Атырауда жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтің шығармашылығына арналған Халықаралық театрлар фестивалінен М.Әуезов театры Бас жүлдемен оралды, деп хабарлайды театрдың Баспасөз қызметі.
Фестивальде театр ұжымы автордың «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасын сахналады. Сонымен бірге, еліміздің әр өңірінен және Моңғолия мен Қырғызстан театрларынан жалпы алғанда он екі театр қатысты. Театрымыздың көркемдік жетекшісі, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасында: Қазақстанның Халық артисі Есмұхан Обаев, жазушы, аудармашы, «Художественная литература» баспа үйінің бас директоры Георгий Пряхин, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Пусурман Удоркараев, Моңғолия Республикасындағы қазақ қауымының жетекшісі, Моңғолия жерінде қазақ тілінде шығатын «Шұғыла» журналының бас редакторы, ақын Сұраған Рахметұлы төрағалық етті.
Нәтижесінде, Атырау облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан: «Халықаралық театр фестиваліміздің негізгі айыпкері, бас кейіпкері Рахымжан ағам Отарбаевтің шығармашылығына арналған фестиваліміздің Бас жүлдесімен Әкемтеатр аталып кеткен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры марапатталады», – деп Бас жүлдені театрымыздың директоры Ерлан Біләлге салтанатты түрде табыстады.
Театр директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл: «Аяулы көрермендер, біз, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Атырау қаласына әрдайым ат басын тіреп, гострольдік сапарлармен және фестивальдермен келгенде, ыстық ықыластарыңызға бөленіп, Ақжайықтың сұлулығын, әдемілігі мен әспетін қашанда арқалап кетіп жүрдік. Міне, бүгінде бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз мен баянды байланыстарымыз Р.Отарбаев атындағы Халықаралық фестивальде айғағын тауып отыр. Әкемтеатрдың атынан Атырауда кіндік қаны тамған абзал ұлдарыңыз Р.Отарбаев сынды ардақтыларыңызды хан көтеріп, жақсылық жасағандарыңыз үшін бүгінгі Атырау облысының әкімдігі мен бүкіл ел-жұртқа алғысымызды айтқымыз келеді. Р.Отарбаев арқылы Атырау халқы жалпы театр әлеміне деген сүйіспеншілігінің шексіз, қашанда өнерлі жер, қасиетті мекен екенін бүгінгі күн тағы бір мәрте дәлелдеді. Сондықтан осындай бағытымыз баянды, Қазақ елі, Елбасымыз, халқымыз аман болсын!» дей отырып, Ақжайықтың еліне игі-тілектерін арнады.