Қазақстанда дәрілік заттар таңбаланады

Қазақстанда дәрілік заттар таңбаланады

Қазақстанда дәрілік заттар таңбаланады
ашық дереккөзі
2019 жылы дәрілік заттарды таңбалау бойынша қанатқақты жұмыстар басталады. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Контрафактілік өнімдерден қорғау, бизнестің бәсекелестік жағдайларын теңестіру және көлеңкелі экономика көлемін қысқарту мақсатында тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Тері бұйымдарын таңбалау бойынша қанатқақты жоба жүргізілді. Оның оң нәтижелерін көріп отырмыз, яғни 250 мыңнан астам тері бұйымдары таңбаланған. Тері бұйымдарын декларациялайтын импорттаушылардың саны 40 пайызға өсті», - деді Ә. Смайылов. Оның сөзіне қарағанда, атқарылған шаралардың нәтижесінде табысты төмендетіп көрсететін салық төлеушілер анықталды. Патент негізінде қызметін жүзеге асыратын субъектілер саны 13 есеге қысқарды (247-ден 19-ға дейін).  Импорт бойынша кедендік баждар мен салықтар түсімдері 1,5 есеге өсті (372 млн теңгеден 516 млн теңгеге дейін). «2018 жылғы қазаңынан бастап темекі өнімдерін таңбалау бойынша қанатқақты шаралар басталды. Ағымдағы жылы дәрілік заттарды таңбалау бойынша қанатқақты жұмыстар басталады. Осы бағыттағы жұмыс «Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы» келісімді ратификациялау кезінде депутаттардың ескертулері мен ұсыныстарын қарай отырып, жалғасын табатын болады», - деді Әлихан Смайылов. Бұдан бұрын хабарланғандай, тауарларды таңбалау кезінде әлеуметтік маңыздағы өнімдер құны өспейді. Айта кетейік, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин таңбалауды енгізу дәрі-дәрмек бағасының өсуіне ықпал етпеуі керектігін атап өткен еді.