Қазақстандық мүсінші «Тараз – ғасыр айнасы» атты этнопарк құруды ұсынды

Қазақстандық мүсінші «Тараз – ғасыр айнасы» атты этнопарк құруды ұсынды

Қазақстандық мүсінші «Тараз – ғасыр айнасы» атты этнопарк құруды ұсынды
ашық дереккөзі
ҚР суретшілер одағының мүшесі, әрі мүсінші Айдархан Сихаев «Тараз – ғасыр айнасы» атты ашық аспан астындағы үлкен этнопарк құруды ұсынып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Автор онда өткен тарихымыздан сыр шертетін 90-нан астам тақырыптық алып мүсін мен биіктігі 100 метр махаббат мұнарасын соғуды көздейді. Бұл «Елбасының ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу жайлы сөзінен туындап, суретшіге шығармашылық шабыт сыйлаған. Әріптестері Тараздың Микеланджелосы атап кеткен Айдархан Сихаев – 200-ден аса картина мен бірнеше мүсіннің авторы. 40 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаз қазақтың өшпес махаббатына айналған Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың ескерткішін 5 метр етіп қашап жасаған. Бұдан бөлек, Қыз Жібек пен Төлегеннің де мүсіндік бейнесі – суретшінің төл туындысы. «Біздің Тараздың Микеланджелосы деймін. Себебі бұл кісі тек суретші ғана емес, тғы мүсінші. Ал мүсінге келетін болсақ, алдарыңызда тұрған Қозы көрпеш пен Баян сұлудың мүсіні сөз жоқ, керемет», − деді өнертанушы Тұралы Мүсрепбеков. Тараз – талай тарихи оқиғалардың куәсі. Киелі жерге ашық аспан астындағы этнопарк соғу – суретшінің арманы. Жоба іске асса, бір жарым шақырым жерге биіктігі 100 метр махаббат мұнарасы, 90-нан аса тақырыптық алып мүсіндер мен ақ қанат киіз үйлер орнатылатын болады. Ол үшін эскизі мен жобалық құжаттары да дайын. «Қасиетті жердің ерекшелігін бағамдап, әлемдік тарихтың тоғысқан жері ретінде этнопаркте жүз шақты мүсін соғылса, нұр үстіне нұр. Тек қолдау мен қаражат керек», − деді мүсінші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Айдархан Сихаев. Туған жерін түлетуге үлес қосып жүрген азаматтың туындылары әзірге Сарысу мен Байзақ аудандарында тұр. Ал этнопарк құру идеясына жергілікті билік қолдау білдірсе, болашақта Таразға талай туристің ағылары анық.