бірақ режиссер шешімі айыпты кейіпкерді сот залында ұстап, қылмыс куәгерлерінің өзара диалог, сұхбат құруымен ақиқат іздеуге кіріседі. Жүйкеге салмақ салатын сот ісіндегі жаттанды сөздерді қайталаған Дәулетқалиева рөліндегі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғазиза Әбдінәбиеваның сомдауындағы кейіпкер салмағын жеңілдетіп, көрерменді әзіл мен күлкіге қарық етті. Айта кету керек, Төреші рөліндегі Еркебұлан Дайыров өзгеше образды бұрынғы рөлдеріндей сәтті алып шықты. Сот төрешісін «Қаһарлы» санайтын көрермен бұл жолы тоғышар, өз ісіне жауапсыз, адам өміріне немқұрайлы қарайтын, адал міндетті пендешілікке айырбастайтын кейіпкерді көрді. Бұл Еркебұланның кейіпкерін терең зерттегендігін аңғартады. Бұдан бөлек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек Аралбай сомдаған Ораз, актриса Меруерт Омарбекованың Шапиғасы, Гүлшат Тұтованың Прокуроры, Шынар Асқарованың Сот хатшысы, актер Ғалым Оспановтың Қорғаушысы, үш қыздың рөлін ойнаған Ботагөз Жақыпбекова, Сая Құлымбетова, Наз Жекенова сынды әртістер де рөлдерін өз деңгейінен асыра жеткізді. Себебі киносценарийден драмалық спектакльге айналған шығарма кейіпкерлері театр сахнасында үздіксіз рөл ойнап келе жатқан актерлерге қойылымдағы бұндай рөлдер қиындық тудырмады. Әртістер рөлін ширақы, қанық ойнай білді. Ал бұл қойылымда үш актерді топтан бөліп жеке дара айтқымыз келіп отыр. Олар криминалдық драмадағы басты үш кейіпкерді сахналады. Спектакльдің оқиғасы да тікелей осыларға байланысты өрбиді. Оның бірі – Әртіс. Бұл театр табалдырығын жақында аттаған жас актер Ақберген Жұмабаевтың алғашқы басты рөлі екен. Спектакльдегі әртістің рөлі жас актерге оңай соқпағаны анық. Өйткені қойылымдағы өмірі трагедиямен аяқталатын рөл кейіпкері бірде ойнақы, бірде мұңлы, енді бірде ойлы кейіпте бірнеше образды қатар сахналады. Көрермен риза. Дауысы ашық, актерлік түр-тұлғасы келісті жас актер режиссердің сенімін ақтады деп білеміз. Ал екінші актер – бас кейіпкер Әсел рөлінде ойнаған Майра Әбсадықова. Жас актрисаның спектакльдегі алғашқы рөлі болғандықтан болар, қойылым барысында тосырқап, өзін еркін сезіне алмай біраз әуреге түсті. Премьераға дейінгі дайындықтардағы машығынан жаңыла қоймаса да, Майраның бар ойы «кейіпкер сөзін ұмытып қалмайын» деген қорқынышқа байланғандай сезілді. Спектальдегі кейіпкер, ауылдан келген бойжеткен қыздың бейнесінен актрисаның сахнада қобалжып, абдыраған балаңдығы басым түсті. Спектакльде бірге ойнайтын әртістердің әріптестік ықыласы Әсел рөліндегі кемшіліктерді көлегейлеп, көп сүріндірмей, тігісін жатқызып алып шықты. Бұл рөлдегі актрисаға қанағаттана алмаған көрерменнің көңілін екінші құрамда басты рөлді ойнайтын Ажарлым Бақытжанова басады деген сенімдеміз. Ажарлымды келер маусымда көрелік!